Әз-Наурызды 1926-дан бастап қазақ жерінде тойлауға тыйым салынды. Соған қарамастан кең байтақ еліміздің әр түкпірінде, әр ауылында, әр отбасында наурыз көже жасалатын . Үлкен-кіші жыл жаңарды деп бір-бірін құттықтайтын. Жас қосылды деп шаттанатын.
Осының бәрі 60 жылдан астам жасырын жасалып келді. Тек 1988 жылдан бері ғана ел болып, кең ауқымда тойлауға рұқсат берілді. Этнографтардың айтуынша, Наурыздың тарихы мыңдаған жылдар әріде жатыр.
Жаңа жылдың келгенін Наурыз білдіреді. Көне түркі жазба ескерткіштерінің бірінде осылай деп жазылған. Яғни тасқа қашалып салынған суреттер Наурыз мейрамының тарихының тереңдігін көрсетеді.
Этнографтар осылай дейді. Ғалымдардың болжауынша, көне мейрамның 5 мың жылдық тарихы бар.
Рүстембек Шойбеков, ҚР Ұлттық музейі антропология бөлімінің аға ғылыми қызметкері:
- Қазақта екі үлкен мейрам бар. Наурыз бен айт. Наурыз мейрамы ислам дінінің таралуынан бұрын көп уақыт бұрын пайда болып, осы уақытқа дейін мән-маңызын жоғалтпай келе жатыр. Наурыз мейрамы әр жерде әрқалай тойланады. Оның себебі қазақ жері өте үлкен кең.
Ұлық мерекені қазақ халқы ғана емес, сонымен бірге Орталық Азия мен түркітілдес елдер түгел тойлайды. Әр елдің өз салты мен дәстүрі бар. Қазақ жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында жасалатын наурыз көже жасауымен ерекшеленген. Оған қосатын тағамның тақ санмен бітуіне назар салған. Себебі ол бөлінбейді. Бұл бүтіндікті білдіреді деп ырымдаған.
Жұмашай Рақыш, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қолжазба және текстология орталығының директоры:
- Көрші бір апамыз болатын Майын апа деген. Қыз-келішектер наурыз көжесін өзінше пісіріп келеді. Сосын апамыз үлкен тайқазанға пісіріп алып келген көжені татып көретін. Ұнаса, әжеге ортақ қазанға салатын. Содан кейін бұл үлкен думанға айналатын. Наурыз бұл күн мен түннің теңелуі емес. Сонымен қатар ынтамақтың мерекесі деп айтуымызға болады.
Наурыз – салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай түсетін мереке. Алматыдағы ұлттық музейде өтіп жатқан «Шеберлер алаңы» көрмесі – осының дәлелі. Оған 100-ден астам экспонат қойылды. Қордағы жәдігерлермен қоса қазіргі шеберлердің қолынан шыққан дүниелер қатар ұсынылып, сабақтастықты насихаттады. Мәселен, мына бесік шамамен екі ғасыр бұрын жасалған. Талды иіп, қыларқанмен байлаған. Оған бірде-бір шеге қағылмаған.
Үміт Әшімова, ҚР Ұлттық музейінің бас қор сақтаушы:
- Музейдің ең бірегей жәдігерлерінің бірі талбесікті қойып отырмыз. Қазақ халқы тәрбиенің басы талбесіктен басталады деп бекер айтпаған. Барлық жақсыны, тәрбиені осы бесікке әкеп сыйғызған. Белігілі саяхатшы, суретші Таймасов деген кісі. Бір жағынан коллекционер өзі. Біздің музейдің қорында талбесіктің жоқ екендігін сана деңгейінде түсініп, өзінің коллекциясынан өткізген болатын.
Екатерина Романова Алматыға Якутиядан келді. Сахаларда Наурызға ұқсас Ысыах мерекесі бар. Бұл күні ұлттық мәдениетті насихаттайды. Ат жарысы, халық ойындары өткізіледі. «Мерекеде өзіміздің ұлттық киімдерімізді киіп шығамыз», – дейді алыстан келген мейман.
Екатерина Романова, зияткерлік тарих және мәдениет орталығының жетекшісі:
- Қазақтар секілді сахалар да бие сауып, қымыз ашытады. Жылқы етін жейді. Ысыах мерекесі 21-25 маусым аралығында тойланады. Сахалар бұл күннің сәулесімен бойларына тараған қуат бір жылға дейін жетеді деп сенеді. Наурыз туралы көп ақпарат жинадым. Көп жайтқа қанықтым. Мерекелеріңіз құтты болсын!
Былтырдан бері біздің елімізде Ұлыстың ұлы күні жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі аясында тойланады. Бүгінде Рио-де-Жанейро карнавалы, Жапониядағы сакураның гүлдеуі мерекесі, Үндістандағы Холи фестивалі сияқты шараларды әлем халқы жақсы біледі. Сол сияқты Наурызнаманың да Қазақстанның негізгі туристік брендіне айналатын күн алыс емес.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов