Отандастарымыз микроқаржы ұйымдарының қарыз батпағына батып барады – берешек 1,2 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 12,9%-ға өсті. Халық банктен бір, шағын ұйымдардан бір пайызы шарықтаған қарыз алып, алаңнан арыла алмай отыр. Мемлекет бақылауды күшейтсе де, қарызға тәуелділік күн сайын өршіп келеді. Қаржы дағдарысының шеті көрінер емес...
Халықтың мойнында 3 трлн теңге борыш бар
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) деректеріне сүйенсек, микроқаржы ұйымдарының жалпы активтері 2025 жылдың 1 қаңтарында 3 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 2,1%-ға ұлғайған. Бұл өсім ең алдымен, несие портфелінің артуына байланысты. Қазір осы сектордағы негізгі ойыншылардың үлесі мынадай: 57,4%-ы микроқаржы ұйымдарына (1,7 трлн теңге), 29,6%-ы несие серіктестіктеріне (0,9 трлн теңге), 13,1%-ы ломбардтарға (0,4 трлн теңге) тиесілі.
Микронесие де халық пен бизнеске беріледі. Бүгінде олардың жалпы көлемі 2,8 трлн теңгеге жеткен. Оның 58,9%-ы – кәсіпкерге, 41,1%-ы жеке тұлғаға тиесілі. Дегенмен жеке тұлғаға берілетін шағын несиелер шаш етектен. Халыққа берілген несиенің негізгі бөлігін (77%-ын) микроқаржы ұйымдары ұсынған. Ал берешек көлемі артқан сайын мәселесі көп несиелер де көбейіп жатыр. Микроқаржы ұйымдарында 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздар 4,5%-ға жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4%-ға жоғары.
Озамыз деп опық жедік
Экономист Айбар Олжаев елімізді «финтех төңкерісінің» арқасында жеке тұлғаларға кепілсіз берілетін жедел несие жүйесін жақсы дамытқан елдер қатарына кірді дейді. Несиеге белшеден батуымызға сол да себеп.
– Несиені ортақ нарық деп алатын болсақ, оның ішінде жеке тұлғаларға берілетін кепілсіз несиенің үлес салмағы тым тез өсті. Бұл қаржы нарығының қатты дамуына әкелді. Бірақ бірден таяқтың екінші ұшы пайда болды. Ол – халықтың қарызы. Адамдардың шектен тыс несие алуы бұқаралық дефолт қаупін туғызып отыр. Бұл әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей қатер төндіреді. Сондықтан дәл осы сегментке қатысты мемлекет риторикасы қатаңдап, басқа елдерден өзгеше шектеулер пайда болғаны рас, – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, өткен жылы кредиттік ұйымдардың несие портфелі 53,6 трлн теңгеден асқан. Портфель – қолданыстағы кредиттердің жалпы сомасы. Оның ішінде шамамен 2,8-3 трлн теңге микроқаржы ұйымдары, кредиттік серіктестер мен ломбардтарға тиесілі болса, қалған ең қомақты бөлігі – екінші деңгейлі банктердің үлесінде. Осы 53,6 трлн теңгенің 45%-ын азаматтар алған. Қалған 55%-ы бизнеске тиесілі. Шамаласақ, 9 млн отандасымызда несие бар. Сонда 24,12 трлн теңгені 9 млн-ға шақсақ, әр адамға 2,68 млн теңгеден келеді. Бірақ медианды есеппен алсақ, 9 млн халықтың шамамен 85%-ы кредиттік ұйымдарға 1 млн теңгеге дейін сома қарыз. Ал қалған 15%-ының басында ипотека сынды ауқымды кредиттер бар. Сома бойынша негізгі жүктемені солар құрайды. Сарапшымыз осылай есептеп берді.
– Халқы кредитті көп алатын елдер рейтингін Халықаралық валюта қоры әр үш жыл сайын шығарып отырады. Соңғысы 2022 жылдың қорытындысы бойынша жарияланды. Ол тізімде еліміздің ІЖӨ-ге шаққандағы халық қарызының индикаторы 13,65% деп көрсетілген. Барлық дамыған елдерден және дамушы елдердің көбісінен төмен тұр. Үкімет халыққа берілетін кредит нарығының бұдан ары өсуін қауіпті деп санайды. Шыға алмайтын шеңберге кіріп кетуіміз мүмкін: инфляция жоғары болғанда базалық мөлшерлеме де жоғары болады. Кредит мөлшерлемелерінің шарықтауы борышкерлердің жағдайын қиындатып, олардың несиені еселеуіне әкеледі. Кредит көбейсе инфляция да жоғары болады. Бізге осы тізбекті қалай болғанда да үзу керек, – дейді экономист.
Микроқаржы нарығының монополиясы
Отандастарымыздың микроқаржы ұйымдарына деген қызығушылығының артуы – екіжақты құбылыс. Бір жағынан, банктен несие ала алмағандар осы секторға жүгінеді. Екінші жағынан, бұл халықтың қарыздық жүктемесінің өсіп жатқанын, қаржылық тәуекелдерге тап болғанын айғақтайды. Сондықтан ҚНРДА халықтың қаржылық мәселелеріне ерекше назар аударуы керек-ақ. Кейінгі кездері олар негізгі басымдықты қарыз алушылардың құқығын қорғауға, алаяқтық әрекеттерден сақтандыруға әрі берешекті қайта құрылымдауға беріп жүр. Агенттік бір айдың ішінде жеке және заңды тұлғалардан 13 444 өтінішті қарастырды. Бұл 2024 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 14,3%-ға көп. Шағымдардың негізгі бөлігі банк секторына тиесілі – 53,6%. Микроқаржы ұйымдары бойынша өтініштер – 36,2%-ды, коллекторлық агенттіктер – 4,3%-ды, сақтандыру ұйымдары 1%-ды құрады. Бұл статистика халықтың негізгі мәселелері дәл осы қаржы институттарымен байланысты екенін көрсетеді.
Агенттік жалғыз баспанасынан айырылу қаупі бар қарыз алушыларды қолдау үшін үш бағытта ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. 2004–2020 жылдар аралығында алынған ипотекалық қарыздар бойынша 32,7 мың несие қайта қаржыландырылып, 204,9 млрд теңге бөлінді. 2016 жылға дейін берілген валюталық ипотекаларды қайта қаржыландыру бағдарламасы аясында 15,7 мың несие конвертацияланып, 114 млрд теңге жұмсалды. Әлеуметтік осал топтарға арналған қолдау шаралары аясында 10,6 мың қарыз алушы 93,1 млрд теңге көлемінде қаржылық көмек алды. Бұл бағдарламалардың мерзімі 2025 жылдың соңына дейін жалғасады. Мұндағы негізгі мақсат – азаматтардың жалғыз баспанасын сақтап қалу және қарыз жүктемесін жеңілдету. Бірақ...
Кредит көп берілуі керек, тек... халыққа емес
– Ең дұрысы – халық пайыздың жоғары екенін көріп, кредит алудан бас тартуы керек еді. Классикалық экономикалық сценарий жағдайында осылай болуға тиіс. Бірақ бізде аномалия орын алып, халық қымбат кредиттен бас тарта қоймады. Сондықтан «В жоспары» іске қосылды: егер халық кредиттен бас тартпаса, онда кредиттік ұйымдарды халыққа кредит беруден ажырату керек. Мемлекет дәл қазір осы жоспар бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл жерде түсініспеушілік болмау үшін бірден анықтап алайық. Мемлекет кредитке қарсы емес. Мысалы, ол экономикаға (кәсіпкерлік, өндіріс) кредиттің барынша көп берілгенін қалайды. Оған қоса, отандық автокөліктерге жеңілдетілген несие беруді қолдайды. Ипотека нарығына көзқарасы оңды. Үкімет тек тұтынушылық, яғни халыққа, жеке тұлғаларға кепілсіз берілетін ақшалай кредиттің көбейіп кетуіне алаңдаулы, – дейді Айбар Олжаев.
Еліміз тұтынушылық несиелерді реттеуде өзіндік жолын таңдағаны рас. Біріншіден, мөлшерлемелер мен айыппұлдар шектелді. 90 күннен асқан қарызға өсімпұл қосуға тыйым салынды, ал банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін пайыздық мөлшерлеменің шегі белгіленді. Екіншіден, 3,6 млн теңгеден жоғары несие алу үшін жұбайының келісімі талап етіледі. Үшіншіден, бұрынғы қарызы өтелмегендерге жаңа несие беруге шектеу қойылды, ал 2021 жылдан бастап қарыз жүктемесі коэффициенті енгізілді. Төртіншіден, азаматтарға өздерін несие алудан шектеу қызметі ұсынылды. 2023 жылы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданды.
– Кейінгі 25 жылда тұрмыстық зат, техника, көлік кредиттің арқасында жаңарды. Ипотекамен баспаналы болғандар көп. Бірақ кредитін сәтті өтеп біткен үш адамға кредитке шырмалып, қиналып қалған бір адам тап болады. Түпкі проблема – қаржылық сауаттың аздығында және «үкімет өлтірмейді» деген ескі психологияның әлі де жойылмауында. Келесі жоспар 2030 жылға таман «халық және несие» мәселесінің түпкілікті шешілуіне алып келуге тиіс. Былтырдан бастап енгізілген өзгерістердің нәтижесін алдағы 2-3 жылда көре бастаймыз, – дейді сарапшы.