Семей – Алаштың алтын бесігі. Осы бір қасиетті топырақта талай алыптар дүниеге келіп, азаттықтың алауын жақты, Алаш туын тікті . Сол ұлы мұраттың бастауы болған білім ордасы – бүгінгі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж. Бұл шаңырақ тек ұстаз даярлайтын қарапайым оқу орны ғана емес, қазақ руханияты мен ғылымының қайнар бұлағына айналған қасиетті білім ошағы.
Күні кеше Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен «100 жыл және одан да көп тарихы бар білім беру ұйымдары» тақырыбында министр Ғани Бейсембаев мектептер мен колледж басшылары және ұжымдарымен кездесті. Аталған айтулы шараға Алаштың тұңғыш білім ордасы – М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің ұжымы мен студенттері де қатысты.
«Ел тарихындағы 100 жылдан астам уақыт жұмыс жасап келе жатқан білім беру мекемелерінің өткен тарихын зерделеп, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу – бұрын-соңды министрлік тарапынан болмаған бастама. Министрліктің бұл маңызды бастамасына ұжым атынан алғыс білдіреміз. М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі – еліміздегі кәсіби маман даярлайтын тұңғыш оқу орны. Білім ошағының құрылуы және қалыптасуы еліміздің тарихындағы шиеленіскен, күресті кезеңімен тығыз байланысты», деді Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры, Шағангүл Жанаева.
Расында бұл оқу орнының тарихы тереңде. 1903 жылы ашылған Семей мұғалімдер семинариясы Батыс Сібір оқу округіндегі халық мектептерін мұғалімдермен қамтамасыз етті. Семинария 1920 жылы Халыққа білім беру институты, 1922 жылы педагогикалық техникум, 1937 жылы педагогикалық училище, 1992 жылы педагогикалық колледжі сынды құрылымдық кезеңдерді басынан өткерді. Алаш қайраткерлерінің, ұлттық білім мен ғылымның іргетасын қалаған оқу орнында әр жылдары білім алғандығы, оқытушылық қызмет атқарғандығы жалғыз оқу орнының ғана емес, тұтас еліміздің игілігі болады десек артық айтқандық емес.
«Бұл оқу орны – Ел тәуелсіздігі тарихында күрескерлік Рухымен, тұлғалы түлектерімен айрықша дараланатын білім ордасы. Оқу орнында алаш қайраткерлері, семинария түлегі – Әбікей Сәтбаев, Халел Ғаббасов, Әлімхан Ермеков, педтехникум оқытушысы, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов, Мәннан Тұрғанбаев, Сейітбаттал Мұстафин, Ғалиақпар Төребаев, Тайыр Жомартбаев оқытушылық қызмет атқарған», дейді Шағангүл Алдамжарқызы.
Колледждің директорының айтуынша, Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлері, семинария түлектері Құрманбай Мұздыбаев, Барлыбаев Ахметолла, Нұркин Тәуекел, Хасенов Әбіш, ағартушы-педагог ағайынды Биахмет, Жанахмет Сәрсеневтер, Имамағзам Әлімбеков, Рахымбай Сапақов, Мұстафа Шантин, Әбдікәрім Дүйсебаев, Бекенаев Қасымхан, қазақ әдебиетінің классигі Жүсіпбек Аймауытов, Қазақстан ғылым академиясының негізін қалаушы, академик Қаныш Сәтбаев, «Алаштың тұңғыш құрбаны» деген атпен тарихта қалған, Алаш милициясының командирі Қазы Нұрмұхамедов, Сейсембаев Ахметбек, ұлттық археология ғылымының негізін салушы, академик Әлкей Марғұлан, ағартушы-педагог, Рақымжан Жаманқұлов, Мұсатай Ақынжанов, ақын Ахат Құдайбердиев, Ғайса Сармурзин, педагог ғалымдар: Мұратбек Бөжеев, Жұмат Досқараев, саяси қуғын-сүргін құрбаны Тұрлыхан Қасенұлы, ұлттық кино өнерінің негізін қалаушы Шәкен Айманов, тұңғыш қазақ генералы, Қазақ КСР Ішкі істер министрі Шырақбек Қабылбаев, Қазақ КСР-ның Оқу министрі, педагогика ғылымдарының докторы Әбдіхамит Сембаев, Кеңес Одағының Батырлары: В.Бунтовских, В.Шулятиков, Социалистік Еңбек Ерлері: Жақия Шайжүнісов, М.А.Носова, Д.М.Парий, Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов, әйгілі композитор Бекен Жамақаев тағы басқа ұлт зиялылары мен қоғам қайраткерлері осы оқу орнында білім алып, ел мәдениеті мен тарихына зор үлес қосты.
Тере берсек, бұл оқу орнының тарихы бір университеттің шежіресінен де терең деуге болады. Мәселен, оқу орнының 110, 115, 120 жылдық мерейтойларында ғасырлық тарихы зерделеніп, «Алаштың тұңғыш білім ордасы» атты 3 томдық тарихи-танымдық кітабы жарық көріпті. Колледж тарихын зерттеу барысында Қазақстан Орталық мемлекеттік архиві, Ресейдің Омбы, Томск архивтерінен мол дерек табылып, жүйеленген.
«Қазір Колледжде 75 педагог жұмыс істейді, олардың 36%-ы, яғни 27 оқытушын ғылым кандидаты, магистр деген ғылыми-академиялық дәрежесі бар. Ал 28 оқытушының жоғары педагогикалық құзыретін көрсететін педагог-шебер, педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы деген лауазымы бар. Бұған оқытушылардың көбіреспубликалық конкурстардың жеңімпазы. Бұл колледждің оқытушылар құрамы кәсіби әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Оқу орнында 1 500-ға жуық студент білім алады. Соңғы 3 жылғы көрсеткіш бойынша түлектердің жұмысқа орналасуы 90%-дан жоғары», дейді колдедж қызметкерлері.
Бүгінде бұл оқу орнының абыройын асқақтатып тұрған студенттерде жетерлік екен. Мәселен, WorldSkills Kazakhstan республикалық чемпионатының жеңімпаздары А.Жақсыбаева, А.Кенесханова, еліміздегі колледждерінің «үздік 10 студент» қатарына кірген Ш.Баймулаев, Е.Бейсембаева және басқа жеңіс тұғырынан көрініп жүрген спортшы жастарды мақтанышпен айтуға болады.
2022 жылы 30 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына келген сапарында колледжге арнайы ат басын бұрған еді. Оқу орнының айтулы тарихымен танысып, болашақ педагог мамандарды даярлау үрдісіне жоғары баға бергені әлі есімізде. Ұлы жазушы М.Әуезовтің атындағы педагогикалық колледж бүгінде еліміздің ағартушылық саласындағы тарихи жолын жалғап келе жатқан бірегей оқу орны екенін көрсетіп келеді.
АБАЙ ОБЛЫСЫ