Current Date: 16-03-2025

"Анамды қатты құшақтайтын едім": америкалықтар асырап алған қазақ қызы анасы мен бауырларына іздеу салды

21 жастағы америкалық қазақ қызы Аяулым Блумер Оралдағы анасы мен бауырларына іздеу салды. Ол "Түркістан" газетіне сұхбат беріп, өзінің өмірі туралы сыр шертті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

21 жастағы бойжеткен туған анасы мен бауырларына Facebook-тегі Kazakh American Assosiation парақшасында іздеу салды. Оның "Түркістан" басылымына берген сұхбатын қаз-қалпында ұсынып отырмыз.

– Америкалықтар асырап алған қа­зақ балалар "Араға жиырма жыл салып, био­логиялық ата-атаңды іздеудегі мақ­са­тың не?" деген сұраққа бәрі "Та­мы­рым­ды танығым келеді. Маған өзіме бей­мә­лім бір бөлігім бар секілді көрінеді. Пазл­дың бір бөлігі іспетті бірдеңе же­тіспей тұрады. Әрі олардың түр-әлпетін көр­гім келеді" деп жауап береді. Сол сұрақ­қа сенің берер жауабың да солай ма? – Дәл солай. Ең алдымен өзімді мазалап жүр­ген гештальтты жапқым келеді. Олардың кім екенін танып-білуді көздедім. Анам мен бауыр­ларымды іздеп жүргеніме көп уақыт бол­ды. Естен кете салатын, ұмыта салатын жайт емес. Содан соң сіз айтқандай өзімнің қай­дан тарайтынымды, түп-тегім туралы көп дерек білгім келеді. Туған анамның кім екенін білсем деймін. Әлбетте, бауырларымның да түр-әлпетін көргім келеді. Мені асырап ал­ға­нын білген сәттен бастап Қазақстанға барғым келеді де тұрады.

– Оқырманға түсінікті болуы үшін өзің туралы кеңінен айта отырсаң. – Мен 2004 жылы 2 мамырда Қазақ­стан­ның Уральск қаласында дүниеге келдім. Біл­ге­­­німдей, ол қала елдің батыс аймағында ор­наласқан. – Уральск – қаланың орысша атауы. Қа­зақ­шасы – Орал. – Солай ма? Мен білмеппін. Туу туралы куә­­­лігімде Уральск деп жазулы тұр. Енді біліп жү­ремін. Әкем мен бір жасқа толғанда тубер­ку­лезден қайтыс болған екен. Анамның ме­нен басқа төрт баласы болған. Олардың жасы үл­кен, олар менен он жас үлкен болуға тиіс. Анам күйеуі қайтыс болған соң бесінші бала­сы, яғни мені бағып-қағуға шамасы жетпеген. Сөйтіп, шарасыздықтан бір жасар мені Орал қаласындағы №2 балалар үйіне өткізген. Мен он­да екі жыл тәрбиелендім. Кейін 2007 жылы сәуір айында үш жасар мені америкалық ата-анам асырап алып, АҚШ-қа алып кетті.

Мені асы­рап алған ата-анам екеуі де Америка әуе күш­терінде әскери қызметкер болып жұмыс істеді. Сондықтан біз Америка аумағында көп жерге тұрақтаумен болдық. Екеуі жиырма жыл­дай отасты. Алайда мен 13 жасқа толған­да екеуі ажырасып кетті. Олардың екі бөлек кеткені маған ауыр тиді. Мен анама жақын болып өстім. Қазір анам терапевт-маман, ал әкем жылжымайтын мүлікті сату, жалға беру­мен айналысатын агент болып жұмыс істейді. Отбасымда мен секілді Қазақстаннан асырап алынған ағам бар. Есімі – Владимир. Ол – Алма­тының тумасы. Жартылай қазақ, жарты­лай орыс. Менен төрт жас үлкендігі бар. Қазір мен оларды көп көре алмаймын. Өйткені мен қазір Флорида штатында тұрамын. Екі айдан соң жасым 21-ге келеді. Бүгінде колледжде кри­минология саласы бойынша білімімді же­тілдіріп жүрмін. – Әкеңнің қайтыс болғаны, бауыр­ла­рың туралы деректі қайдан білесің? – Туған анам мені қалдырып жатқанда ба­лалар үйіндегі тәрбиелеушімен тілдессе ке­рек. Сол кезде ол төрт баласы барын, күйеуі­­­нің ауырып қайтыс болғанын, сон­дық­тан мені асырауға шамасы жетіңкіремей тұр­ғанын айтыпты. Америкалық ата-анам­ның қасында аудармашы болған. Әлгі тәр­бие­ші сол аудармашыға бар білгенін айтып берсе керек.

