Елде мигранттар көбейді .
Шекарадан өткен шетелдіктердің көбі жұмыс іздеп келген. Олардың арсында құрылыстағы қара жұмысқа жегілгендермен қатар басшылық қызметте жүргендері де бар.
Ал жарты млн-ға жуық қазақстандық екі қолға бір күрек таппай жүр. Кадр тапшылығы тағы бар. Еңбек нарығындағы қарама-қайшылыққа не себеп?
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Мына қызықты қараңыз. Қазақстанда жарты млн-ға жуық жан жұмыссыз жүр. Ал елден екі қолға бір күрек таппаған 140 мың отандасымыз өзге елдерде еңбек етуге мәжбүр. Сөйте тұра бізде еңбек мигранттарына сұраныс артқан. Шетелдіктердің дені шығыстағы көршілеріміз. Қазақстанда 5 мың қытай азаматы қызмет етеді. Сондай-ақ Үндістан, Түркия, Өзбекстан азаматтары да көп.
Жұмыссыздар — 448 мың
Шетелде еңбек ететін қазақстандықтар — 140 мың
Қытай — 4 945
Үндістан — 1 169
Түркия — 1 165
Өзбекстан — 1 056
Бізде бас-аяғы 13 мыңнан астам шетел азаматы еңбек етеді. Оның 3 мыңы басшылық қызметтерде жұмыс істейді. Сондай-ақ маусымдық қол күшіне тартылғандар мен түрлі салаларда тер төгіп жүргендер бар. Бұдан бөлек жеке шаруашылықтарда еңбек ететін шетелдіктер де көп. Оларға жыл сайын 300 мыңға жуық квота беріледі.
Еңбек мигранттары — 13 584
Басшылар мен орынбасарлар — 569
Бөлімше басшылары — 2 514
Білікті жұмысшылар — 4 711
Маусымдық жұмысшылар — 1 217
Ерлан Райғаниев, ҚР ЕХӘҚМ көші-қон комитеті төрағасының орынбасары:
- Өткен жылы мысалы 24 жылға 294 мың бірлік бекітілген. Үй шаруашылығы ол тек қана жеке тұлғалар өзінің жаңағы үйіне болмаса пәтерлерін ремонтқа өткізуге тартылатын еңбек мигранттары. Мұндай еңбек мигранттары бір үй шаруашылығына 5 адамнан аспауы тиіс. Осы жұмыс берушілермен жеке тұлғалармен өткен жылы мысалы 260 мың шетелдік азаматтар жұмысқа тартылған.
Ресми статистика осылай дейді. Дегенмен, келімсектер бұл көрсеткіштен көп болуы бек мүмкін. Әңгіме шекараны заңсыз кесіп өтетендер жайлы. Былтыр көші-қон заңнамасын бұзған 14 мыңнан астам шетелдік анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мың жарымы Қазақстан аумағынан шығарылды. Мұндай жағдай биыл да бар. Сондай-ақ, еңбек мигранттарын заңсыз жұмысқа алған қазақстандықтар жетерлік.
Ғалымжан Пірімбет, Астана қалалық Көші-қон қызметі басқармасы сыртқы көші-қон бөлімінің басшысы:
- Ағымдағы жылдың 2025 жыл 2 айы бойынша 1700-ден артық шетел азаматы бар. Оның ішінде әкімшілік құқық бұзғаны үшін 300-ден астамы Қазақстан аумағынан шығарылды соттың шешімімен. Еңбек заң бұзған ҚР азаматтары шетел азаматтарын заңсыз жұмысқа тарту бойынша 2024 жылғы 1200-ден астамы Қазақстан азаматы тартылды.
Кейінгі кездері бай-бағландар бағбан, бала күтуші, аспаз секілді үй қызметкерлерін шетелден алдыруды сәнге айналдырған сыңайлы. Оның ішінде афроамерикалық азаматтарға сұраныс жоғары. Сондай-ақ тау-кен, мұнай өңдеу салаларында да шетелдік жұмыс күшіне жүгінуге мәжбүрміз. Себебі біздегі әлеуметтің кәсіби әлеуеті әлсіз.
Светлана Грамс, жұмыспен қамту агенттігінің құрылтайшысы:
- Бізге ай сайын 30 шақты өтініш түседі. Ал айына 7 адамға дейін жұмысқа орналастырамыз. Компаниямыздың құрылғанына 16 жыл болды. Алғашқыда миграциялық қызметтер көрсететін мекеме болып ашылдық. Яғни резидент еместерге еңбек визасын немес басқа да құжаттарын рәсімдеп, елде заңды түрде тұрақтауына көмектесіп келдік. Қазір 10 жылдан бері мигранттарды жұмыспен қамту агенттігіне айналдық. Дәлірек айтсақ, бала және үй күтушілерін іріктеп, жұмыс тауып береміз.
Нұрлан Байғабыл, әлеуметтанушы:
- Бізде еңбек мигранттарының, әрине, қажеттілігі бар деп санаймын. Әрине, ол қай жағынан? Кәсіби біліктілігі бар шетелдік мамандар қажет. Сондықтан шетелдік мамандарға квота бергенде, оларды жұмысқа тартқан кезде біз олардың кәсіби біліктілігіне, әлеуетіне қарауымыз қажет.
Елінен еншісін алып, Қазақстанға жұмыс іздеп келген жанның бірі филиппиндік Джодет. Қазір Астанада бала күтушісі болып қызмет етеді.
Джодет Тугалле, мигрант:
- Жасым 43-те, жалғызбасты анамын. Қазақстанды таңдаған себебім мұнда басқа жаққа қарағанда жалақы жоғары, бұған дейін Гонконгте 11 жыл жұмыс істедім. Сосын Қазақстанның климаты қызық болды, бұрын-соңды қар көрмегендітен осы жақтың қысын сезінгім келді. Адамдар да қарапайым әрі көмектесуге дайын тұрады.
140 мың қазақстандық шетелде жұмыс істейді
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Ал қазақстандық жұмысшылардың жай-күйі қалай? Елде еңбек жасындағы 10 млн-ға жуық адам бар. Оның 9 млн-ы жұмыспен қамтылған. Қалған қараша екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүр. Тіпті 140 мың қазақстандық өзге мемлекеттерде жұмыс істейді.
12 мың адам шетелге қоныс аударған
Былтыр 12 мыңнан астам адам шетелге қоныс аударған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 20 пайызға көп. Дені Ресей, Германия, Польшаға кеткен. Қазақстан қандай кәсіби кадрлерден айырылды. Статистика бюросына сұрау салдық.
Қоныс аударғандар — 12 784
Ресей — 8 800
Германия 1993
Польша — 362
Қайыр Рысбаев, Ұлтттық статистика бюросының бас сарапшысы:
- Кеткен адамдардың 69 пайызы жұмыс істей алатын азаматтар. Сондай-ақ шетелге кеткендердің 2900-дан астамында жоғары білімі бар. Оның ішінде техникалық мамандық иегерлерінің саны 1547 адамды құрайды. Ал педагогикалық мамандар 493 адамды құрады.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Азаматтардың елден өзге мемлекетке кету себебі әрқилы. Бірі тарихи отанына оралса, біреулер табыс табу үшін барады. Ал өзіміздің елдегі еңбек нарығында кадр тапшылығы бар. Әсіресе техникалық мамандық иелеріне сұраныс жоғары. Мамандар 2030 жылға қарай қызметкер қажеттілігі 1,8 млн жанға жетуі мүмкін дейді.
Шернияз Жалғасбекұлы, Аружан Серікқызы