Іштен шыққан сұр жылан деген осылар. Алаяқтардың тұзағына түскендердің саны күн санап артып барады. Үкімет тиісті заң жобасын қарастырып жатыр.
Микроқаржы ұйымдардың заңсыз әрекеттері әшкере болып жатыр. Алматы облысы бойынша бірнеше ұйымға қатысты тергеу амалдары басталды. Ал зардап шеккендердің саны қанша? Алаяқтар қанша шығын әкелді? Жаңа заң жобасы халықтың мүддесін қалай қорғайды? Толығырақ Caravan.kz медиа порталының тілшісі зерттеп көрді.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, қарыз беруші ұйымдар кредитін төлей алмаған адамдарды мәжбүрлеп, қорқытып, басқа микрокаржылық ұйымдардан тағы ақша алдырған.
Тіпті кредит алушының жағдайына қарамай, төлей алмаса да қарызды үлкен пайызбен бере берген. Мысалы, 120 мың теңге алып, пайыз бен қарызды қоспағанда, 446 мың теңгені кепілгер үшін төлеген адамдар бар.
«Мен Қазақстандағы банктердің жұмысын қатаң түрде реттеу керек деп айтып жүрмін. Әрине, олардың ішінде микрокаржы ұйымдары да бар. Бұл мәселені Мемлекет басшысы да бірнеше рет қадап айтты. Осы бағыттағы жұмысты депутат ретінде әрі қарай жалғастырамын. Елді алдап, сеніміне кіріп, қарызға батырған алаяқ ұйымдардың ісіне заңмен тосқауыл қоятын уақыт жетті», -деп пікір білдірді мәжілісмен Айдарбек Қожаназаров.
Не болды?
Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз берілген несие схемаларын анықтау үшін жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады. Агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаменті 6 микроқаржы ұйымның заңсыз әрекеттерін әшкерелепті.
Creditum МҚҰ, Sofi Finance МҚҰ, Hava Finance МҚҰ, SF Offline МҚҰ, POS Credit МҚҰ, «Сәлем Кредит» МҚҰ басшылығына қатысты алаяқтық және заңсыз кәсіпкерлік қызмет бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Төлемдері кешіктірілген қарыз алушыларды «KOKE.KZ», «TENGO.KZ», «HAVA.KZ» платформалары арқылы серіктес компаниялармен кепілдік шарттарын жасауға мәжбүрлеген дейді.
Бұл ретте кепіл берушінің жауапкершілігі тек қарыз алушы қайтыс болған жағдайда ғана күшіне енген. Осы қызмет үшін бастапқы несие сомасынан бірнеше есе көп төлемдер алып, азаматтарды қарызға батырған.
Тергеу жалғасады.
Егер сіз осы секілді заңсыз фактілер жайында ақпарат білсеңіз, «АФМ Insider» телеграм-ботына (@afm_insider_bot) хабарласа аласыз. Қаржылық мониторинг агенттігі анонимділікке кепілдік беріледі деп хабарлайды.
Алаяқтық схемалары белең алып барады
Қазақстанда алаяқтық схемалары күн сайын белең алып барады. Ресми деректерге сүйенсек, 2024 жылы 45 156 алаяқтық фактісі тіркелген. Оның 24 830-ы – интернет-қылмыс болса, 3 916 – жалған онлайн-несиелер. Осы жағдайға тап болған әр бір азамат өз атына бөтен біреу кредит алғанын біліп, не істейтінін білмей жүр.
Алаяқтардың келтірген шығыны — 41,6 млрд теңге. Оның 24,5 млрд-ы жеке тұлғалардың ақшасы. Олардың тек 5,3 млрд теңгесі ғана қайтарылған. Адамдар өз жинақтарын алаяқтық схемаларға, жалған инвестицияларға, фишингтік сайттарға салып жоғалтып жатыр.
Бұл тек ресми мәліметтер. Шын мәнінде, алаяқтық фактілері бұдан да көп. Көптеген жәбірленушілер полицияға шағымданбайды, өйткені ақшаны қайтару мүмкін емес деп ойлайды.
Алаяқтардың тұзағына түскендердің жалпы саны — 47 261 адам. Оның ішінде, 2 339 зейнеткер. Мысалы, жылдар бойы несие алмаған адамдар аяқ астынан бірнеше миллион теңге қарыз «өтеу керек» екенін білген.
Зардап шеккендердің арасында 26 962 әйел. Алаяқтар көбінесе әйелдерді өз қармағына түсіруге тырысады, себебі нәзік жандарды психологиялық қысым жасау арқылы алдауға болатынын жақсы біледі.
Студенттер мен 18-20 жас аралығындағы жастардың саны – 1999. Оларға «жеңіл ақша» ұсынып, схемаларға тартады, осылайша олар әрі құрбан, әрі білместен қылмысқа қатысушы болып шығады.
Бүгінгі таңда мәжілісті тиісті құжат талқыланып жатыр. Қаралып жатқан бастамалар қарыз алушыларды қорғау тәсілін түбегейлі өзгертеді дейді сарапшылар.
Біріншіден, биометриясыз берілген кредит автоматты түрде жарамсыз деп танылады. Яғни тек ЖСН немесе телефон нөмірін білу арқылы ешкім сіздің атыңызға несие рәсімдей алмайды.
Екіншіден, құқық қорғау органдары тергеу бастаған кезде банк қарызды өндіріп алуды тоқтатуға міндетті. Егер сіз алаяқтардың құрбаны болсаңыз, тергеу аяқталғанша ақшаны шешіп алу немесе есептен шығару жүзеге аспайды.
Үшіншіден, коллекторларға қарыздарды беруге шектеу енгізіледі. Банктер қарызды кешіктіру басталғаннан кейін 24 ай ішінде жеке тұлғалардың проблемалық несиелерін коллекторлық агенттіктерге өткізе алмайды. Бұл қарыз алушыларды артық қысымнан қорғайды.
Төртіншіден, 1414 арқылы кредиттік операциялар туралы хабарлама жіберіледі. Кредиттік бюро енді кез келген кредиттік өтінімдер мен несие тарихындағы өзгерістер туралы SMS-хабарлама жібере алады. Бұл адамдарға алаяқтық әрекеттерді жылдам анықтауға мүмкіндік береді.