Current Date: 14-03-2025

«Орталық Азия» жұмысы заңмен бекітілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар халықаралық келісімді ратификациялап, депутаттық сауалдарын жолдады.

Екі елдің іскерлік байланысын ілгерілетеді

Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қыз­метін реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Орталық шекаралас аумақтарда орналасқан және оның әр бөлігі өз мем­лекетінің құзырында болады.

– Мақұлданған заң Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өнеркәсіп саласындағы жаңа коо­перация орталығының құқық­тық негізін айқындайды. Соның аясында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының мәртебесі, оның қызмет түрлері мен құзы­реті белгіленді. Алдағы уақытта заң бауырлас екі елдің іскерлік байланыстарын арттыруға, сондай-ақ сауда-экономикалық қатынастарын нығайтуға оң ықпал тигізеді деп сенеміз, – деді М.Әшімбаев.

Депутаттар атап өткендей, орталықтың қызметі тараптардың шағын және орта өнеркәсіптік кәсіпорындарын халықаралық қосылған құн тізбегіне интеграциялау үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Енді заңға сәйкес шекара маңындағы аумақ­тар­дың өндірістік базасын пайдалану тиімді болып, орталық терри­ториясында құрылатын өнер­кәсіптік кәсіпорындардың өнді­рісі оңтайландырылмақ. Нәти­ж­есінде, олардың бәсекеге қабі­леттілігі жоғарылайды, сон­дай-ақ инновациялық және ғылым­ды қажет ететін өндірістер дамиды.

Жерлеу бюроларында олқылық көп

Бұдан соң депутаттық сауал­дарға кезек берілді. Алдымен Андрей Лукин өз сауалында жерлеу рәсімдерін ұйымдастыратын бюролардың заңсыз қызметін, жалпы осы салада мемлекеттік бақылау жоқ екенін айтып, мәселе көтерді.

– Елде жерлеу қызметтері саласында айтарлықтай мәселелер жиналып қалған. Олардың ішінде заңсыз жұмыс істейтін жерлеу бюролары, зираттарды күтіп-ұстау проблемасы және мемлекеттік бақылаудың жоқтығы бар. Зираттар жекеменшікке өтіп, салдарынан баға өсіп, тіпті жерлеу орындарында орын алу қиындық туғызып отыр. Тәжі­рибе көрсетіп отырғандай, жерлеу қызметтерінің нарығы моно­по­лияға айналып, қылмыстық әре­кетке ұласуы мүмкін. Өйткені учаскелерді заңсыз сату, ақшаға бөлу, сондай-ақ жерлеу орындарын қайта сату секілді фактілерді жасы­ра алмаймыз. Мұның бәрі аза­маттардың құқығын бұзып, құ­қық қорғау органдарының жұмы­сына әсер етеді, – деді сенатор.

Депутат осыған байланыс­ты зираттар тек мемлекеттің мен­шігінде болуы қажет екенін айтады. Ол заңмен бекітіліп, жерлеу рәсіміне мемлекеттік цифрлық есеп жүргізілуі керек. Сондай-ақ жерлеу қызметтерінің бағасы бақылануы қажет.

– Марқұмдарды жерлеуге байланысты рәсімдерді реттеу және жерлеу ісінің құқықтық негіздерін айқындау мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдарға «Қазақстан Республикасындағы жерлеу және жерлеу ісі туралы» заң жобасын әзірлеуді тапсырған жөн, – деді А.Лукин.

Қорғаныс өнеркәсібіне шұғыл реформа қажет

Геннадий Шиповских еліміз­дің қорғаныс өнеркәсібін реформалау қажет екенін айтты.

– Елімізде әскери техника­ның жазылған сипаттамаларын растай алатын сертификаттау орталықтары мен сынақ полигондары жоқ. Сондықтан өндірілген броньды машиналар қолайсыз жағдайда сынақтан өтеді, ал оның қорғаныс мүмкіндігі қандай екені іс жүзінде ғана тексеріледі. Бұл әскери қызметшілерге қосымша қауіп төндіреді, өйткені техника тиісті стандарттарға сәйкес келмеуі мүмкін. Қазір қорғаныс өнер­кәсібі қару-жарақ пен әскери тех­ни­каны өндіруге, сатуға, тех­никалық қызмет көрсетуге арнал­ған жобаларға қарыз есебі­нен қара­жат тарта алмайды. 2023 жылы құрылған Қорғаныс-өнер­кәсіп кешенін дамыту қоры­ның 1,5 жылдан аса уақытта қорға­ныс-өнеркәсібінің отандық кәсіп­орын­дарын қаржыландыру бойынша қандай да бір маңызды жоба­лары байқалмайды, жоба­лар­ды қаржыландыру шарттары да белгісіз. Ал бұл жаңа кәсіп­орын­дарды құруға кедергі келтіріп, бә­се­келестікті азайтады және отандық өндірісті дамыту мүмкіндіктерін шектейді, – деді Г.Шиповских.

Сондай-ақ сенатордың айтуынша, әскери техниканы сертификаттау орталығын құрып, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қа­лыптастыру қажет. Бұған қоса отандық тауар өндіруші­лер­дің индустриялық сертифика­тын және аккредиттелген ұйым­ның қо­ры­тындысын беруі жөнін­дегі талаптарды алып тастау керек.

Жол-көлік оқиғалары екі есе артты

Ал Марат Қожаев жол апат­тарының артқанын айтып, Үкіметті жүргізушілер даярлайтын ұйымдарға мем­лекеттік бақылауды күшейту­ге шақырды. Оның мәліметінше, өткен жылы жол-көлік оқиғалары алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көбейіп кеткен. Жа­рақат алған балалар саны 4 мың­нан 10 мыңға дейін өскен. Жүр­гізу­шілерді даярлау деңгейінің төмендігі жол апаттарының жиілеуіне себеп болып отыр.

