Current Date: 14-03-2025

IT саласының айымдары

Цифрлық индустрия – тек ерлердің ғана емес, әйелдердің де табысқа жетіп, жаңалық ашатын алаңы. IT саласында өз орнын тауып, инновациялық жобаларды дамытып жүрген арулар аз емес. Сөзіміз дәлелді болу үшін, цифрларды сөйлетейік. Елімізде осы күні 300-ден астам әйел «Astana Hub» резидент компаниясын басқарады, 5 759 әйел «IT-Aiel» бағдарламасы аясында тегін білім алды, 3000 қыз «Tech Girls» бағдарламасында IT-дағдыларды меңгерді, 200-ден астам қыз-келіншек «Level Up Program» шеңберінде «GameDev» негіздерін үйренді. Онлайн жұмыс істеп, соның арқасында үйін ұядай ұстап отырғандар қаншама. Мереке қарсаңында біз төзімі мен білімін көркіне серік еткен цифрлық саланың сұлуларын сөзге тарттық. Олар IT арқылы қоғамға қалай әсер етіп жатқанын, қандай қиындықты жеңіп, өз ісін қалай бастағанын әңгімелеп берді.

Лаура ЕРАЛИЕВА,

«Yaya» платформасының авторы

«Мен – үш баланың анасымын. Балаларымды әртүрлі үйірмелер мен секцияларға апарған кезде, үлкен бір қиындықты байқадым, яғни елімізде ата-аналарға қолайлы, икемді жүйе жоқ екен. Бір үйірменің ақысын төлеп қойсаң, балаға ұнамай қалуы мүмкін немесе уақыт өте келе қызығушылығы өзгеріп, басқа нәрсені байқап көргісі келеді. Бірақ әр үйірмеге жеке-жеке жазылу – қаржылай шығын әрі уақыт алатын шар­уа. Осы мәселені шешкім келді. Сөйтіп, «Yaya» жобасы пайда болды.

«Yaya» – бұл балаларға арналған жазылым моделі. Былайша айтқанда, ата-аналар бір ғана абонемент сатып алып, оның көмегімен баласын қалаған үйірмеге, шығармашылық студияға немесе спортзалдарға еркін тіркей алады. Егер ұнамай қалса, басқа үйірмеге ауыстыруға болады. Қазіргі таңда «Yaya»-ның 600-ден астам серіктес орталығы бар, ал бізге тіркелген балалар саны 2 500-ден асып кетті. Біздің менеджерлерге «Баламды қай үйірмеге берген дұрыс?» деген сұрақ жиі қойылады. Осылайша, нарықтағы шешілмеген бір мәселені анықтадық – ата-аналарға баланың қабілетіне сай үйір­ме таңдауға көмектесетін құрал жоқ. Сондықтан осы мәселені қолға алдық. Алдымен бала арнайы тестілеуден өтеді. Бұл тест оның әртүрлі бағыттағы қабілеттерін анықтауға көмектеседі: ден­саулығы, спортқа бейімділігі және басқа да дағдылары бағаланады. Осы мәліметтер негізінде жас ерекшелігін ескере отырып, жеке ұсыныстар бағдарламасын құрамыз. Мысалы, егер бала мектепке дейінгі жаста болса, алғашқы айда оған бастауыш деңгейдегі ағылшын курсын ұсынамыз, ал екінші айда – актёрлік шеберлік сабақтарына баруды. Бұл оның коммуникативтік қабілеттерін дамытуға көмектеседі. Кейін физикалық дайындығын жақсарту үшін спорт секциясына жазылуы мүмкін. Осылайша, бала әртүрлі бағыттарды байқап көріп, өзіне ең жақын, ұнайтын ісін таба алады. Көбіне ата-аналар баланы белгілі бір үйірмеге – шахматқа, жүзуге немесе басқа секцияға апарады, бірақ олардың қалауын ескермейді. Соның салдарынан балаға ол жер қызықсыз, ал өзі баруға құлықсыз болады. Егер балдырған өзі шешім қабылдауға қатысса, оның ынтасы да, ықыласы да арта түседі. Одан бөлек, ата-аналарға балаларының демалысы немесе каникул күндеріне бағдарлама құруға көмектесеміз. Уақытты қызықты өткізуге болатын түрлі орындар тізімін ұсынамыз. Сөйте тұра броньдау мен басқа да операциялық жұмысты атқарамыз.

Біздің мақсат – балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау. Елімізде көптеген дарынды, талантты балалар бар, бірақ олар өздеріне ұнайтын ортаны таба алмай жатады. Біз осыны өзгерткіміз келеді.

ор

Айдана Айтуарова,

«Porte Tech» жобасыныңжетекшісі

«Porte Tech» жобасын құрғандағы мақсатым – қонақүй бизнесін технологиялық тұрғыда жаңа деңгейге көтеру. Осы технологияның арқасында қонақүйге келген адам бұрынғыдай тіркеу бөлімінде кезек күтіп, кілт немесе карта алып әуреленбей, смартфон арқылы бөлмесіне кіре алады. Бұл – қонақ үшін де, қонақүй үшін де өте ыңғайлы. Өйткені магнит карталарды қалпына келтіру – барлық қонақүйлердің «бас ауруы». Америкада оны жоғалтқаны үшін 5-15 доллар көлемінде айыппұл төлетеді. Ал бізде олай істемейді, ­клиенттер болса, ресепшнге карта тапсыруды ұмытып кетеді. Бір қарағанда, шығын соншалықты үлкен емес сияқты, бірақ егер 250 бөлме болса, айына айтарлықтай сома шығады. Бұдан бөлек, карта магнитсізденіп, қонақтарға қолайсыздық туғызады.

