Current Date: 14-03-2025

"Салық психологиясы": Билік дардай блогерлер мен алпауыт компанияларға азу көрсете бастады

Қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың пікірінше, биыл бұған дейін жасырылып төленбей жүрген салықтың кем дегенде 40 миллиард теңгесі қайтатын болады. Себебі билік енді алпауыт компаниялар мен миллиард табысы бар блогерлерді қыспаққа ала бастады.

Биыл салық психологиясының трансформациясы жылы. Бизнестің ірі болсын, кіші болсын нысандарының салық мәдениеті жоғарылайтын болды. Caravan.kz медиа порталы қаржы сарапшысының пікірін жинақтап, ел экономикасында не болып жатқанын саралайды.

Ірі екі құрылыс компаниясы тығыраққа тірелді

Қаржы министрлігі Bi Group пен Bazis-A компаниялары мемлекетке 16 млрд теңге берешек деген ақпарат таратты. Белович пен Рақымбаев блогерлерден бай емес екен. Құрылыс компаниясы түгілі ИП-сы жоқ инстажұлдыздар 53 млрд теңге қарыз болып қалған. Қазірдің өзінде тізімдегі 8 блогер 1,2 млрд теңге салық төлеп үлгеріпті. Қалғандары қаржылық есеп-қисабын ақтарып жатыр.

Тапқаны түскі астан артылмайтын арбакештер мен тиыннан теңге құрап жүрген таксистерді түртпектей беретін салық органдарының өресі өсіпті. Енді олар аты дардай блогерлер мен алпауыт компанияларға азу көрсете бастады.

Бірақ халық, салықшылардың қармағына әлі де шортандар ілікпей жатыр дейді. Джекпот жару үшін Qarmet, Қазақмыс, ҚазМинералс, ОрбисАуто, АстанаМоторс, Магнум сауда желілері сияқты серкелерді тексеруді талап етуде. Себебі табысын жасыруды жалғыз жортатын блогер білгенде, елу экономист пен есепсіз есепші ұстайтын ірі холдингтердің білмеуі мүмкін емес екенін айтуда.

Халықтың бұл талабы орынды.

Қазақстандағы құрылыс нарығын жаулап алған қос компания миллиардтап пайда тауып, тиындап салық төлейді деді Олжас Бектенов. Осылайша екі ірі компанияға екі апта уақыт берді. Үкіметтің қара тізімінде үлкен бизнес өкілдерінің бәрі бар. Егер 15 күн ішінде алпауыттар ақшасын ашық көрсетпесе, мемлекеттік машинаны іске қосып, қолда бар ресурстың бәрін пайдаланамыз деп ышқынып отыр.

Базис кейсі

Басында үй салумен ғана айналысқан бұл компанияның басын тықпаған жері жоқ. Самұрық-Қазынаның тендерлерін түгел алады десек те болады. Тіпті қазір Алматының метросын Беловичтің компаниясы қазып жатыр.

Бұл алпауыттың «Базис Констракшн» деген «дочкасы» бар. Сол компания Атыраудағы «Ұлттық индустриалды мұнайхимия технопаркінің» құрылысын жүргізді. Ел ішінде оны химзауыт деп атайды. Миллиардтар бөлінген сол жобаға жан-жақтан қосалқы мердігерлерді тартқан. Бірақ жұмысты істетіп алып, әлі күнге ақшаларын бермей жүр екен.

Мәселен «Элит Констракшн 2050» серіктестігі төрт жылдан бері 76 миллион теңгесін даулап жүр. Қосалқы мердігер жұмысшыларына жалақы төлеу үшін техникаларын сатып жіберген. Тіпті мемлекетке салығын төлей алмай, есеп-шоттарын бұғаттап тастады. Бір сөзбен айтқанда Базистің кесірінен банкрот болды. Қазір қос тарап соттасып жатыр. Бірақ банкрот болған компания мен алпауыт Базистің арпалысы «тышқан мен түйенің» текетіресіне ұқсайды. Осы күнге дейін Базисті сотта ешкім жеңіп көрген жоқ дейді білетіндер.

Сөйтсек, Базис сияқты алпауыттарға мердігер түгілі мемлекеттің шамасы жетпей жатыр екен ғой. Салық төлеңдер, ақшаларыңды ашық көрсетіңдер, екі апта уақыт беремін деп Үкімет басшысының өзі бекер шүйлігіп отырған жоқ. Демек бұлар министр, салық комитеті дегендерді менсінбейтін де болып тұр ғой?

Мемлекеттік машина осы қарқынмен қарапайым ТОО-лардың да ала алмай жүрген ақшасын өндіріп берсе шікін? Әйтпесе, орта және шағын бизнесті қолдау керек деген Президенттің тапсырмасын Ақордадан алыс жатқан облыстар пысқырмайды да.

BI Group кейсі

Мемлекеттік кірістер комитеті мен BI Group арасындағы текетірес 2021 жылы басталған болатын. Бұл туралы сарапшы Айбар Ожаев жазды.