– Бас прокуратураның есеб­і­не сәйкес, жол-көлік оқиғалары­ның 96 пайызы жол қозғалысы ере­же­лерін бұзудан болады. Көптеген жүргізушілер мектебі­нің түлектері сапалы білім алмайды, ал кейбірі жүргізуші куә­лігін заңсыз жолмен ием­денеді. Такси қызметінде де елеу­лі кем­шіліктер байқалып отыр. Такси жүргізушілері демалыс­сыз жұмыс істейді және міндет­ті ме­ди­циналық тексеруден өтпейді. Жүргізушілерді даярлау және аттестаттау жүйесін жетілдіру шараларын қабылдау қажет. Алдымен жүргізушілерді оқытатын ұйымдарға мемлекеттік бақылау енгізіп, емтихан тапсыру және жүргізуші куәлігін алу тәр­тібін қайта қарау керек. Соны­мен қатар айналма жолдардың құ­ры­лысын жеделдетіп, елді мекендерде жарықтандыру мен жаяу жүргін­шілер өткелдерін салу қажет. Жол-көлік оқиғаларын есепке алудың бірыңғай цифр­лық жүйесін әзірлеп, заманауи жол стандарттарын енгізудің де маңызы зор, – деді депутат.

М.Қожаев жол ережесін бұзушыларға жасырын патрульдеу әдісін қолданып, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу және жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерді қайта емтихан тапсыруға міндеттеуді ұсынды.

Қант қызылшасы алқабын қысқарту тиімсіз

Сенатор Жанболат Жөрген­баев ауыл шаруашылығы жер­лері мен жайылымдардың тап­шы­лығынан туындаған проб­лемаларды көтеріп, аталған келең­сіздік аграрлық сектордың дамуына кедергі келтіретінін, азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін айтты.

Еліміздің аграрлық секторын дамытуға ауыл шаруашылығы жерлері мен жайылымдар­дың жетіспеушілігі елеулі кедергі болып отыр. Депутаттың ай­туынша, кейінгі жылдары елі­міз­дегі ауыл шаруашылығы ал­қап­тарының көлемі 20,6 млн гек­тарға қысқар­ған. Өйткені жерлер орман қоры­на берілмеген, олар тиімсіз пайдаланып, жайы­лымдар тиімді бөлінбеген. Нәти­жесінде, фермер­лер мал жаюға арнайы орман билетін алуға мәж­бүр. Бұл олар­дың жұмы­сын қиындатып, жа­йылым тапшы­лығын күшейтеді. Қазірдің өзінде бірнеше миллион гектар жайылым жер тапшы.

– Орман қоры құрамын­дағы ауыл шаруашылығы жерлері­не кешенді талдау жүргізіп, қысқа­мерзімді пайдалануға берудің тәртібін қайта қарау қажет. Орман қоры жерлерін цифр­лық жүйеге келтіріп, кадастрға енгізу керек. Аталған шаралар аграр­лық сектордың дамуына, азық-түлік қауіпсіздігін қамта­масыз етуге, ауылдық аймақтар­дың эко­номикалық әлеуетін арт­­тыруға ықпал етеді, – деді депутат.

Ал Закиржан Кузиев қант өндірісі саласында қордаланған мәсе­лелерге тоқталып, Жамбыл және Жетісу облыстарында ша­ғын қайта өңдеу зауыттарын салу арқылы бұл түйткілді оңтай­лы шешуге болатынын айтты. Сондай-ақ депутат Тараз қант зауы­тында меншік иелерінің инвес­тициялық міндеттемелерді орын­дауына байланысты тексеру жүргізу қажет екенін де тілге тиек етті.

– Қант қызылшасының егіс алқаптары мен өнімділігі артып келеді, алайда зауыттар жиналған өнімді өңдеуге үлгермей жатыр. 2024 жылы 1,2 млн тонна қант қызылшасы жиналған, бірақ оның тек 608 мың тоннасы ғана өңделген. Қалған бөлігі не алқапта қалып қойған, Қырғызстанға жөнелтілген. Бұған зауыттардағы тозған жабдық себеп болып отыр, олардың кейбіреуі 100 жылдан бері пайдаланылып келеді. Сонымен қатар жоспарланған жаңғырту жұмыстары, әсіресе Тараз қант зауытында, әлі күнге дейін жүзеге аспаған. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл қант қызылшасының егіс алқабын 25 мың гектардан 17 мың гектарға дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл фермерлерге қиындық туғызуы мүмкін, себебі олар мемлекет ұсынған ұзақмерзімді бағдарламаға сүйеніп, техника сатып алып, мамандар даярлаған, – деді З.Кузиев.

Оның айтуынша, қант саласы дағдарысқа тап болды, бұл – тиімсіз жоспарлау мен жүйелі проблемалардың нәтижесі. Мұны елеусіз қалдыруға болмайды. Осыған байланысты 2026 жылға арналған қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың орындалуын қатаң бақылауға алып, Жамбыл және Жетісу облыстарында шағын қайта өңдеу зауыттарын салу керек. Сондай-ақ Тараз қант зауыты иелерінің инвестициялық міндеттемелердің орындалуын тексеру қажет. Егер дәл қазір әрекет етпесек, бұл стра­тегиялық маңызды салаға бақы­лауды мүлде жоғалтып аламыз.