Наурыз мерекесінің бір шарты – ұстаз тәліміне, өнегесіне құрмет болу керек деп ойлаймыз . Ұлт салт-дәстүрі, жаңарудың пәлсапасы осыны талап етеді.
Адам өмірінде ата-анадан кейінгі орны бөлек жан – ұстаз бен тәлімгер. Уақыт өткен сайын олардың тұлғасы биіктей түсетіні белгілі. Алғашқы ұстазымыздан бастап, кәсіби өмір баспалдағына жетелеген білікті оқытушыларымызға дейін санамызда, жүрегімізде жатталған. Сондай қадірлі тұлғаның бірі әрі бірегейі – тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы.
Алғаш студент атанып, Қарағанды университетінің табалдырығын аттағаннан мазмұнды ғылыми дәрісін тыңдап, тұлғалық тәрбиесін алған шәкірттерінің ішінде біз де бармыз. Бүгін сексеннің сеңгіріне сергек келген көрнекті ұстаз, ғалым, қоғам қайраткері Әбекең туралы айтар ой-пікіріміз аз емес.
Ұстаз – білімнің шамшырағы, ғалым – ғылым мен жаңалықтың жаршысы, ал қоғамның қайраткері – туған елінің жанашыры. Ал енді осы мәртебені кәсіби тарихшы иеленсе, халық тынысы ашылады. Мемлекет басшысының таяуда Көкшетауда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан мына қағидатты сөзіне Аманжол Күзембайұлының өмірлік ұстанымы толық сәйкеседі: «Біз төл тарихымызға көкжиегі кең, тамыры терең өркениеттік көзқараспен қарауымыз керек. Бұл – өте маңызды. Сонда ғана халқымыздың өткеніне, бүгіні мен болашағына мүлде жаңа көзқарас пайда болады».
Әбекең соғыс біткен жылы Қостанай облысының Мендіғара ауданы Ұзынағаш ауылында дүниеге келіпті. Майлыағаш жеті жылдық мектебінде, Қостанайдағы Ы.Алтынсарин атындағы мектепте оқыпты.1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түсіп, кәсіби жоғары білім алған ол еңбек жолын Қарағанды мемлекеттік педагогика институтынан бастаған. 70-жылдардың басында Қазақ мемлекеттік университетінде кандидаттық диссертациясын қорғаған.
Әбекең әуелден-ақ университеттің жұмысына белсене араласып, оқу-әдістемелік жаңа технологияларды еркін игереді. Кешікпей оқу-әдістемелік басқарма басшысы қызметіне тағайындалады. Бұл салада университеттің кітапханасын қажетті оқулықтармен, оқу құралдарымен, монографиялық еңбектермен толықтыруға баса көңіл бөледі.
1987 жылы жариялаған «Қазақстан ежелгі дәуірде» атты оқу құралы тарихшылар арасында үлкен сұранысқа ие болды. Қазақстан Респуликасы Ұлттық ғылым академиясы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бұл еңбекке жоғары баға беріп, ол 10 рет қайта басылып шықты. 1993 жылы осы институттағы докторлық кеңесте «Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ тарихына жаңа тұжырымдама негізінде қайта қарау» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады.
Ұстаз-ғалым қазақ тарихын жоғары мектепте ғана емес, орта білім беретін мектептерде, тіпті балалалар оқыту қажеттігін көтеріп, сол кезде партия комитетінің хатшысы, көрнекті қайраткер Өзбекәлі Жәнібековке ұсыныс хат жолдайды. Кешікпей министрліктен орта мектептерге арналған қазақ тарихы пәні үшін оқу бағдарламасын жасау жөнінде тапсырма алады. Әбекең жасаған баламалы бағдарлама сол кездегі республиканың орта мектептерінде қазақ тарихын оқытуға зор көмегі тиеді.
Аманжол Күзембайұлы еліміздің солтүстік, орталық, батыс өңірлерінде (Қостанай, Көкшетау, Торғай, Қарағанды Жезқазған облыстарында) тарих пәні мұғалімдерін қайта даярлау және жетілдіру ісіне белсене атсалысты. Өзімен бірге кафедрада істейтін оқытушыларымен бірігіп орта мектеп мұғалімдері үшін «Тіректі конспект» деп аталатын оқу-әдістемелік материалдар жинағын даярлап, қолданысқа енгізді.
