Current Date: 29-03-2025

Қостанай облысында жұмысшы мамандықтарына қызығушылық артқан

Техник-механик, дәнекерлеуші, аспаз болғысы келетін жастар көбейді, деп хабарлайды 24kz.

Мысалы Сарыкөл ауылындағы колледжде биылғы оқу жылында техник-механик мамандығы бойынша бір орынға үш талапкер бағын сынаған.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Бұл колледже бүгінде алпыстан астам студент аспаз мамандығын игеріп жатыр. Соның бірі – Тұрар Нұржан. Кеше ғана мектеп қабырғасынан шыққан жас жігіттің арманы – аспаздықты терең меңгеріп, білікті маман болу.

Тұрар Нұржан, колледж студенті:

- Жастайымнан өзім аспаз негізгі өнеріне, яғни, осы асханаға өзім жақын, дәмді тағамдар пісіруге өте қызығатын едім. Және менің анам дәмді пісіреді, ол аспаз. Содан қызығып келдім. Енді өз асханамды ашу, бір керемет қылып, бір дәмді астарды пісіру – болашақ арманым.

Алпыс жылдық тарихы бар Сарыкөл ауылындағы кәсіптік білім беру колледжінде сегіз мамандық бойынша білім береді. Соның ішінде ауыл жастарының техник-механик мамандығына қызығушылығы жоғары.

Руслан Тәжібаев, колледж студенті:

- Техник-механикті таңдауыма себеп болған жайт, оған сұраныс бар. Осы ауданның өзінде мамандарға зәру серіктестік, шаруа қожалықтары аз емес. Солар бізді ынталандырып, өздеріне тартуға тырысады. Оның сыртында Президенттің биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы да менің таңдауыма өз ықпалын тигізді.

Колледжде кәсіптік білім бердің жаңа технологияларын кеңінен қолдануға тырысады. Және теория түрінде ғана емес, көбіне практика жүзінде үйретуге басымдық беріледі.

Алексей Павлютин, арнайы пәндер оқытушысы:

- Техника, құрал-жабдықтардың интерактивті жүйесінің пайда болуымен, балалардың қызығушылығы артқандығын байқаймыз. Құр кітаптан оқымай, көзбен көріп, қолмен ұстау арқылы олар тақырыпты тез үйреніп, меңгереді.

Ауылдық колледжде 600 жуық шәкірт білім алып жатыр. Тек Сарыкөлден емес, Алтынсарин, Ұзынкөл аудандарынан, тіпті Көкшетау, Астана қаласынан келіп, оқып жатқандар бар екен.

Ирина Науменко, колледж директоры:

- Бізде студенттердің 40%-і колледж базасында білім алады. Қалғаны дуалды жүйемен оқиды. Түлектеріміздің 70-89%-і өз мамандықтары бойынша тұрақты жұмыспен қамтылады.

Облыста кәсіптік-техникалық білім беретін 33 оқу ордасы бар. Былтыр солардың арасынан Сарыкөл колледжі үздік деп танылып, 68 миллион тенге жеңіп алды.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг