Current Date: 01-04-2025

Ақшаның мына түрін банкоматтар қабылдамай тастайды

Сарапшылар бұған көршіге қарсы санкциялар кінәлі деп санайды.

"Ресей банкі" былтырғы 2024 жылдың 25 қазанында жаңа үлгідегі 5 000 рубль купюраларын айналымға енгізген болатын.

Ресейлік бұл ақша кеңес кезіндегідей қып-қызыл болып келеді. Онда Орал федералдық округінің көрнекті орындары ұлықталған.

Атап айтқанда, қасбетінде – Екатеринбург қаласындағы "Еуропа–Азия" ескерткіші, сырт жағында – Челябідегі "Орал туралы аңыз" ескерткіші бейнеленген.

Бұрынғы, 1997 жылы жасалған 5 мыңдық ескі купюрада көтерілісшіл Хабаровск өлкесінің көріністері кескінделген еді.

"Ресей банкі" бөлімшесінің эксперті Юлия Лужнова бұл банкноттарды орталық банктің жеткілікті көлемде баса алмағанын жасырмады.

"Сондықтан купюралардың жалпы санын жария ете алмаймыз. Бірақ ескі банкноттарды жаңалары бірте-бірте ауыстыратын болады. Бұл – жылдам процесс емес", – деді Лужнова.

Бірқатар ресейлік ақпарат құралдары мен сарапшылар бұдан санкциялардың әсерін байқады. Алғашқы партиясы аз шығарылған жаңа бес мыңдықтар бүкіл мемлекет бойынша емес, алдымен, қараша-желтоқсанда Пермь өлкесі, Алтай сияқты өңірлерде айналымға енгізілді.

РБК жазғандай, РФ Орталық банкі өзге өңірлерде банктер мен банкоматтарды, басқа құрылғыларды модернизацияланған банкноттармен жұмысқа дайындау жұмыстары жүргізіліп жатқанын сылтау етті.

Содан бері жарты жылдай уақыт өтті. Жаңа банкнот РФ-тің барлық өңіріне, сондай-ақ Қазақстанға келіп жетті. Алайда басқа проблема туындады. "Известияның" жазуынша, банкоматтар Ресейдің жаңа бес мыңдық рублін қабылдамайды және кері "түкіріп" ("выплевывают") тастайды.

"Бұған себеп – қарулы қақтығыс пен экономикалық қысым шаралары кесірінен, Ресейден пластик карталар бойынша қолма-қол ақша беруге арналған АТМ-құрылғыларға қызмет ететін шетелдік компаниялар кетіп қалды. Бұл жаңа проблемалардың бой көтеруіне соқтырды: банкоматтар жаңа үлгідегі рублдерді қабылдамайды", – деп түсіндірді "Dialog" порталы.

Мұны ресейлік массмедиада, әлеуметтік желіде таралып жатқан видеолар дәлелдейді. Онда көрсетілгендей, адамдар ресейлік жаңа банкноттарды банкоматтардың ұяшығына салады, АТМ-құрылғы он секундтай ұзақ "ойласа" келе, жаңа рублдерді "жалған" деп тауып, ұяшығын қайта ашқан күйі лақтырып тастайды.

"Известияның" анықтауынша, аталған бейнежазбалар "Совкомбанк", "Альфа-банк", ВТБ, "Новикомбанк" және басқа қаржылық ұйымдарда түсірілген.

Бұл "трэш" жайт біреуді күлкіге қарық етсе, басқалары күйіп-пісті. Өйткені соның кесірінен адамдар несиесінің төлемін уақытылы өтей алмайды, сатып алған тауары не қызметі үшін есепайырысу қиындады. Мұны байқап, кейбір қаржылық мекемелер жаңа банкноттарды алудан ат-тонын ала қашуда, немесе номиналынан төмендеу бағамен қабылдайды.

"Ura.Ру" санкция кесірінен көптеген банкоматты жаңа купюраларға қайта бейімдеу қиынға түсіп жатқанын білдірді.

"Банктердің және кредиттік ұйымдардың клиенттері банкоматтардың жұмысындағы қиындықтарға тап болды. Ресейде банкоматтарды таяуда айналымға жіберілген жаңа бес мыңдық банкноттарға бейімдеуде проблема туындады. Мұндай проблема тұйығынан тіпті "Альфа-Банк", ВТБ, "Совкомбанк", "Новикомбанк" сияқты ірі банктер шыға алмады. Пайдаланушылардың айтуынша, банкоматтар жаңа купюраларды бірден қабылдаудан бас тартады, немесе тіпті кері "түкіріп" тастайды", – деп хабарлады "Известия".

"Ресейдегі көптеген банкоматтар жаңа 5 мыңдық купюраларды сол бойы қабылдамай қойды. Мұның себебі бар: кейінгі жиырма жылдай бойы ресейлік нарықта жұмыс істеген АТМ өндіруші компаниялар "арнайы әскери операция" басталғаннан кейін РФ-ті тастап шықты. Содан бері олар Ресей үшін бағдарламалық қамтылымды қолдамайды және жаңартуларды әзірлемейді. Тиісінше, олар жаңа купюраларымыз үшін банкоматтарға арнап, қажетті шаблондарды енгізбейді", – деп мәлім етті ресейлік "Ura.RU" атын атамаған сарапшылардың түсініктемесіне сілтеме жасап.

Өз кезегінде РФ Орталық банкі өзіне ресейліктерден бұған қатысты шамалы ғана шағым түскенін алға тартты. Соған қарап, жаңа банкноттарға қатысты проблеманы "кең ауқымды" деп санамайды. Туындаған проблеманы барынша тез шеше алатынына сенімді.

Ресей валютасының жаңа купюраларын қазақстандық банкоматтардың барлығы бірдей қабылдай бермейді. Рубль сатып алумен әуестенетін қазақстандықтар мұны да ескергені жөн.

Бұл ретте рубль Қазақстанда антирекорд орнатты: елімізде рубльге сұраныс бұрын-соңды болмаған деңгейде құлдырады.

"Ақпанда Қазақстандағы айырбастау пунктерінде ресейлік валютаның нетто-сатылымы теріс көрсеткішке ие болып, -12,5 млрд теңгені құрады. Сарапшылардың түсіндіруінше, бұл жағдай ақша айырбастау пункттерінде халықтан сатып алған рубль көлемі сатылған мөлшерден асып түскенін білдіреді", – деп хабарлады Ulysmedia.kz.

Айта кету керек, биылғы қаңтар айында да қазақстандықтар қолындағы "сабан ақшадан" белсенді түрде арылған еді.

Бірақ биылғы бірінші айда антирекорд көрсеткіші біршама төмен болды: таза сұраныс сол кезде минус 9,5 миллиард теңгені құрады. Яғни, азаматтар айырбастау бекеттеріне рублді сатып алғаннан гөрі 9,5 миллиард теңгеге көп тапсырған.

Ал, ақпан айында Қазақстанда рубль одан да құлдырап, 2020 жылдың басынан бері алғаш рет (соның ішінде долларлық баламада да) рекордтық төмен деңгейге түсті.

"Бірінші кредиттік бюроның" түсіндіруінше, бұған негізгі себеп – ресейлік валюта бағамының нығаюы. Теңгеге шаққанда рубль құны жоғарылап кеткендіктен, оны алғысы келетіндер қатары сиреп қалды.

Биылғы ақпан айының қорытындысында, рублдің орташа айырбастау бағамы 5,47 теңгені құрап, қаңтардағы көрсеткіштен 6%-ға жоғарылады. Наурыз айында рубль бағамы 6,6 рубльге дейін сатылды. Кейін төмендеді.