Абай Құнанбайұлының рухани мұрасы мен шығармашылығы әлемдік деңгейде кеңінен насихатталмақ. Енді Абай атындағы орталықтар әлемдегі Гете, Конфуций, Юнус Емре институттары секілді толыққанды мәдени-ағарту мекемелеріне айналады. Бұл бастама арқылы қазақ мәдениеті шетелде кеңінен насихатталмақ. Қазіргі таңда бірқатар елде ашылған Абай үйлері бұл үрдісті кеңейтуді көздейді. Президенттің арнайы тапсырмасымен осындай ошақтар халықаралық деңгейде білім мен мәдениет тарату алаңына айналмақ. Сонымен қатар бұл бастама қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орайластырылып отыр.
Абай – түркінің алып тұлғасы. Анадолы жұрты Ұлы ақынымызды осылай құрметтейді. Сондықтан болар, Түркияның бірқатар қаласына аяқ бассаңыз, Абай даңғылы, саябағы мен көшелерін кездестіресіз. Тіпті Абай атындағы мектеп те бар. Анкара, Ыстанбұл, Алания, Чорум мен Трабзон секілді провинцияларда қазақтың ұлы тұлғасының ескерткіші бой көтерген. Ағартушының еңбектерінің дені түрік тіліне тәржімаланған. Кейбірінің екінші және үшінші басылымдары шығып үлгерді. Абайдың шығармалары мен философия жайлы ғылыми-зерттеу жұмыстары да баршылық. Бастысы Ыстанбұл, Анталия, Алания және Кония секілді қалаларындағы қазақ диаспорасы қауымдастығы ғимараттарында «Абай үйі» бар.
Ертолқын Гайретуллах, Түркиядағы «Қазақ елі» журналының шеф-редакторы:
- Түркияда қазақ диаспорасы президенттің Абай институтын ашу жөніндегі ұсынысын құптайды. Бұл бастама біздің мәдениетімізді шетелде насихаттауға үлкен мүмкіндік береді. Түркияға осыдан 70 жыл бұрын көшіп келген қазақтар үшін бұл орталық Абайдың рухани мұрасын, қазақ тілін, әдебиетін және мәдениетін тереңірек танытуға ықпал етеді.
Ал бұл Джордж Вашингтон университетінің Халықаралық қатынастар бағытындағы Элиотт мектебі. Әлем мәдениеті мен тарихына бойлаған білім ордасындағы қазақтың бай мұрасын Абай орталығынан табасыз. 2020 жылдан бері осындай арнайы бұрыш ретінде және Abai center сайты арқылы виртуалды форматта ақпарат ұсынып келеді. Қазақстан мен Орталық Азияға қызыққан студенттер осында арнайы келіп зерттеу жұмыстарымен айналысады. Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінің қолдауымен университет қабырғасында түрлі іс-шаралар өткізеді және заманауи форматтағы контентті ағылшын тілінде жариялап отырады.
Айтолқын Құрманова, Abai center продюсері:
- Біздің сайтта қазақ музыкасы мен әдебиетіне деген қызығушылық жоғары. Соған орай дәстүрлі ән-күйімізді, ұлттық аспаптарымызды, ХХ ғасырдағы әдеби шығармаларды ағылшын тілінде талқылап, аудиоподкасттар мен видеосұхбаттар түсіріп тұрамыз. Оларды барлық электронды платформалардан тыңдауға болады. Сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азияны зерттейтін сарапшылармен де жиі сұхбаттасып тұрамыз. Қаралым мен тыңдалым саны жақсы.
Татарстан астанасы Қазан қаласында Абай атындағы қазақ тілі мен мәдениеті орталығы жұмыс істейді. Қазақ мәдениетін насихаттаумен айналысып, қазақ тілін үйренуге ниет білдіргендер үшін курстар ұйымдастырады. Сондай-ақ қазақ әдебиеті мен тілін насихаттайтын түрлі іс-шаралар өткізеді. Қазан Федералды университеті мен Евразия ұлттық университетінің ынтымақтастығы арқасында ғылыми орталықтың жұмысы жолға қойылған. Қазіргі таңда қазақ әдебиеті мен фольклоры татар тіліне белсенді түрде аударылып жатыр, бұл екі туыс халықтың мәдениеттерінің жақындасуына ықпал етеді.
Альфия Юсупова, Қ. Насыри атындағы институт директоры:
- Қазақ тілін үйренуге ынталы адамдар табылады. Өйткені қазақ тілі түркі тілі ретінде татарларға қызық. Әсіресе магистранттар үшін. Себебі бізде түркі тілдерін оқытатын түркология бағдарламасы бар. Ал біз, мысалы, татар, түрік тілдерінен бөлек, қазақ тілін де үйренсек, жұмыс істеу жеңілдеп, ғылыми еңбектер жазуға да ыңғайлы болар еді.
Ал Парижде Қазақстанның Франциядағы Елшілігі жанында Абай атындағы қазақ мәдени орталығы жұмыс істейді. 2017 жылы ашылған. Сабақтар сенбі және жексенбі күндері өткізіледі. Орталықта ересектер мен балалар қазақ тілін үйрену, домбыра аспабында ойнау секілді тегін курстарға қатыса алады. Бұл жерде кітапхана да бар. Абай орталығы Париждегі жоғары оқу орындарының студенттерін Қазақстанның мәдениеті мен тарихи мұрасымен танысуға арналған іс-шараларына үнемі шақырып тұрады. Сондай-ақ Қазақстанның туристік әлеуетін насихаттау жұмыстарын жүргізеді.
Баян Жанбауова, Абай атындағы қазақ мәдени орталығының жетекшісі:
- Біздің орталығымыз екі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі диаспорадағы жас ұрпақ үшін. Біз оларға халқымыздың дәстүрлерін, мәдениеті мен тілін үйретуге тырысамыз, олар өздерінің түп-тамырын ұмытпай, халқымыздың құндылықтарын құрметтеп өссін деген мақсат қойып отырмыз. Екінші бағыт – француз халқын қазақ мәдениетімен және Қазақстанның туристік әлеуетімен таныстыру.
Президенттің тапсырмасына сәйкес Абай институттарының жаңа орталықтары алдымен қазақ диаспорасы көп шоғырланған және Қазақстанмен тығыз мәдени байланысы бар елдерде ашылады. Қазірдің өзінде Қытай, Түркия, Моңғолия және басқа да мемлекеттерде осындай орталықтар құру жоспарланып отыр. Шетелдерде Абай институттарын құру – еліміздің мәдени-рухани дамуындағы маңызды қадам әрі әлемдік қауымдастықпен байланысын тереңдетудің тиімді жолы.
Авторлары: Меруерт Қанағат, Ердана Ержан, Дана Нұржан, Әлия Сыздықова