ҚР ЕХӘҚМ
Елімізде бүгіннен бастап «Баланы қабылдайтын кәсіби отбасылар туралы» ереже күшіне енді, деп хабарлайды 24KZ. Заңның мәні енді жетім немесе қамқоршысыз қалған балалар жетімдер үйіне жіберілмей, бірден қабылдаушы отбасыларға беріледі. Ал бұл жанұялар балаға қамқор болуға алдын ала таңдалып, кәсіби дайындықтан өткен.
Бұл заң арқылы халқымыз «жетімін жылатпаған ел» екенімізді еске түсіріп, ізгілікті дүниені іс жүзінде дәлелдей алатын сияқты.
Иә, расымен де елімізде бұрын болмаған жаңа институт, жетім балаларды тәрбиелеудің жаңа қосымша құралы енгізіліп отыр. Ол «Кәсіби қабылдаушы отбасы» деп аталады. Заң былтыр әзірленіп, 29 желтоқсанда Мемлекет басшысы қол қойған. Әзірлеуші тарап бұл нормалар жетімдер үйінің санын азайтып, балаларды түрлі психологиялық соққы алудан қорғау мақсатында жасалғанын жеткізді. Мәселен, қазіргі уақытта қамқоршылық органдары үміткерлерді іріктеу және даярлау жұмыстарын қызу бастап та кеткен.
Мадина Бисембаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз хатшысы:
- Кандидаттарды тағайындау туралы шешімді қамқоршылық органдары қабылдайды. Бұл шешім ұсынылған құжаттардың толықтығы мен заң талаптарына сәйкес қабылданады. Қабылдаушы кәсіби тәрбиешілер әр бала үшін ай сайын жәрдемақы және көрсеткен қызметі үшін қосымша төлем қарастырылған.
Енді төлемдер және елімізде қамқоршысыз қалған қанша бала бар? Оқу-ағарту министрлігі Балалар құқықтарын қорғау комитеті берген ақпаратқа сай бала қабылдаған отбасыларға ай сайын 275 мың теңге көлемінде жалақы төленеді. Сондай-ақ бүгінде елімізде 20 мыңнан астам жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала бар. Олардың 15 400-і түрлі отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. Шамамен мың жарым бала патронаттық тәрбиеде болса, 280-ге жуығы қабылдаушы отбасылардың қарауында. Ал білім, медицина және әлеуметтік қорғау саласындағы мекемелерде 3 мыңнан астам бала тәрбиеленіп келеді. Жетім балаларды тәрбиелеудің осы төрт баламалы нысанына 1 шілдеден бастап, сөз басында айтып өткеніміздей, жаңа үлгі — кәсіби қабылдаушы отбасы жүйесі қосылып отыр.
Бұл отбасы арнайы үш айлық психологиялық даярлық курсынан өтуі қажет.
Сонымен қатар кәсіби қабылдаушы отбасыларды іріктеуде бірінші кезекте жас ерекшелігіне мән беріледі. Олардың соттылығы болмауы, арнайы есепте тұрмауы, денсаулығынан ешқандай кінәрат табылмауы шарт. Айтпақшы, қабылдайтын отбасындағы бала саны да ескеріледі. Мәселен, өздерінің 4 баласы болса, жетім бүлдіршін немесе жеткіншекті қабылдай алмайды. Сәйкесінше 3 балалы болса, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 1 баланы тәрбиелей алады. Отбасында бала болмаса, бір уақытта 4 балаға дейін қабылдауына рұқсат. Қорыта айтқанда, бұл да мемлекет тарапынан бала құқығын, оның мүддесін қорғау бағытында жасалып жатқан қадамдардың бірі.
Бала құқығын қорғайтын заңнамалық шаралар күшіне енді
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бізде осы балалардың құқығын қорғауға байланысты кешенді заңнамалық жүйелі шаралар қабылданды. Сондай-ақ ол балалардың құқығын қорғаудағы Мемлекет басшысы айтып өткен мзғымас ұстанымдардың, мемлекеттің негізгі басым бағыттарының бірі. Жүзеге асырылып жатқан шаралардың басым көпшілігі, әлеуметтік саясаттың басым көпшілігі балалардың қауіпсіздгін сақтауға, сонымен қатар балалардың құқығын қорғауға арналды.