«Оның мән-жайы Айдын Рахымбаевтың ютуб подкастқа шыққаны туралы постына мен коммент жазып, оған Мемлекеттік кірістер комитетін тегтегеннен кейін ашылғаны әлі есімде. Пікірге жауап берген МКК салық жүктемесі төмен құрылыс компанияларына салықтық тексеру жүргізіп жатқанын, олардың қатарында BI Group та бар екенін хабарлаған», — деді сарапшы.

2021 жыл мен 2022 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша құрылыс компанияларына жалпы 11 млрд теңге қосымша салық есептелген (яғни, салық толық төленбеген). BI Group-қа қатысты 9 тексеру жүргізіліп, 900 млн теңге қосымша салық есептелді. Қазіргі уақытта жалпы 33 тексеру жалғасуда, оның ішінде 15-і BI Group-қа қатысты.

Осыдан кейін, сол жылы BI Group өз сайтында салықтан жалтару туралы ақпаратқа жауап ретінде холдингке қатысты жаппай салықтық тексерулер туралы мәліметті жалған деп атап бой бермеген еді. Компания 2021 жылы бюджетке 47 млрд теңге салық төлегенін, бұл құрылыс секторындағы ең жоғары көрсеткіш екенін атап жазған.

Бүгін де компания тура сол риторикасын өзгертпеді.

«BI Group құрылыс саласындағы ірі салық төлеуші екенін және бюджетке барлық міндетті төлемдерді адал және толық көлемде жүзеге асырып жатқанын жауапкершілікпен мәлімдейміз. Біздің компанияның салық аударымдарын уәкілетті органдар үнемі тексеріп отырады және тексеру қорытындылары бойынша шағымдар түспеген. Компания соңғы 10 жылда жыл сайын KPMG және Ernst & Young тәуелсіз халықаралық аудиторлық компанияларының қаржылық есептілік аудитінен өтеді. Біз күмән тудырған компаниялар қатарына BI Group-ты неліктен қосқанын түсінбедік және компания жұмысының ашықтығы мен адалдығын дәлелдейтін барлық қажетті ақпаратты ұсына отырып, ашық диалогқа дайын екенімізді растаймыз», — деп жауап берді.

Бұл ретте компания тарапынан біршама қулық барын байқаймыз. Үкімет компания өзі есеп берген выручка сомасынан салық төлемейтінін айтып отырған жоқ, себебі ол аудиттелген ақпарат, бухесепте бар. BI Group бейресми обороты анағұрлым жоғары. Бірақ бизнес арнайы салық режимін қолданатын көптеген ұсақ ТОО-ларға бытырап кеткендіктен, бюджетке 20 пайыз КПН салық келудің орнына 3% салық қана келеді. Мысалы, 2023 жылы BI Group 549 млрд теңге выручка көрсете отырып, 48 млрд теңге салық төледі делік. Бірақ егер бизнес бытырамағанда бұл салық кемінде 53 млрд теңге болуы тиіс еді. Арада 5 млрд теңге немесе 1 мектеп жоғалып кетеді. Үкімет осыны айтып отыр.

Екінші мәселе — BI Group өзі мақтанышпен тілге тиек ететін KPMG, EY аудиттелген есептіліктерін сайтына ешқашан ашық жарияламайды. Оны талай ақпарат құралдары сұратқан болатын. Ешкім ала алмады.

Компания бүгін мәлімдемесінде «Біз күмән тудырған компаниялар қатарына BI Group-ты неліктен қосқанын түсінбедік және компания жұмысының ашықтығы мен адалдығын дәлелдейтін барлық қажетті ақпаратты ұсына отырып, ашық диалогқа дайын екенімізді растаймыз» деп жазды. Ендеше керемет, ресми сайтқа аудиттелген есептілікті жариялауды күтеміз.

Пандемия кезінде салынған ауруханаларға қатысты дау туғанда да Айдын Рахымбаев тура осы схеманы қолданған болатын. Ол шулаған қоғамға біз шетелден тәуелсіз аудит жасаттық, оның есебін көрсетеміз деген еді. Борейкомен подкастқа барып, сыртынан бір томды көрсетті де, журналистердің толық танысуына бермей қойды. Ол ютубта бар.

Бизнесім ашық, процесім шынайы деген адам толық ашық жұмыс істеуі керек. Есептілікті сайтқа, депозитарийге жариялауға кім кедергі? BI Group ашықтық, шынайылық принципін ұстанбағандықтан, «неге біз туралы Премьер-Министр айтып жатыр, неге тізімге қосқан?» деп таң қалудың қажеті шамалы.

Салықтық бөлшектеу – салықтан жалтарудың күрделі түрі, ол көптеген елде қатаң санкцияларға әкеледі. Елімізде мұндай схемалар кеңінен қолданылады. Алайда, АҚШ-та салықтан жалтарғаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, ал Францияда бұл мерзім 7 жылға дейін жетеді және ірі айыппұлдар салынады.

