Current Date: 18-03-2025

Отамалы туралы орамды ой

Ет желініп болып, бата қайырылды. Іле Пірмахан жәкем Құран аяттарының бірін үйреншікті мақамына салып оқыды. Төрде кіл қария жастыққа жантаймастан тіп-тік отыр. Әбдеш қария: «Ескіше жаңа жыл – Наурыз келе жатыр. Қызылдар тойлауын тоқтатып тастаған бұл үлкен мерекені ел басшылары қайта қолға алып жатқан көрінеді, сендер не амал қылып жатырсыңдар? Ауыл-аймақ көлемінде бір әрекет жасау керек шығар», деді. Ортаға тасталған бастама жөнінде кейінгі буыннан пікір айтар ешкім табыла қоймады. Әбдеш көкемнен кейін Шәйлек қария сөз үстеді: «Наурыздың жыл басы екенінен хабары аз жастарға алдымен осы мерекенің мән-маңызын түсіндіріп, санасына құйғанымыз жөн болар...», деді.

Палмахан қария: «Айтпақ­шы, жоғарыдағылар 22 нау­рыз­да күн мен түн теңеледі деп, осы күнді жаңа жылдың нақ бастау сәті ретінде атап өте­міз деп жатыр ғой. Бұл қа­лай болады екен?», деді.

Қуандық қария: «Не болса да Наурыз мерекесін қайта тойлауды қолға алу – үлкен іс. Жүре келе халық өзінің мерекеге қатысты тура жолын та­уып алар, әзірге 22 наурыз жаңа жыл басы ретінде белгілене берсін», деді.

Ибаділда қария: «Қазақ қазір­гі шекарамыздың бар­лық тұсынан ары қарайғы жер­лердің, дәлірегі көршілес бір­қатар елдің еншісінде кеткен өңірлерді қоса алғанда өте кең аймақты мекендеген. Осынау атырапты бауырына басқан қазақ халқы жаңа жыл – Наурызды бәрі бірдей бір күні тойлады деуге кісі сену қиын-ақ. Құдайдың жалғыз күні бар, ол батысыңның, шығысыңның, солтүстігің мен оңтүстігіңнің көкжиектерінен бір мезетте шықпайды, бір мезетте батпайды, ауа райы да әртүрлі, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы біріне ерте, біріне кеш келеді. Сондықтан қазақ Наурызды 22-сі күні ғана емес, ұзақ, апталап тойлаған», деді.

Тойымбек қария: «Е-ее, еліңнің тізгіні сан ғасыр өзгенің қолында болса, осылай ненің не екенін білмей шатасасың, шатас­тырады», деді.

Бектұрсын қария: «Көне түріктен керуен тартқан көші­­міз аз адасқан жоқ. Айдан, күн­нен, адаспағанда қайтеміз, исламның таралуымен араб-парсы тілінің үстемдігі жүріп, міне, көне түрікше күн, ай атауларынан ажырап қалдық, бәрі арабша, парсыша болып кеткен», деді күйіне.

Мәдіхан қария: «Орыс тілінің ықпалымен тағы адас­тық. Наурызың – март, сәуір-көкегің – әпірел, мамы­рың – май, маусымың – үйін, шілдең – үйіл, тамызың – ағұс, қыркүйегің – сентәбір, қаза­ның – өктәбір, қарашаң – нойәбір, желтоқсаның – декә­бір, қаңтарың – януар, ақпаның пебірәл болып кетті ғой», деді.

Сүлеймен қария: «Біздің көзіміз көрген қариялар нау­рызды отамалы, аласапыран, амал айы дейтін. Бұл жердегі наурыз бен амал атауы арабша мен парсышадан енген», деді.

Бейбітхан қария: «Бүгінде әпірел атанып кеткен сәуір бар емес пе, соны бізге дейінгілер көкек, отжақпас деген. Бұл айдың ескіше, түрікше негізгі атауы көкек. Мына майыңды бұрындары мамыр, құралай; үйін-маусымыңды саратан, арай; үйіл-шілдеңді сарша, әсет; ағұс-тамызыңды сүмбіле, мизам, сентәбір-қыркүйегіңді боқырау, сарша-тамыз; өктәбір-қазаныңды ақырап, жұт­­шашқан, қараша-қауыс; нойәбір-қарашаңды қауыс, солтүстікте қаңтар-ақпан, декәбір-желтоқсаныңды жәді, желдітоқсан, кей жерлерде қаңтар; януар-қаңтарды үштің айы, екі ағайынды, дәлу, пебірәл-ақпаныңды бірдің айы, құт, ұт, ұттың айы, кей аймақтарда ота­ма­лы деп те атаған», деді.

Қыздарбек қария: «Кейбір айлар атауы басқа мезгіл орнында аталуы әлгі ауа райы­ның ыңғай-сипатына сәйкес болса керек», деді.

Тойшыл қария: «Дұшпан­көздер қанша қысастық жасаса да бұл мерекені халықтың жадынан мүлде өшіріп, сызып тастай алмады. Жұртқа наурызды жаппай тойлау еркіндігі берілмесе де ауыл-аймақ, көрші-қолаң, ағайын-туыс ота­ма­лы басталғаннан Құдайдан үмітін үзбей, алға ұмтылып, бір жақсылық таяп қалғанын сезіп, мерекелік күйге енетін, бір-бірін шақырып, жоқшы­лық­тың құшағының өзінде шұр­қырасып жататын. Мұны көрдік», деді.

Әдімхан қария: «Рас, жоқ-жұқана рәуіште болса да Наурыз аздап тойланатынын көрдік. Сол шақтардан есім­де қалғаны, Наурызды халық аптадан астам, 9, 10 күндей шама-шарқынша, атқамінерлерден жасқана жасыра жүріп тойлайтын», деді.

Тұрған қария: «Кезінде жаңа күнтізбе бойынша 14-інде Наурыз мерекесі басталып, оны тойлау 23-іне қарай аяқталатын. Сонда 10 күндей тойлаған. Наурыз мерекесін қазіргілер айтып жүргендей 21-інен бастап 22-іне аяқтайтын болса, ой мен қырда жүрген халық бір-бірімен жүздесіп, көрісіп үлгере алмас еді», деді.

Байдалы қария: «Наурыз деп кеткен ай қазақтың көп аймағында отамалы атанған. Бір жерлерде сәуірді, бір жерлерде ақпанды отамалы дейді екен. Бұл енді, сол мекендердегі табиғаттың «мінез-құлқына» тікелей қатысты болар. Жалпы, қазақ наурызды отамалы деп бекер атамаған... Бұл айда ауа райы ыбылыңқы-сыбылыңқы болып келеді. Дегенмен, осы айда қыстың қиқар мінезі, «ащы тікені» ғана емес, адамдар ішіндегі қыс жүдеткен көңіл күйдің кесірінен орнаған тоң жібіп, өзара қиғаш көзқарас, келіспеушілік те оталатын кез болған соң бұл ай отамалы аталса керек», деді.

«Иә, Байдалы, сөзіңнің жаны бар. Сөзіңді тірілткен болайын, кейін ислам діні тарағанда отамалы араб тілінің ықпалымен амал айы атана бастады... Дінімізден игілік көрген бабаларымыз жыл бойы ағайын, көрші-қолаң арасында болмай тұр­­майтын өкпе-реніш пен дүр­дараздықты жоюдың бұрын­ғы түркілік жоралғы, ғұрыптарын ислам шарт-амал­дарымен қоштап, ұштас­тырып, нығарлап харекеттенген. Осылайша, жамағат Құдайдың жайдары күні келіп қалғанына «өлмеген құлға шықты жаз» деп шүкіршілік етіп, ескі кек, өкпе-ренішті бұтап, отап, жаңа жылды жарасымды сыйластықпен бастау үшін татулыққа, кешірім жа­сауға ұмтылу амалын дәстүр еткен. Сөйтіп, отамалы айы­ның бір атауы ізгі амал етілетін кез болған соң амал айы делініп кеткен деседі бұрынғылар», деді Пірмахан жәкем.

Бүгінде бұл қариялардың барлығы мәңгілік мекеніне кеткен. Түкпірдегі шағын ауылда бұл дүниедегі ғұмырларын аяқтаған жарықтықтар бас қосқан жерде келелі кеңес құрып, ұрпақ біліп жүруі тиіс неше түрлі ақпаратты жайып салушы еді. Олардың бәтуалы әрі құнарлы әңгіме­лерін сағынасың. Сағынғаннан ғой, естігенімізді санамыздан суырып алып жазып жат­қанымыз.