– Туған ата-анаңның есімі құжатта жа­зылған ғой? – Иә. Әкемнің есімі – Төлепов Нариман Мә­лікұлы. Ал анамдікі – Төлепова Ақырыс Сайлауқызы. Өкініштісі сол, бауырларым тура­лы еш мәлімет жоқ. Балалар үйінде еш дерек қалдырмапты. Ал менің қазақша толық аты-жөнім – Төлепова Аяулым Нариманқызы. Өз есімімнің мағынасын іздестіруге тырыс­тым, алайда таба алмадым.

– Аяулым есімінің мағынасы аялап, әлпештеп отырған нәзік, қымбатты қыз деген мағынаға сайып келеді. – Солай ма? Кермет! Мұны да біліп жүре­тін болдым. Рахмет! – Facebook-тегі Kazakh American Assosiation парақшасына қалдырған жаз­баңда "Ата-анамды іздестіріп жүргеніме 7 жыл болды" деп жазыпсың. Қазір 21 жас­та болсаң, сонда бұл істі 14 қолға алдың ба? – Иә. Анам мен 10 жаста болғанда мені Қа­зақ­станнан асырап алғанын айтты. Онсыз да мені асырап алғанын сезетінмін. Алайда анам маған туған әкемнің қайтыс болғаны туралы тіс жармаған. Бұл жайт маған қатты ауыр тиді. Себебі мен оны енді ешқашан көре алмаймын. Мен оның кім болғанын, қандай адам болғанын біле алмаймын (көңілі босап). Сол сәт шешуші рөл атқарды. Сол кезден бас­тап қалған отбасымның кім, қандай екенін аны­қ­тауды қолға алдым. Тағы да қайталап айтайын, туған әкемнің қайтыс болғанын естігенде есімнен танып қала жаздадым. Әттең, мен...(дауысы дірілдеп). Кезінде мені асы­рап алғанына өте ризамын, бек қуаныш­ты­мын. Алайда менің жегідей жейтін, маза бер­мейтін сұрақтар тізбегі өте көп. "Егер мені асы­рап алмағанда, туған отбасымның қасын­да болғанымда өмірім қалай өрбитін еді?» деп мың рет толғанып, мың рет ойланамын.

– Біз сұхбат алған қыз-жігіттер аме­ри­калық ата-аналарының оларға кіш­кен­тай кезінен асырап алынғанын, қай ұлт­тан тарайтынын айтып, тіпті төл мә­дениетін танытуға барын салатынын ай­тады. Алайда сенде басқаша жағдай екен... – Иә, менің жағдайымда бәрі басқаша бол­ды. Менің туған әкем қайтыс болған­дық­тан, асырап алған ата-анам маған бұл туралы айту әлі ерте, мені оған дайын емес деп ойласа керек. Екеуіне де оңай соққан жоқ, себебі олар мен биологиялық анам мен бауырларымды іздестіруді шындап қолға алсам, Қазақстанға қайта барғым келетінін жақсы білді. Сондық­тан олар менен әкем туралы деректі көп уа­қыт жасырып, жасөспірім кезіме дейін бұл ту­ралы сөз қозғамады. Мен білген күннен бас­тап өз бетімше туғандарымды іздестіруді бас­тап кеттім. Ал америкалық ата-анам маған кө­мектескісі келмеді. Сол жағынан қиын бол­ды (көңілі босап). Олар "Жоқ, біз сенің туған ата-анаңды тапқаныңды қаламаймыз" деп айт­қан жоқ. Бірақ олар бұл туралы мен есей­ген­ше айтпады әрі іздестіруге күш салмады. – Ал қазір сенің бізбен байланыс ор­на­тып, бұл іске шындап кіріскеніңе олар­дың көзқарасы қалай? – Әкем туған анам мен туыстарымды тап­қанымды қалайды. Мен оларды көп уақыт бойы іздеп жүргендіктен, ол бұл істің мен үшін маңызды екенін жақсы біледі. Ол мені қол­дады. Алайда анама бұл бастамам ауыр тиіп жүр. Өйткені ол егер мен анам мен бауыр­ларымды тауып алсам, Қазақстанға қай­тып оралады деп үрейленеді.

