Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының базасында Ұлттық трансфузиология өндірістік орталығының және Terumo® компаниясының техникалық қолдауымен «ГДЖ дайындау және емдік гемокоррекция сұрақтарымен трансфузиологиядағы мейіргерлік процесс» біліктілікті арттырудың сертификаттық циклі өткізілді.
Трансфузиялық терапия бойынша біліктілікті арттыруға бағытталған курс барысында:
- Елімізде гемопоэздік дің жасушаларын дайындау мен сақтаудың нормативтік-құқықтық аспектілері;
- ҚР-да трансфузиологиялық көмекті нормативтік-құқықтық реттеу;
- трансфузиялық терапия негіздері;
- трансфузиялық терапия, гемопоэздік дің жасушаларын дайындау, бөлу, сақтау процедураларындағы мейіргердің функциялары;
- «Spectra Optia» аппаратындағы жұмыстың техникалық және функционалдық ерекшеліктері және т.б мәселелер тақырыпқа өзек болды.
Айта кету керек, 2024 жылы демеушілік қолдаудың арқасында Орталықта аферез және гемопоэздік дің жасушаларын бақылау зертханасы бар клиникалық трансфузиология бөлімшесіне жаңа жабдық орнатылды. «Spectra Optia» жүйесі перифериялық қанның дің жасушаларын тиімді жинауға, сүйек кемігін өңдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, лейкоцитоферез және тромбоцитоферез, терапевтік плазмалық алмасу/плазмоферез, гранулоциттерді, мононуклеарларды бөлу процедуралары қарастырылған. Осылайша, «Spectra Optia» жүйесін қолданудың кеңейтілген көрсеткіштері ГДЖТ көлемін кеңейтуге, басқа орфандық, аутоиммунды аурулар, септикалық жағдайлар және басқа да көптеген педиатриялық нозологиялар үшін әдістемені қолдануға мүмкіндік береді.
Гемопоэздік дің жасушаларын дайындау әдістемесінің күрделілігін, көп сатылылығын ескере отырып, сондай-ақ трансфузиологиялық көмекті, жаңадан келген мамандарды даярлаудың жүйелі тәсілін жетілдіру үшін бөлімшеде тұрақты негізде жұмыс орнында тренингтер өткізіледі. Бұл оқыту барысында трансфузиялық терапия процестеріндегі орта медициналық персоналдың функционалдық талаптарына ерекше назар аударылды: медициналық құжаттаманы жүргізуден, қорларды басқарудан, сақтау, тасымалдау ережелерінен, қан компоненттері мен препараттарын беруден бастап, асқынулар туындаған кезде персоналдың әрекет ету мәселелеріне дейін. Дәріс материалын Ұлттық трансфузиология өндірістік орталығының (Астана қ.) жасушалық технологиялар бөлімінің меңгерушісі М.Е. Оспанова ұсынды.
Оқытудың маңызды кезеңі терапевтік жүйелерді қолдау жөніндегі маман Е.В.Цирулевтің (Ресей) атынан Terumo® компаниясының қолдауымен мононуклеарларды жинау, плазмоферез, лейкодеплеция (гиперлейкоцитоз кезінде лейкоциттерді жою) сияқты жаңа енгізілетін технологияларға «Spectra Optia» машинасында практикалық дағдыларды пысықтау болды. Оқыту нәтижелері бойынша пациентті даярлаудан бастап сеансты аяқтауға және кейінгі бақылауға дейінгі рәсімнің барлық кезеңдерін егжей-тегжейлі сипаттауды көздейтін операциялық процедуралар стандарттарын (СОП) әзірлеу жоспарлануда. Дайындық аяқталғаннан кейін қорытынды тестілеу өткізілді, ол курста оқытылған сұрақтарды қамтыды.
Жоғарыда аталған трансфузиология мәселелері бойынша оқыту үздіксіз медициналық білім беру талаптарын орындауға, Орталық мамандарының біліктіліктерін арттыруға, медициналық қызметті жүргізудің жаңа технологияларымен таныстыруға көмектеседі.
Г.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