Мемлекет жастардың қоғамдық өмірге белсене араласуына, еркін білім алып, азаматтық ұстанымының қалыптасуына ерекше мән береді. Сондай-ақ оларға кәсіпкерлік не әлеуметтік қолдау көрсетіп, дамуына жағдай жасайды.
Осыдан екі жыл бұрын наурыз айында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы күшіне енді. Аталған құжат жастарға қандай мүмкіндіктерге жол ашты?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заңда бұрын 14–29 жас аралығындағы азаматтар жас саналса, мұның шегі 35-ке дейін ұлғайтылды. Тиісінше, елдегі бірқатар азамат бағдарламалар мен жобаларға қатысуға мүмкіндік алды. Одан қалды бұл жаңашылдық мемлекеттік қолдау шараларын кеңінен пайдалануға мүмкіндік берді.
Есесіне мемлекеттік бағдарламалар негізінде еңбекке араласқан, тәжірибе жинақтап кәсіп ашқан, баспаналы болған жастар көбейді. Мәселен, «Jol tap», «Jumys tap» сынды бағдарламалар мен «Jobfair365» платформасының ықпалымен былтыр 400 мыңнан аса жас жұмысқа орналасты. Уақытша болса да, «Жасыл ел» маусымдық жобасы да кейінгі үш жылда 100 мыңнан аса азаматтың табыс табуына жәрдемдесті.
Елдегі жастар саясатын жүзеге асыратын 231 Жастар ресурстық орталығы 500-ден аса бос жұмыс орын жәрмеңкесін ұйымдастырды. Іс-шараларда заңгерлік, психологиялық, кәсіптік бағдар, мемлекеттік бағдарламалар, волонтёрлік, жұмыспен қамту жөнінен миллионнан аса жас кеңес алды.
Ал жастармен тікелей жұмыс істейтін осы орталық мамандарының біліктілігін арттыру мақсатында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы 2020 жылы «Мемлекеттік жастар саясаты мектебі» жобасын іске қосты. Содан бері төрт жыл аралығында облыстық, қалалық және аудандық ЖРО-ның мыңнан аса қызметкері оқудан өтті. Былтыр Ақтөбе, Тараз, Астана, Қарағанды қаласында 160 маманды қамтитын семинар-тренингтер де өткізілген.
Бұған қоса 2021 жылдан бастап ҒЗО жанынан Үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Оның құрамына облыстық және қалалық ЖРО директорлары, ғылыми қызметкерлер мен жастар саясаты саласындағы сарапшылар бар. Олар ЖРО қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсарту бағытындағы мәселелерді де қарастырды. Осылайша, Астана, Шымкент, Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан облысында қызметкерлердің жалақысы жергілікті бюджеттер есебінен 30–70%-ға көтерілді. Қалған өңірлерде бұл тәжірибе жергілікті атқарушы органдардың бюджет мүмкіндіктеріне қарай біртіндеп енгізіледі.
Жастарға арналған қоғамдық кеңістіктерді дамыту мақсатында өңірлерде комьюнити және коворкинг орталықтарын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде республика көлемінде 58 коворкинг орталық жұмыс істейді. Алматы қаласында және Қызылорда мен Қарағанды облысында комьюнити орталықтары ашылды. Бұл кешенді жұмыс 2023–2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы негізінде іске асырылып келеді.
Жұмыс істемейтін не оқымайтын NEET санатындағы 160 мың отандасымыздың бастамаларын қолдау мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігі «Zhas project» аясында 280 грант бөлді.
Бүгінде «Отбасы банк» облыс әкімдіктерімен бірлесіп, елдің 16 өңірінде жұмыс істейтін жастарға арналған арнайы ипотекалық бағдарламаларын іске қосты. Статистиканы бағдарласақ, 2017 жылдан бастап, мемлекеттік бағдарламалар аясында 35-ке дейінгі 7 200-ден аса азамат баспаналы болған.
Жастар саясатының басты бағыттарының тағы бірі – кадрлық әлеуетті арттыру. «Президенттік жастар кадрлық резерві» – Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2019 жылдан бастап іске асып келе жатқан жоба. Қазіргі уақытта 315 резервтегі жас мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарға тағайындалды.
Жобаға қызығушылық жыл сайын артып келеді: 2019 жылы – 13 мың адам, 2021 жылы – 22 мың адам, 2023 жылы – 31 мың адам тапсырды. Үш іріктеудің нәтижесі бойынша 400 адам резервке қабылданды. Олар саяси мемлекеттік лауазымдарға, «А» корпусына, сондай-ақ «Б» корпусындағы басшылық қызметтерге тағайындалу мүмкіндігіне ие болды.
Былтыр алғаш рет барлық өңірде аймақтық кадрлық резервке іріктеу өтті. Оған республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың жергілікті атқарушы органдары қатысты. 505 адам екі жыл мерзімге резервке қабылданып, мемлекеттік органдардың келісімімен «Б» корпусындағы әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға конкурссыз тағайындалды.
Бұған қоса мемлекет гранттар мен сыйақылар арқылы жастарға үнемі қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, былтыр 90 млн теңгеге «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты 30 жасқа табысталды. Жобада ғылым, мәдениет, IT, медиа, бизнес, волонтёрлік секілді тақырыптар қамтылды.