Current Date: 20-03-2025

Валюта баға иммунитеті алдында неге шарасыз?

Әдетте доллар бағамы көтерілсе тауар мен қызмет бағасы да өсіп шыға келеді. Ал теңге нығайса, қымбаттаған баға қайта арзандамайды. Мәселен, бірер ай бұрын 530 теңгеге дейін жеткен доллар қайтадан 490-ға дейін төмендеді. Алайда одан құны кеміген тауар жоқ. Осыған қарап доллар мен теңге текетіресінде баға иммунитеті мықты болып тұр деп пәтуа шығаруға болатын секілді.

Сарапшы, қаржыгер Бейсенбек Зия­бековтің айтуынша, теңге дина­микасының бағаға әсері – жеке зерт­тейтін тақырып.

«Ақша көп, бірақ сол қаржының қажеттілігін өтейтін тауар аз. Қаржы қажетті нүктеге жеткенше кемі 10%-ға құнсызданып, қолдағы ақшаны тағы да сол деңгейге құнсыздандырады. Бағаны тұрақтандыратын экономикалық ресурстарымыз да әлсіз. Әлемдік нарықта валюта бағамының инфляцияға әсері әрдайым біржақты емес. Мысалы, доллардың әлсіреуі қысқамерзімді перспективада инфляцияны жедел­детуі, ал ортамерзімді перспективада оның төмендеуіне ықпал етуі мүмкін. Импортталатын дайын бұйымдар бағасының өсуі бағаның тікелей пропорционалды көтерілуіне алып келеді. Өзбекстаннан импортталатын «түкті сүлгілер» санаты бағаны 10%-ға көтерсе, бағалар да 9-10%-ға өседі», дейді.

Айтуынша, Түркия Қытай тәжі­ри­бесінде баға ішкі нарықтың инвес­тициялық климатына тәуелді.

«Қазір бұл елдер ұсыныстың көп­тігінен зардап шегіп, бағалар «құлап» жатыр. Себебі ол елдерде ба­ғаға әсер ететін сыртқы факторлар на­рық­­та­ғы баға алдында әлсіз. Ал бізде на­рық­тағы импорттың үлесі аз, отан­дық өнім өн­дірушілер шығаратын тауар құра­мының 50%-ы – импорт. Бағаның өсуі биыл да жалғасады. Инфляция дәлізі 7,5-8,5% диапазонын­да болады деген болжам бар. Басты проинфляциялық фактор – мем­лекеттік бюджет тапшылығы. Инф­ляция деңгейі үкіметтің мемлекеттік шығыстарды қаншалықты тез және тиімді тұрақтандыратынына байланыс­ты болмақ. Дәл қазіргі жағдайда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендете алмайды», дейді Бейсенбек Зиябеков.

Қаржы сарапшысы Арман Бейсем­баевтың сөзінше, әлемдік тәжірибеде нарықтағы баға нарық заңымен жүйе­ленеді.

«Инфляция төмендесе, баға арзандайды деп сеніп қалудың қажеті жоқ. Шағын экономика үшін өсу қарқыны кем дегенде 6-7%-дан асуы тиіс. Яғни біз тез өсуіміз керек. Сыртқы контурда баға өсіп жатыр. Ауыл шаруашылығында өткен жылдардағы су тасқынына байланысты шешілмеген проблема бар. Онымен әзірге не істеу керектігі айтылған жоқ. Біздің ахуал дамыған нарықтардағы жағдайға ұқсамайды. Ал нарықтағы бағаны доллармен салыстыру – долларға деген тәуелділіктің кері салдары. Баға – сұраныс пен ұсыныс­тың нәтижесі. Тіпті Ұлттық банктің өзі бағаға әсер ете алмайды, тек инфляция­ны ырықтандырады емес пе», дейді Бейсембаев.

Сарапшы айтқандай, ішкі нарық­та бағаға әсер ететін ірі ойыншылар шек­теулі. Ал сатушылар тауардың бір бөлігін шетел валютасымен сатып алғандықтан, бағаны алдын ала көтере бастайды.

«Қымбат доллардың түскені ел бюд­жетіне тиімді. Бірақ теңге құнсыз­данса, мемлекет баланс сақтауға ұмты­луы керек. Тауардың бір бөлігін жеткізушілерден шетел валютасымен сатып алғандықтан алып-сату кезіндегі айырманы, жол шығынын, кеден шығынын бағадан шығарып алғысы келеді. Бұл ретте сатып алудың бастапқы құны мен шетел валютасынан теңгеге аударылған нақты төлем арасындағы айырмашылықтан қосымша шығындар туады. Мұндай шығындарды оңтайландыру тек мемлекет субсидиясы арқылы шешіліп жүр», дейді ол.

Сарапшы Уәлихан Төлешовтің па­йым­дауынша, бірінші кезекте баға және сауда саясатына басымдық берген абзал.

«Алматы мен Астананың қымбат бұйымдар сататын сауда желілерінде бірнеше миллион теңгеге сатылатын қолсағаттар Қытайда немесе АҚШ-та 250-300 мың теңге тұруы мүмкін. Халықаралық тәжірибеде дамыған нарық пен дамушы нарық тауарлары бағасының арасындағы айырмашы­лық 40-50%-дан аспауы керек. Кедендік ресімдеудегі жөнсіздіктер баға саясатына әсер етеді. Бізде тұрмыстық тауар­дың 80%-ы импорттан келеді. Демек кеденді жемқорлықтан тазартпай, әділ баға саясатын қалыптастырмай, жағ­дай түзелмейді», дейді Төлешов.

Оның пікірінше, қымбатшылықты долларға тели беру Үкімет пен Ұлт­тық банктің экономика мен халық ал­дындағы жауапкершілігін жеңілдетеді.

АЛМАТЫ