Current Date: 12-06-2025

Қатыгез баланы не түзейді?

Мектепте баланың басқа оқушыларды қорқытып, әлімжеттік жасап жүргені туралы хабар алу – кез келген ата-ана үшін ауыр. Мұндайда көпшілік алғашқыда сене алмай , мұғалімдердің сөзіне күмәнмен қарап, баласының ондайға баруы мүмкін емес деп ойлайды. Алайда мамандар осы сәттегі ата-ананың әрекеті баланың болашақтағы мінезі мен дұрыс қарым-қатынас жасай алуын қалыптастыруда шешуші рөл атқаратынын алға тартады. Сондықтан мамандар қатыгез баланы дұрыс жолмен тезге салу керек екенін айтады.

Буллинг мәселесін жиырма жылдан аса зерттеп келе жатқан америкалық психолог, профессор Элизабет Инг­лэндэр жуырда балалар агрессиясы мен буллингке қатысты көлемді зерт­теуін жариялады. Ол Массачусетс шта­тын­дағы Бриджвотер мемлекеттік универ­ситетінде орналасқан «Aggression Reduction Center» орталығының негізін қалаушы әрі атқарушы директоры. Э.Инглэндэрдің мәліметінше, ата-аналар көбіне баласының әлімжеттік­ке барғанын мойындағысы келмейді. Психолог маман ата-аналармен жұ­мыс барысында «менің балам бұлай істемейді» деген қорғаныс механизмі жиі кездесетінін айтады. Тіпті кей жағдайларда ата-ананың өзі баласының әрекетін «басқа баланың оғаш қылығы себеп болды» деп ақтап алуға тырысады. Мұндай сәттерде көптеген ата-ана баласының әрекетін буллинг деп қабылдамайды. Алайда Э. Инглэндэрдің айтуынша, буллинг – бұл жай мінез емес, әлсіздерге қарсы әдейі, жүйелі түрде жасалатын психологиялық немесе физикалық қысым. Бұндай әрекет бала үшін де, оның құрбаны үшін де салдары ауыр жағдайға әкелуі мүмкін.

Ғалымның дерегіне сүйенсек, буллингке барған балалардың басым бө­лігі есейген шақта психологиялық жа­рақаттармен, депрессиямен, өзіне деген сенімсіздікпен өмір сүреді. «Егер балаңыздың буллингке қатысы бар деген күдік туса, ең алдымен, эмоцияға ермей, сабырмен әрекет ету керек. Баланың мінезін түзеу үшін оның неге бұлай істегенін түсіну маңызды. Бір реттік ұрыс-керіс, әсіресе өз-өзін қорғау мақсатында болған әрекет буллингке жатпайды. Бірақ біреуді күнде кемсіту, қорқыту – міндетті түрде тоқтатылуға тиіс әрекет», дейді психолог.

Зерттеулер көрсеткендей, бала­лардың өзі буллингке қарсы. Швецияда жүргізілген әлеуметтік сауалнамада бас­тауыш сынып оқушы­лары буллингке баратын балаларды психологиялық күйі нашар немесе өзіне назар аудартқысы келетін, басқаларға күшін көрсеткісі келетін адамдар ретінде сипаттаған. Ал буллингке барғандардың өзі көбіне «мені ешкім түсінбеді», «мен әлсіз емес екенімді көрсеткім келді», деп өз әрекетін сылтаумен ақтап алатын көрінеді. «Мұндай жағдайларда ата-ана не істей алады? Біріншіден, баланы тыңдау – басты қадам. Оның не айтқысы келетінін ұғынып, агрессияның түпкі себебін анықтау керек. Бұл кейде балаға жеткілікті көңіл бөлінбеуі, жалғыздық, достарының шеттетуі, үйдегі түсініспеушілік, күйзеліс секілді себептер болуы мүмкін. Мұны анықтау үшін баламен ашық сөйлесуді және қажет болған жағдайда кәсіби психологтің көмегіне жүгінуді ұсынамын. Екіншіден, ата-ана баласына әлімжеттік – бұл ешқашан ақталмайтын әрекет екенін нақты түсіндіруге тиіс. Баланың бойына жауапкершілік пен жанашырлықты дарыту үшін оған эмоциялық қолдау қажет. Сондай-ақ жақсы мінездің үлгісін көрсету, достарына көмектесу, кешірім сұрау сияқты күнделікті әдеттерді бойы­на сіңіру керек», дейді ғалым.

Профессор Э.Инглэндэр жаз мезгі­лін бала мінезін түзеуге ыңғайлы уақыт деп есептейтінін айтады. Себебі бұл – мектептегі қатаң тәртіптен босап, ата-анамен қарым-қатынасқа көбірек уақыт бөлінетін мезгіл. Баламен ашық сөй­лесу, ішкі жан-дүниесін тануға тырысу – оның мінезін түзеп, психологиялық жағ­­дайын тұрақты етуге ықпал етеді. Психо­лог маманның сөзінше, баланың бул­линг жасауы – оның тәрбиесі әлсіз деген сөз емес. Бұл – оның ішкі күйінің көрінісі. Ал соны дер кезінде байқап, дұрыс әрекет ете білу – ата-ананың міндеті.