Шымкенттегі ескі гидротехникалық нысандардың бірі – Ақжар су қоймасында күрделі жөндеу жұмыстары басталды , деп хабарлайды 24kz.
Ірі нысанды жаңғыртуға жергілікті бюджеттен 516 миллион теңге бөлінді.
Сала мамандары көктемгі тасқын қаупінің алдын алу үшін қоймаға су құятын арнаны бұрып, қауіпсіздік жұмыстарын күшейтті.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Ақжар су қоймасын жаңғырту ісі қарқын алды. Жоба аясында табаны саз-балшық пен балдырдан тазартылып, қаулаған қамыс орылады. Беріктігі ажыраған бөгет те толық ауыстырылады. Әйтпегенде, гидротехникалық нысаннан келер қауіп күшейіп, жарамсыз деп танылған.
Мұрат Әбдірахманов, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
- Проектіні бастаған кезде жоба құны 800 млн – 1млрд теңгеге дейін көтерілген еді. Алайда госэкспертизада толық тексеріліп болғаннан кейін 526 млн теңгеге түсті. Ақшасы кемігенімен бұл жердегі жұмысы еш өзгерген жоқ. Жоспар бойынша жыл соңында қазан айына дейін толығымен бітеді.
Жоспарға сәйкес су қоймасының сыйымдылығы 732 миллион текше метрге ұлғаяды. «Су қабылдау және оны қауіпсіз өткізу арналары да жөнделіп, техникалық мүмкіндігі жақсарады», - дейді мамандар. Ал құрылыс кезеңінде көктемгі тасқынға төтеп беру үшін балама канал қазылды.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Ақжар су қоймасы транзиттік режимге көшірілді. Енді құрылыс кезеңі аяқталғанша Түркістан облысының таулы аймақтарынан ағып келетін су мұнда ұзақ сақталмайды. Арнайы қазылған қашыртқылар арқылы бірден Бадам өзеніне құяды.
Аймақта көктемгі су тасу қаупінің алдын алу жұмыстары пысықталды. Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің зерттеу қорытындысы бойынша 20 учаске ерекше бақылауға алынған.
Ирисмат Махмудов, қалалық ТЖД басқарма бастығы:
- Шымкент қаласындағы 4 су қоймасының толуы 18%-тен бастап, 95%-ке дейін толған. Су тасқыны кезеңіне дайындық кезінде жалпы 54 шақырымнан астам ирригациялық жүйелер төселген. Қалада бар ирригациялық жүйелерді тазарту бойынша 161 шақырымға тазарту жүргізілді.
Су басу ықтималдығы жоғары аудандарда эвакуациялық пункттердің жұмысы жетілдірілді. Жергілікті халыққа жедел әрекет ету дағдылары түсіндіріліп, алғашқы медициналық көмек, психологиялық кеңес қызметі тексерілді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов