Current Date: 15-03-2025

Ұлтты іргелі мақсаттарға бастайды

Ортақ келісім мен өзара сенім жүрмеген жерде ешқандай іс алға баспайтыны анық. Бүгінде еліміздің мемлекеттік саясатының басты бағыттарының бірі билік пен халық арасындағы диалогті нығайту екені даусыз. Осы мақсатта Мемлекет басшысы 2019 жылы қызметіне кірісе сала «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді іске асыру мақсатында Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі (ҰҚСК) құрылатынын хабарлады. Көп ұзамай бұл игі бастама сәтімен жүзеге асырылды. Кейінірек осы кеңестің идеялары Ұлттық құрылтайға мұрагерлікке өтіп, мақсат-мұраттары үндесе кетті.

Мемлекет басшының бастамасымен 2022 жылы құрылған Ұлттық құрылтай қоғам бірлігін дамытатын маңызды алаңға айналды. Құрылтай дәстүрінің қайта жаңғыруы халықтың ерік-жігерін біріктіріп, мемлекеттік маңызы бар өзекті мәселелерді шешуді көздейді. Құрылтайдың жыл сайынғы жиынына тікелей төрағалық ететін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның бірлік пен ұлттық құндылықтарды нығайтудағы рөлін ерекше айтып жүр.

Мемлекет басшысы ұлт ұясы Ұлытау­дың төрінде өткен құрылтайдың алғашқы отырысында құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін айтып, бабаларымыз маңызды мәселелерді осын­дай алқалы жиында талқылағанын, халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтам­ға келгенін және мұндай шешім­дер бүкіл елді біріктіргенін атап өткен.

«Қазақ құрылтайларының бәрі ел дамуына зор өзгеріс әкелген. «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» деген нақыл сөз содан қалса керек. Біз бабалар жолын ұста­нып, құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырт­тық», деген еді сол жолы Президент.

Ал төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар Сарайшыққа жа­қын жатқан Атыраудағы үшінші отырыста Мемлекет басшысы ұлт сапасын жақ­сартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптас­тыруы­мыз қажеттігін айтты. Әрі құрылтай ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болмағанын, келешекте де ондай болмайтынын ескертті.

«Алдыңғы екі отырыста елімізді дамытуға қатысты маңызды бастамалар көтерілді. Оның біразы орындалды. Жалпы, өзгерістер барлық салада болып жатыр. Мен былтыр күздегі Жолдауымда жаңа экономикалық саясатқа көшеті­німізді айттым. Ақпанның басында Үкімет ауысты, жаңа міндеттер жүктелді. Дегенмен нағыз дамыған ел болу үшін тек экономикалық мақсат қою жеткіліксіз», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Атыраудағы құрылтайда.

Аз ғана уақыттың ішінде ауқымды қоғамдық институтқа айналған Ұлттық құрылтай ел тұрғындарының кең ауқымды пікірі мен көзқарасы тоғысатын негізгі ұлттық диалог алаңына айналды. Бұл Президенттің жоспарына сәйкес мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтып, еліміздің даму жолында нәтижелі де өзара тиімді ынтымақтастыққа септігін тигізеді.

Ұлттық құрылтайдың жұмысы жылына бір рет Президенттің қатысуы­мен өтетін үлкен отырыспен ғана шектеліп қалмайды. Құрылтай тиімді жұмыс істеуі үшін оның қызметін кеңейтуге және өзара іс-қимылдың жаңа тәсілдерін енгізуге ықпал ететін жұмыс отырыстары өткізіліп отырады. Жұмыс топтары аймақтардағы жиынға белсене қатысып, қоғамның түрлі салаларымен байланысын нығайтады.

Биылғы ақпанның 1-інде Астанада өткен Ұлттық құрылтайдың жұмыс секцияларының отырыстарына арналған жиында Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың биылғы қызметінің негізгі бағыттары Президенттің қаңтар айында «Ana tili» газетіне берген сұхбатында және Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде айқындалғанын атап өтіп, жүргізіліп жатқан реформалардың маңызына тоқталды.

«Бүгінде Мемлекет басшысының бастама­сымен және басшылығымен мемле­кет­тігімізді дамытуды және ұлттық эконо­миканың негіздерін нығайтуды көздейтін аса маңызды реформалар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Біз қазірдің өзінде бұл реформалардың нақты нәтижесін көріп отырмыз. Елімізде инженерлік желілер мен коммуналдық шаруашылық нысандары барынша жаңартылып жатыр. Энергетика саласында ірі жобалар іске асырылуда. Барлық аймақта мыңдаған шақырым көлік және теміржолдарын жөндеу және салу жұмыстары қолға алынды. Бірқатар қалада әуежайдың ескі терминалы жаңартылып, жаңа терминал іске қосылды. Негізінен мемлекет қолдауы арқылы ауыл шаруашылығы қызметкерлері рекордтық көлемде астық жинады. Тұрғын үй құрылысы, оның ішінде әлеуметтік тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. Мемлекет тарапынан ғылым мен білімді қолдау үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қолға алынды. Қоғамда педагогтердің, дәрігерлердің, ғалымдардың мәртебесі, жұмысшы мамандықтардың абырой-беделі артып келеді. Жастарды тұрақты түрде қолдауға, бұқаралық спортты және креативті индустрияны дамытуға айрықша назар аударылып отыр. Мұның бәрі – басталған өзгерістер мен қол жеткізген жетістіктердің аз ғана бөлігі. Президент ұсынған бастамалардың көбісін жүзеге асыруға Ұлттық құрылтай мүшелері зор үлес қосып жатыр. Бұл – мемлекет пен қоғамның өзара тиімді ықпалдастығының бір көрінісі», деді Е.Қарин.

Жалпы, Ұлттық құрылтай мемлекет­тің ашықтық, инклюзия және сындарлы қарым-қатынас қағидаттарына адалдығын білдіреді. Бұл – қоғамдық келісімді нығайтуды, ұлттық мүддені қолдауды және әлеуетті одан әрі арттыру үшін тұрақты платформа құруды көздейтін маңызды қадам болып отыр. Бұл ретте Ұлттық құрылтайдың басты миссиясы – қоғамның өзекті мәселелерін анықтап, талқылау ғана емес, оларға жүйелі шешуге сарапшылар қауымын жұмылдыру. Азаматтық институттардың, мем­лекеттік құрылымдардың және қоғам­дық бірлестіктердің интеграция­сы ортақ мақсат – азаматтардың құқық­тарын қорғауды және қауіпсіздік пен әлеумет­тік игілікті қамтамасыз етуді көз­дей­тін бастамаларды әзірлеуге, жү­зеге асыруға бағытталады. Сондықтан Ұлт­тық құрылтайдың негізгі қағидаты – мем­ле­кеттік билік пен азаматтық қоғам ара­сында әріптестік қарым-қатынас құру.

ҰҚСК мұрагері ретінде құрылған Ұлттық құрылтай қоғамдық диалогті жаңа, жоғары деңгейге көтерді. Ұлттық құрылтайды қоғам мен мемлекет дамуының негізгі мәселелері талқы­ланатын диалог пен шешім шығару алаңы ретінде ұйымдастыру еліміздің демократиялық үдерістерді тереңдетуге және қоғамдық келісімді нығайтуға ұмтылысын көрсетеді.

Құрылтай жұмысы жыл өткен сайын жанданып, жүйеленіп келеді. Жалпы алғанда, Ұлытау облысында өткен отырыстың нәтижесінде 42 ұсыныс қарастырылса, Түркістан қаласындағы екінші отырыста 106 бастама қабылданды. Ал Атырау қаласындағы үшінші отырыста 149 бастама қаралды. Бұл шаралар Ұлттық құрылтай хатшы­лығының тұрақты бақылауында, олар бастамалардың дұрыс жүзеге асырылуын бақылайды.

Барлық ұсынысты Ұлттық құрылтай­дың хатшылығы біріктіріп, құзырлы органдармен бірге қосымша қарастырады. Сонымен қатар құрылтай мүшелері заң жобалары мен мемлекеттік органдарда құрылған комиссияларға сарапшы ретінде шақырылады. Осылайша, Ұлттық құрылтай аясындағы жұмыс жүйелі түрде, үздіксіз жүргізіледі.

Түркістанда өткен екінші отырыстан бастап секцияларға бөлінетін жұмыс форматы іске қосылды. Қазіргі таңда Ұлттық құрылтай аясында 4 жұмыс секциясы жұмыс істейді: «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым», «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму». Секциялар Ұлттық құрылтай мүшелері өз бастамаларын әріптестерімен, мүдделі мемлекеттік орган өкілдерімен тікелей талқылай алатын айтарлықтай нәтижелі форматта өтеді.

Ұлттық құрылтайдың III отырысында Мемлекет басшысы Қазақстанның тұрақты дамуының негізі болатын тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік, жасампаздық пен жаңашылдық сынды ұлттық құндылықтарды атап өтті. Сондай-ақ III отырыс барысында Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамды нығайтуды, ғылым мен мәдениетті, экономика мен әлеуметтік саясатты дамытуды көздейтін 150-ге жуық бастаманы ортаға салды. Құрылтай мүшелері – әртүрлі аймақтар мен қызмет саласының өкілдері отандас­­тарымыз үшін аса маңызды мәсе­ле­лерді көтеріп жүр. Айтылған бастама­лардың 40-тан астамы Мемлекет басшысының тіке­лей тап­сырмаларының өзегіне айналды. Бұл азаматтардың сындарлы ұсы­ныс­тарының практикалық маңызы бар екенін және мемлекеттік стратегияның бір бөлігіне айналғанын көрсетеді.

Ұлттық құрылтайдың жай ғана пікірта­лас алаңы емес, тиімді шешімдер қабылдау тетігі екенін атап өткен жөн. Құрылтай мүшелері мәселелерді көтеріп қана қоймай, оны шешудің нақты жолдарын ұсынады. Бірлескен күш-жігер арқылы тиімді шешім­дер әзірленіп, кейін практикалық қолданысқа енгізіледі.

Тоқ етерін айтсақ, өзінің үш жылдық жұмысында Ұлттық құрылтай қоғамды нығайтуға бағытталған идеяларды ұсынып, стратегиялық қадамдарды әзірлейтін негізгі институт ретінде қалып­тасты. Оның дамуы мен нақты бастамаларды жүзеге асыруы өзектілігін дәлел­деп қана қоймай, азаматтық қоғам­ның күткенінен әлдеқай­да асып түсіп, құрыл­тайды әлеуметтік және саяси маңыз­ды мәселелерді шешуге арналған тиімді алаңға айналдырды. Бұл орган мемле­кеттік саясатты қалыптастыру мен жүзеге асыруға әсер ету қабілетін нақты көрсетті. Осылайша ұлттық даму құрылымындағы өз рөлін нығайтты. Ұлттық құрылтай қазіргі қоғамдық мәселелерді қозғайтын заң жобаларын талқылау және ілгерілету үшін негізгі алаңға айналды. Жалпы алғанда, Президент тапсырмаларын орындау аясында Ұлттық құрылтайда маңызды нәтижелерге қол жеткізіліп, оның ішінде бірқатар сала бойынша 10 заң жобасы әзірленді.