– Екеуара байланыс үзіліп қалады деп қорқақтайтын болар? – Дәл солай. Ол мені біржола жоғалтып алу­дан қорқады. – Әңгіме арасында «Онсыз да мені асырап ал­ғанын сезетінмін» деп айтып қалдың. Аме­ри­ка­лық ата-анаң бала кү­ніңнен бәрін ашып айт­паса, сені асырап алғанын қалайша сезіп-біл­дің? – Оқушы кезімнен-ақ білдім. Мектепте оқы­ғанда өзге оқушыларға ұқсамайтынымды анық байқайтынмын. Мен жергілікті емес еке­німді жастайымнан сезетінмін. Асырап ал­ған ата-анама еш ұқсамаймын. Күннің бір кү­нінде олардың "Не ғой, біз сені асырап ал­ған едік» деп айтатынын тосып жүрдім. Алай­да олар бетіме келіп, олай айтпаса да, ерте есей­геннен басқа амалым қалмады. Себебі мен түр-келбетімнің басқаша болғаны, нақ­ты­рақ айтсам, азиат болғаным үшін біраз те­періш көрдім. Мазаққа көп ұшырадым. Сон­дай қиын кезеңдерде үйге келіп, айнаға қа­рап, "Мен кімнен тараймын өзі? Мен кімге тарт­қанмын? Менің ата-анам кім? Олардың түрі қандай?" деген сауалдарды өз-өзіме қойып, ашуға булығатынмын. Осы нәрсе мені анам мен бауырларымды шындап іздеуіме түрт­кі болды. Содан соң қазақтардың түрі қа­лай болатынын зерттедім. Қазақстан тура­лы да мәлімет қарадым. Бар айтарым, көп рет естіп-білгенше, бір рет барған абзалырақ екен. Он­да тезірек барып, ондағы мәдениетті т­а­нып-білгім келеді.

– Бұл сұрағым саған ауыр тисе жауап бер­месең де болады. Десе де, егер жуық ара­да анаң мен бауырларыңды тауып ал­саң, ең алдымен не істер едің? – Ең алдымен анамды қатты құшақтайтын едім. Көпке дейін қысып, жібермейтін едім. Со­сын онымен сағаттап отырып әңгімелесетін едім. Бұған дейін өміріміз қалай өрбігенін, бастан өткізген қиындық пен қуанышымызды жарыса айтып, ұзақ уақыт шүйіркелесетін едік. Мен расымен де анамды қатты көргім келеді. Екеуіміз көп уақыт жоғалтып алдық қой. Сол уақыттың орнын толтыру үшін жа­нынан шықпайтын едім. Мауқымды басып, оған жақын жан болсам деймін. Ана мен қыз ре­тінде онымен көп нәрсені бірге істегім ке­леді. Ең бастысы, оның кім, қандай жан екенін қат­ты білгім келеді. Жүрек түбінде анам мен бауыр­ларымның мені іздегісі келгенін сеземін. Олар да менің қайда екенімді біліп, қан­дай болып өскенімді білгісі келген болар (дауысы дірілдеп). – Жазбаңда биыл Қазақстанға келуді жос­парлап отырғаныңды айтқан едің. Қашан, қай қалаға келмексің? – Осы жылдың желтоқсанында келемін деп жоспарлап отырмын. Әкем екеуіміз бір ай Алматыға тұрақтамақпыз. Америкалық ата-анам мені асырап алу туралы құжаттарым реттелгенше Алматыда бір ай тұрған екен. Сол кезде екеуі Алматы мен қала маңында ор­на­ласқан әсем жерлерін аралап, керемет демалып қайтса керек. Араға жиырмаға жуық жыл салып, сол жерлерге тағы бір рет қыды­рып бармақ ойымыз бар. Астанаға да барғым келген, алайда ол жақта күн суық болады деп есті­дім. Жалпы, Қазақстанның қай қаласына бол­масын, барғым келеді. Алайда қазақ тілін біл­мегендіктен тұрғындар мені түсіне алмай дал бола ма деп қорқамын.

Сұхбаттасқан: Әлия Тілеужанқызы