Ұлы ойшыл Әбунасыр әл-Фараби: «Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері зор, тілек-мақсаты ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт» дейді. 1978 жылы Әбекең ҚарМУ Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, кейін меңгерушісі болды. Бұл жылдары Әбекең университетте археология-этнография мұражайын ұйымдастырды. Археологиялық жұмыстардың жетекшісі ретінде алғашқылардың бірі болып келісімшарт негізінде жүргізуді жолға қойды. 1984 жылдан бастап бірнеше этнографиялық экспедиция ұйымдастырды. Осының негізінде «Қарағанды тарих мектебі» атты жас ғалымдар тобы қалыптасты. Бүгінде сол топтан шыққан шәкірттері еліміздің түкпір-түкпіріндегі қызмет істейді.
Әбекеңнің білім мен ғылымды ықпалдастықта дамыту жолындағы ұйымдастырушылық іс-қызметі де ерекше. 1993 жылдың Қостанай ауыл шаруашылығы институы басшылығының шақыруымен осында Қазақстан тарихы кафедрасын ұйымдастырды. 1998 жылы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің заң факультетінің деканы болып тағайындалды. Сондай-ақ Қазақ мемлекеттік заң академиясы Солтүстік Қазақстан филиалының директоры қызметін қоса атқарды. 2001 жылы Мемлекеттік қызмет институты филиалы көшіп келгенде, Аманжол Күзембайұлы осы оқу орнына бас проректор болып тағайындалды. 2004 жылдың ақпанында ол жекеменшік Қостанай аумақтық тарихи-зерттеулер институтын ұйымдастырды.
Әбекең Отан тарихы ғылымын дамыту жұмыстарын үнемі жүргізіп келеді. Ол 80-90 жылдары-ақ ұлттық тарихын кеңестік идеология ықпалынан шығару, шынайы және обьективті зерттеу бастамасының алдыңғы қатарында болды. Профессор Аманжол Күзембайұлы ұлт тарихы ғылыми мектебінің қалыптасып-дамуына қомақты үлесін қосты. Оның қаламынан туған ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектің саны 500-ден асты. Оның ішінде 56 монография, оқулық, оқу құралы бар. ЖОО-ға арналған «Қазақстан тарихы» еңбегі 1992 жылдан бері 50 мың данамен 10 рет баспадан шықты. Сонымен қатар ғалым 14 ғылым докторы мен кандидатын даярлап шығарды. Өзі де, шәкірттері де кеуде қақпай, мақтанбай еңбек етіп жүр.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі Аманжол Күзембайұлын азамат, тарихшы ретінде ширата түсті. Ол көп мінберден ұлттың теңдігі мен құқын майдан қыл суырғандай айта алды. Отаншыл рухтағы азаматтарға ел тарихын, мәдениетін орайымен жеткізе алды. Әбекең монографияларында, оқулықтар мен оқу құралдарында тарихтың өзекті мәселелерін қозғаумен бірге жалған тарихшылармен ымырасыз күресе білді.
Аманжол Күзембайұлы ізденімпаздығы, біліктілігі, еңбекқорлығы арқасында екі мәрте «Үздік оқытушы» грантын жеңіп алды. «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, А.Байтұрсынұлы атындағы алтын медальмен марапатталған. 2015 жылы Қостанайдың «Жыл адамы» атағын иеленіп, 2017 жылы «Қазына» меценаттар сыйлығын алды.
Әбекең 2004 жылдан Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында профессор болып қызмет істейді. Тобыл бойындағы шаһардың сыйлы ақсақалы. Жас және орта буын педагогтердің, өлкетанушылардың қадірлі ұстазы. Ардагерлер кеңесінің сыйлы да беделді мүшесі.
Бірде Аманжол Күзембайұлымен Астанадағы ғылыми конференцияда шүйіркелесіп қалдық. Әңгіме ғылымның қазіргі жағдайы мен жастардың ізденісі мен күрделі мәселесі жөнінде өрбіді. Сонда ұстазымыз: «Шығыста «Адам ғылымнан гөрі тәрбиеге көп мұқтаж» деген даналық бар. Мұның қазіргі мағынасы – жастарды ғылымға тарту үшін де оларға дұрыс тәлім беруіміз қажет. Абай орыс тілі арқылы тәржімелеген Гете «Кімде ғылым мықты болса, жадағай наным-сенім айдалада қалады» депті. Әне, біз осыны ескерсек қой!» деді.
Парасат биігіндегі Әбекеңмен сұхбаттас болу – бір бақыт. Мұны Қарағандының, Қызылжардың, Қостанайдың зиялылары жақсы біледі. Ғалымның ұстаздық, қайраткерлік, адамшылық тәжірибесі, ұстанымы – жасқа да, жасамысқа да өнеге.
Сатай Сыздықов,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Ортағасырлық деректану орталығының директоры