Current Date: 11-06-2025

Кадрдың жеті қаңтаруы бар ма?

НЕМЕСЕ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕСКІ СЫРҚАТЫ ТУРАЛЫ

Сөз жоқ, кез келген мемлекетте кадрлар ауысып отырады. Супердемократиялық елдер де президенттер, премьерлер, министрлер орнын босатып жатады. Олардың орнына басқа адамдар келеді. Ол – табиғи һәм саяси заңдылық.

Бір сөзбен айтқанда, кадрлар жаңаруы – өркениетті үрдіс. Қазақстан да ол дәстүрден тыс қала алмайды.

Сол себепті Жаңа Қазақстан тұсындағы кадр ауысуын мен философиялық тұрғыдан қабылдаймын да, аса қатты мән бермеймін.

Десек те, қаншама демократиялық болуға тырысып жатсақ та, дегенмен біз әлі де ескі Қазақстанның кадр саясатындағы авторитарлық әдіс-тәсілдерінен арыла алмай келеміз.

Соның төрт дәлелін келтірейін.

Біріншіден, «бір партияның монополиясынан құтылайық» деп, сол партияның басшылығынан бас тартқан президент Тоқаев парламентке оппозициялық партияларды кіргізгендей болды (олардың оппозиция екеніне ел мен менің күмәнім бар екенін бәрі біледі). Олай болса, сол, қуыршақ болса да, өзін балама позиция иесі санайтын партиялардың өкілдерін неге парламент палаталарының басшылығына сайлаймайды?

Екіншіден, «облыс әкімдерін жергілікті мәслихат сайлайды» дейді. Неге балама кандидатураны тәуелсіз қоғам ұйымдары не жергілікті азаматтар ұсына алмайды? Өзара келісіп алған екі ресми жақ ұсынған үміткерлерден облыс әкімін сайлау демократиялық фикция емес пе?

Үшіншіден, аудан, ауыл әкімдерін тікелей халық боп сайлауын енгізу – баршамыз қолдауға тиіс бастама. Өз басым ол ұсынысты қос қолымды көтеріп қолдаймын. Алайда, сайлау комиссияларының құрамын атқарушы билік анықтап отырғанда біз ел басқаруға лайықты, тәуелсіз кандидаттар әкім бола алады деп айта аламыз ба?!

Төртінші мәселе бас биліктің өзіне қатысты. Кеше ғана екі министр мен бір квазимемлекеттік құрылымның басшысы ауысты.

Неліктен билік (Ақорда немесе үкімет) олардың қызметтен кету себептерін айтып, тәптіштеп түсіндірмейді? Неге біз, қоғам, ол комментарийлерді айдалада жүрген саясаттанушылардың аузынан естуіміз керек?! Олардың нақты кланның сойылын соғып жатпағанына кім кепіл?

Айтпақшы, Жаңа Қазақстан тұсында ескі Қазақстанда жаппай сипат алмаған тағы бір үрдіс пайда болды: нақты тұлға не министр не квазимемлекеттік құрылым болып тағайындалады да, содан соң тып-тыныш «президенттің кеңесшісі» бола салады.

Олай болса, менен бір ұсыныс: президент кеңесшілерінің санын алдын-ала бекітіп қояйық, әйтпесе, олардың саны ұлғая беруі мүмкін.

Әміржан Қосан