Еліміздегі ең үздік туристік ауылдың инфрақұрылымы жаңартыла бастады.
Жетісу облысының Алакөл ауданына қарасты Лепсі елді мекенінде ауыз су жүйесі тартылып жатыр. Құрылысқа 3 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Мердігер екі жылға жоспарланған жұмысты биыл бітіреміз деп отыр.
Динара Кәрімова жүз жыл бұрын тұрғызылған үйін туристерге жалға береді. Тынығушыларға қолайлы жағдай жасау үшін ол тіршілік нәрін тасып, бөшкеге толтырып қояды. Осылайша ауызсу жүйесінің жоқтығына қарамастан амалдап ауыл туризімін дамытуға үлес қосып отыр.
Динара Кәрімова, Лепсі ауылының тұрғыны:
- Алдыңкүні де туристер келді. Су жоқ болғандықтан қалай су жоқ? Душ жоқ деп, наразылық білдіреді. Ал енді көшелермен су құбырын жүргізіліп жатыр. Енді жуынып шайынатын, соның бәрін жасап жатырмын. Мына жерге септик қазып қойдым. Осы жерге кіргізіп осы жерге жасаймын. Енді су келсе бәрі жақсы болады.
Лепсіге ауыз су құбыры өткен ғасырда тартылған. Содан бері әбден ескіріп, екі көшедегіден басқасының бәрі жарамсыз күйге түскен. Тозығы жеткен жүйе бір жарым ай бұрын жаңартыла басталды. Мердігер екі ұңғыма қазып, ауыл ішіндегі жұмыстың 50 пайыздан астамын аяқтады.
Оралбай Досбайұлы, мердігер мекеме өкілі:
- Ауылды төрт бөлікке бөліп қойдық та ауылдың төрт бригада Алматыдан келген сапа құрылыстың мамандары жұмыс істеп жатыр. 15 техникамыз бар 35 адам жұмыс істеп жатыр. Қазір тағы да домпольинтельно 20 шақты адам келіп қалады.
Тау етегіндегі елді мекенге былтыр 2500-ден аса адам келді. Олар Жетісудың тұмса табиғатын тамашалап, көне тарихымен танысты. Еліміздің «Ең үздік туристік ауылында» биыл бірнеше инфроқұрылымдық жоба жүзеге асырылады.
Дінмұхамед Бұйраханов, Лепсі ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы:
- Туризмді дамыту үшін Төңкеріс ауылынан Лепсі ауылына дейін 30 шақырым жол жөнделіп жатыр. Және ауылымыздағы екі жол орташа жөндеуден өтеді. Сонымен қатар ауылымызға парк салынғалы жатыр және биылдыққа спорт кешенін аяқтау жоспарлануда. Бұл туризмнің дамуына ықпал етеді.
Жетісу облысында 356 елді мекен бар. Саладағылар жыл соңына дейін сапалы ауыз су тұтынатын ауылдар санын 331-ге жеткізіп, көрсеткішті 92 пайыздан асыруды жоспарлап отыр.
Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев