Қазақстандағы қылмыстың әрбір үшіншісін жұмыссыз жастар жасайды. Бұл үлкен мәселе.
Қазақстанда жастар практикасы бойынша берілетін жалақы 30 АЕК, бұл шамамен 110 мың теңге. Қымбатшылық қысқан заманда бұл қаражатқа ешкім жұмыс жасағысы келмейді, себебі аталмыш жалақыға өз қарабасыңды асырай алмайсың. Caravan.kz медиа порталының тілшісі зерттеп көрді.
Өтірік статистиканы доғаратын уақыт келді. Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев осы сұрақты күн тәртібіне шығарып, жұмыссыз жастарға қолдау тетіктерін күшейтуді талап етті.
Біріншіден, “Жастар практикасы” бойынша төленетін жалақыны өсіру керек. Кемінде 40 АЕК деңгейіне жетсе, бұл көп мәселені шешеді. Ал ауылды жерлерге жұмыс істеуге баратын жастарға 45 АЕК көлемінде жалақы төлеу керек. Себебі ауылға мамандар тарту қиын. Қазір елімізде дәрігерлер мен мұғалімдерді ауылға жіберу үшін мемлекет тарапынан қыруар қаражат төленеді. Мысалы дәрігерді тарту үшін 9 млн береміз деп жатырмыз. Ал жастарға неге осылай көмек көрсетілмейді?
Жастардың кәсіп бастауына берілетін кредиттер бюжет тапшылығынан тоқтап қалған. Мысалы Алматы облысында жастар 2024-2025 жылдары жеңілдетілген 2,5 пайыздық несиеден қағылды. Бағдарлама бар, ақша жоқ.
Микрокредит беру мәселесі де бар. Бұл да жастардың кәсіпкерлігін қолдауға арналған. Алайда былтыр Атырау облысы бойынша шешілмеген қаржылық мәселелер салдарынан микронесие беру іске аспаған. Бұл бірнеше облыста кездесетін мәселе.
Түркістан облысында 650 мыңға жуық жас бар. Бұл облыс халқының 30 пайызын құрайды. Олар «Жастар практикасы» бойынша ешқандай жұмыс жасауға ниетті емес. Себебі жалақы төмен.
“Жастар практикасы” бойынша 1 жыл жұмыс істеген жастар кейін бұл бағдарламаға қатыса алмайды. “Зейнетақы қорында ақша бар” деп. Осы шешімді қайта қарау керек дейді депутат.
Сондай-ақ кафе, ресторанда қосымша жұмыс істеген жастар мен “Жасыл елде” қызмет еткен жастар “Жастар практикасына” қатыса алмайды. “Зейнетақы жарнасы төленген” деп. Мұны қайта қарау керек.
ҚР ІІМ: “Қазақстандағы қылмыстың әрбір үшіншісін жұмыссыз жастар жасайды”
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің (ҚР ІІМ) мәліметтері бойынша, елдегі қылмыстардың едәуір бөлігін жұмыссыз жастар жасайды. 2023 жылдың қаңтар-тамыз айларында тіркелген 30,1 мың жұмыссыз құқық бұзушының 24,6 мыңы қылмыс жасаған, оның ішінде 10,7 мыңы орташа ауырлықтағы, 8 мыңы ауыр, 5 мыңы онша ауыр емес және 959-ы аса ауыр қылмыстар. 
Бұл деректер жұмыссыздық пен қылмыс арасындағы байланысты көрсетеді, әсіресе жастар арасында. Құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін жастарды дені дұрыс жұмыспен қамту керек деп дабыл қақты мәжілісмен.
Деректерге сүйенсек, құқық бұзушылықтардың жартысынан астамы Алматыда орын алған. Екінші орында – Алматы облысы, ал антилидер үштігіне Жамбыл облысы кірген. Жоғарыда аталған қылмыстық құқық бұзушылық бойынша ұсталғандардың басым бөлігі 30 жасқа дейінгі жастар. Олардың көбі жұмыссыз жандар.
Қазақстандағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі соңғы мәліметтер бойынша төмендегені байқалады. Бұл әрине ресми статистика. Дегенмен, депутаттың айтуынша, өтірік сандарды келтіруді доғару керек. 2024 жылдың II тоқсанында 15 пен 34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,2% құрапты. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа төмен.
2024 жылдың III тоқсанында бұл көрсеткіш 3,1%-ға дейін төмендеді. Ал IV тоқсанда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,3% болды. 
Жалпы, Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі тұрақты сақталуда. 2024 жылдың IV тоқсанында жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,6% құрады.
«Жастар ресурстық орталығына әкімдіктің әңгіртаяқ ойнатуын тоқтату керек. Өзім төрағалық ететін Республикалық Жастарды қолдау кеңесінде @jastar.kenesi “Жастар арасындағы жұмыссыздық” мәселесін қаузадық. Ұсыныстар орталық мемлекеттік органдарға жолданды», — деп қорытындылады мәжілісмен.