Current Date: 30-03-2025

Ақын Қарлыға Бахтиярқызы: Өлең қатты қайғырған кезде туады

Бір үйде екі ақынның болуы қалай болады? Ақындық өнер қанмен беріле ме әлде табиғаттан дари ма? Еліміздегі ауыз әдебиеті мен сөз өнернің даумы қандай деңгейде? Осы және өзге де сұрақтарға ақын, асаба, сценарист әрі марқұм Құрманай Бахтиярқызының туған сіңлісі Қарлыға Бахтиярқызы жауап береді.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Бір үйде екі ақын болдыңыздар. Ақындық өнер кімнен дарыған?

— Анамыз шешендеп сөйлеген, мақалдатып сөйлеген. Не сөйлесе де, не айтса да мақалмен, әдемі етіп адамдарға жеткізген. Адамның бетіне айтпаған, астарлап сөйлегенде анашымыз көптің көзіне түскен. Анамның абысындары анамызды «шешен келін, мақал келін» дейді. Әкеміз болса баритонды дауысы бар. Құрманай екеуміздің де дауысымыздың келетіні содан. Әкеміз кішкентайынан елдің алдына шығып, ақын болмаса да көпшіліктің жанында жүріп туған күн болсын, басқа жиындар болсын өзі басқарып жүретін болған. Әпкем Құрманай Бахтиярқызы да сондай болды. Әпкеме ақындық 8 сынынбынан бастап келген. Пандемия кезінде екеуміз бірге отырып көптеген адамдар қайтыс болған кезде жұбаныш таба алмай, Құрманай Бахтиряқызына жазып, «көмектесіңізші, ішкі күйігімізді сөндіре алмай жатырмыз. Өйткені, кішкентайынан кетті. 7-14 жастарында кетті» деп жазып жатты. Сол кезде біз Құрманай екеуміз өлеңді жазған кезде Құрманай әпкеме қарап отырып мен де ұйқастырып жазып кеткенімде «Машаллах, Қарлыға сенде де бар ғой. Сен тек қолға алмағансың ғой» деп ұйқастарды үйретіп, менің де ақындықты үйреніп кеткеніме 4 жылдан асыпты. Ақындықты мен үйренгенмін. Менің өзімнің қолөнерім бар, Қастеев колледжінде суретші мамандығын бітіргенмін. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында қолданбалы қолөнер мамандығын бітіргенмін. Мен өзім дизайнермін. 2010-2011 жылдары «Қазына» атты көрме ұйымдастырып, Шымкенттегі ең бірінші, ең мықты дизайнерлердің бірі болдым. Тұрмысқа шыққаннан кейін дизайнерлік жұмысым қалып қойды. Оны енді, енді қайта жандандырып жатырмын. Бір үйде екі ақын болды деп айтуым қиын. Өйткені, осы уақытқа дейін біздің үйде тек қана бір ақын болды. Ол әрине әпкем, Құрманай Бахтиярқызы. Ал қазір оның керемет ақындығы маған қонғандай. Мен өлең шығарған кезде көптің көңілінен шығып жатыр.

Жаныңызға қандай жанр жақын? Жырларыңыз өміріңізбен қаншалықты үйлеседі?

— Ол тапсырыс беруші әншінің талабына байланысты болып жатады. Қызға деген махаббат немесе құрбысы ұзатылып жатқан кезде соған арнап өлеңдер тапсырып жатады. Маған қалай тапсырыс келеді, соған сай, сол жанрда өлеңді шығарып беремін. Мен жанр таңдап немесе ыңылдап өлең шығарған адам емеспін. Тек қана тапсырыс бойынша қандай өлең шығару келеді, солай өлеңді шығарып беремін.

Өзіңіз сүйіп оқитын, туындыларын рухани серігіңізге байлайтын қандай қаламгерлерді атар едіңіз?

— Менің ақынға деген махаббатымды әпкем, Құрманай Бахтиярқызы ашқан. Жас буындардан Нұрлыбек Мейірбеков деген жігіттің өлеңдерін оқыдым. Қалижан деген жігіт бар, айтыскер ақын. Олар отырыста отырған кезде, өздерінің туындыларын айтқан кезде ақындыққа қатты ғашық болғанмын. Ал сюжеттерді оқыған кезде Мұқағали Мақатаевқа қатты ғашық болдым. Осы кісілердің ғана атын атай аламын.

Қандай сәттерде көңіліңізді өлең қозғауы мүмкін?

— Маған қатты қуанып жүрген кезде өлең келмейді. Өйткені, жаным ақын емес. Сондықтан қатты қайғырған кезде ғана өлең шығады. Қуанған кезде тек мысалы біреу «әкем 70 жасқа келген еді» деген кезде тапсырыс кезінде келуі мүмкін. «Менің әкем 70 жасқа толған кезде қандай күйде болатын едім» деп ойлаймын да жазамын. Ал былай күнделікті өлең жазып, шабыт іздемеймін. Тек ақшаға жазып қалады деп қалмаңыз (күліп). Көбінесе қатты қайғырған кезде өлең қозғайды.

— Қазіргі таңда әдебиет саласы қандай деңгейде? Сіздің пікіріңізше?

— Бұл мен үшін өте қиын сұрақ. Өйткені мен кәсіби ақын болмағандықтан менің ақындар болсын, жазушылар болсын оларды сынауға, мін тағуға құқығым жоқ. Бұл, әрине, менің өз пікірім. Ал осы тұста менің айтқым келетіні — әбебиет саласы өте жоғары деңгейде. Елімізде көптеген ақын, жазушылар бар. Мысалы, ақын Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» шығармасы бойынша театрларда қойылымдар да болды, тіпті фильм де түсірілді. Бір жылап шықтық. Бұрындары шетелде осындай шығарма бойынша фильм түсірілді деп көріп жататын едік. Енді ол бізге де келіп жетті. Бұл біздің әдебиетіміздің, шығармаларымыздың жоғары деңгейде екенін айтуға болады. Осылай көптеген әдебиет саласының адамдарына мүмкіндік беріледі деп ойлаймын.

Өткен жыл барша қазақ үшін өте ауыр жыл болды. Өйткені, көпшіліктің сүйікті ақыны Құрманай Бахтиярқызы өмірден өтті. Әрине ол кісінің сіңілісі болғандықтан сізге өте ауыр болғаны сөзсіз. Құрманай әпкеңізбен бірге өткізген шақтарыңыз жиі еске түсе ме?

— Мұхтар Әуезов өзінің барлық өмірін том том етіп «Абай жолына» арнаса, ал менің өмірде алып жүрген өнерім болсын, хоббиім болсын оның барлығы Құрманай кітаптарына арналады. Құрманайдың өміріне арналады. Ұлы Абай, Шәкәрімдер тарихта қалған болса, Құрманай Бахтиярқызын да солай тарихта қалуына себепкер болып қалсам мен бақыттымын!