«Біздегі салық реформасы осындай лазейкалардың бәрін жаппақ. 2026 жылдан бастап BI Group сияқтыларға жұмыс істеу қиын болады», — деді экономист.

Салық төлеу – бұл мемлекет алдындағы міндет қана емес, сонымен қатар елдің дамуына, инфрақұрылымға, денсаулық сақтау мен білім беру саласына қосылған үлес. Бизнесін салықты азайту мақсатында бөлшектеу – уақытша пайда әкелетін тәсіл, бірақ бұл үлкен айыппұлдар, сот істері және беделдің төмендеуі сияқты күрделі мәселелерге әкелуі мүмкін. Үкімет бизнесті заңды салықтық жоспарлау құралдарымен қамтамасыз етіп, ашық жұмыс үлгісіне көшуге қолдау көрсетеді. Бұл өз кезегінде экономиканы нығайтып, әділ бәсекелестік ортасын қалыптастырады.

Блогерлер кейсі

Әлеуметтік желіде Мейрамбек Беспаев, Тоқтар Серіков, Баян Алакөзова, Алтынай Жорабаева, Бейбіт Әлібеков, тағы басқа да танымал жұлдыздар мен, блогерлердің есімі жазылған тізім жарияланды. Құпия тізімде медиа тұлғалардың миллиардтаған қарыздағы бар екені көрсетілген.

Мемлекеттік кірістер комитеті 594 блогер мен инфлюенсерді кірістерін жасырды деп айыптап отыр. Комитет мәліметінше, олар 2022-2023 жылдар аралығындағы табыстарын дұрыс көрсетпеген. Бұл қаражатты анықтау үшін камералдық бақылау жүргізіліп, салық декларациялары тексеріліпті.

Енді табысын жасырды деп айыпталған азаматтар 30 жұмыс күні ішінде салық органдарына берешегі жоқ екенін дәлелдеуі керек. Егер оны орындамаса, есепшоттары жабылып, салықтық тексерулер тағайындалады.

«Сомаларына байланысты әркім дәлелдеуіне мүмкіндік бар. Кеше төрт-бес блогердің жазбасын көрдім. Иә салық комитетіне барып келдім, Каспи арқылы, басқа арқылы біздің бүкіл табыстарымызды шын мәнінде көріп отыр екен. Бізге бүкілін берді, енді соны заңдастырып қарап жатырмыз. Мынау табысы, мынау ағайынның көмегі, мынау қайырымдылық болып табылады. Бәрін дәлелдесін, әрқайсысының қағазы болады ғой», — деді мәжіліс депутаты Айдос Сырым.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин блогерлер кәсіпкерлік қызметпен айналысқан деп отыр. Егер салық төлеуден жалтарғаны анықталса қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

«Біз қылмыстық істі тек уәкілетті орган тиісті тексеру жүргізіп, мемлекетке салықтардың төленбегені туралы акт немесе қорытынды ұсынғаннан кейін тіркей аламыз. Соманың мөлшері қолданыстағы заңнамамен қарастырылған шектерден асып кетсе, онда қылмыстық іс тіркеледі. Егер бұл шекке жетпесе, онда олар Мемлекеттік кірістер комитеті тарапынан әкімшілік жауапкершілікке тартылады», — деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов.

Ресми ақпарат бойынша өткен жылдың 9 айында блогерлер 1,2 млрд теңге салық төлеген. Бұл ресми тіркелген 745 блогердің қазынаға құйған қаржысы. Есіңізде болсын, егер Instagram, TikTok, Youtube әлеуметтік желілерінде 20 мыңнан асатын оқырманыңыз болса, сізде салық төлеуге міндеттісіз.

Салық психологиясының трансформациясы

Қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың пікірінше, биыл бұған дейін жасырылып төленбей жүрген салықтың кем дегенде 40 миллиард теңгесі қайтатын болады. Оның 16 миллиардын ірі құрылыс компаниялары берсе, қалғанын басқа салалардағы компаниялар, ірі ресторан желілері, караокелер мен блогерлер жинап бермек.

Демек салық реформасы тек қана жаңа Кодексті қабылдаумен аяқталмайды. Негізгі реформа психология тұрғысында жүрмек. Бизнес бәрібір салықтан жалтара алмайтынын, дер кезінде салық төлесе ғана тыныш ұйықтай алатынын түсіне бастады.

Бұл әлеуметтік жүктемесі халық саны өскен сайын, жылда индексация жасаған сайын қарыштап өсіп келе жатқан еліміздің бюджетіне ауадай қажет.

Ұлттық қор, басқа да резервтер бұл жыртығымызды жамай алмайтыны түсінікті болды. Өз кезегінде енді бизнес те өзі төлеп жатқан салықтың әділ үлестірілуін, мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың тиімді жұмыс істеуіне үн қату мүмкіндігіне ие болмақ.