Цифрлы кілт біздің жалғыз артықшылығымыз емес. Кез келген қонақүйде жеткізу қызметі арқылы тамаққа тапсырыс беретін клиенттер болады. Несін жасырайын, өзім де солай істедім. Бірақ тапсырысты жеткізуші тамақты бөлменің есігіне дейін әкеліп бермейді. Дәлізінде бейтаныс адамдар жүрсе, қонақүй үшін де жақсы емес. Ал біз қонақүй мейрамханасынан тағамға тапсырыс беруді ұсынамыз, ол үшін қосымшаны қолданса жеткілікті. Бұл жағдайда тапсырыстар саны 15%-ға артады. Көбі қонақүй мейрамханаларынан тамақтану қымбат деп ойлайды, шын мәнінде олай емес. Қосымшадағы мәзірді қараған кезде қорқыныш сейіледі. Оған қоса, қонақүйде тағамға тапсырыс бергенде, оны әдемі тәрелкеде шанышқы мен пышағын қоса әкеледі. Сондай-ақ тапсырысты небәрі 15–20 минут күтесіз.

Бүгінгі таңда біздің қызметіміз еліміздегі бірнеше ірі қонақ­үйлерде енгізілді. Бірақ мақсатымыз – тек отандық нарықпен шектелу емес. Қазір «Porte Tech»-ті БАӘ мен Сауд Арабиясы сияқты елдерге шығару мақсатында келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл аймақтарда қонақүй индустриясы өте қарқынды дамып келеді, сондықтан біздің технологиямызға деген сұраныс жоғары. Біз әртүрлі саланы зерттеп, құрылысшыларға да бардық. «RAMS» және «BAZIS-A» өкілдерімен сөйлестік. Мысалы, подъезге домофон емес, телефон арқылы кірсе жақсы болар еді. Құрылысшылар да бұған қызығушылық танытып отыр, тіпті төрт жаңа көпқабатты үйде қанатқақты жоба жасау туралы ұсыныс алдық.

р

Мақпал ИКРАМОВА,

«Inventivo» платформасының авторы

Мен медицина саласының маманымын. Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында қызмет еттім. Операция және реанимация бөліміндегі жұмыстан біршама тәжірибем бар. Сондағы көзім жеткен нәрсе – әдетте, дәрігерлер науқасқа рецепт пен емдік нұсқаулықтарды береді, бірақ пациент үйге шыққан соң медицина қызметкерімен байланыса алмайды. Жаттығулардың ретін, олардың дұрыс орындалуын ұмытып қалады. Тіпті көбі оңалып қалдық деп ойлап, күтіну қажет емес деп есептейді. Мұның салдарынан ауруы асқынып, қайтадан емханаға оралуға мәжбүр болады. Мінеки, біз осы мәселені шешу мақсатында «Inventivo» платформасын жасадық. Бұл – дәрігер мен науқастың үнемі байланыста болуын қамтамасыз ететін жүйе. Платформа қашықтан оңалтуға арналған. Науқас жаттығу жасаған кезде смартфон камерасын өзіне бағыттап қояды, ал жүйе адамның қозғалысын талдап, негізгі көрсеткіштерді тіркейді. Бұл ақпарат сол сәтте дәрігерге жіберіледі. Осылайша, дәрігер пациенттің жағдайын бақылай отырып, қажетті түзетулер енгізеді.

Сонымен қатар ауруханадан шыққалы жатқан науқастар үшін де үлкен мүмкіндік бар – олар кез келген уақытта дәрігермен видеоқоңырау арқылы байланысып, кеңес ала алады. Егер сұрақтары туындаса, жауап күтіп жүрмейді, бірден маманмен ақылдасады.

Бұл технология клиникаларда өзінің тиімділігін дәлелдеді. Мысалы, дәстүрлі әдіспен дәрігер бір пациентке орта есеппен 45 минут жұмсаса, «Inventivo» платформасы арқылы сол уақыт 5 минутқа дейін қысқарады. Бұл – дәрігердің бір күнде көбірек пациентті қабылдап, сапалы көмек көрсетуіне таптырмас құрал. Платформа қашықтан да медициналық қолдауды қамтамасыз етеді. Аймақта тұратын науқастарға сапалы ем алуға жағдай жасайды. Бастысы – интернет пен смартфон болса жеткілікті. Осы орайда платформаны еш қиындықсыз пайдаланып жүрген 83 жастағы қолданушымызды мысал ете аламын.

Біздің мақсатымыз – «Inventivo» платформасын тек дәрі­герлердің құралы ғана емес, болашақ мамандарды даярлайтын заманауи оқу алаңына айналдыру. Бұл – медициналық оңалтудың жаңа кезеңі!

ап

Гүлмира ПАРМЫШЕВА,

«Kishkentai» жобасының жетекшісі

«Kishkentai» – балалардың ойлау қабілетін, ұсақ моторикасын және сөйлеу дағдыларын дамытуға арналған қазақша ойыншықтар бренді. Біздің өнім әсіресе, сөйлеу дамуы кешеуілдеген немесе ерекше күтімді қажет ететін балаларға пайдалы. Ойыншықтардың ерекшелігі – баланың танымдық қабілетін жақсартып, дұрыс дамуына көмектеседі.

Мен бұл жобаны балам үшін жасаған едім. 10 жыл бұрын ұлым дүниеге келді, 2,5 жасында оған аутизм диагнозы қойылды. Сол сәттен бастап біз оның дамуы үшін көп жұмыс істей бастадық. Мамандардан сабақ алу, арнайы түзету курстары – бәрі көп уақыт пен қаражатты талап етті. Осы жолда бір байқағаным, қазақ тілінде сөйлейтін балаларға арналған дамытушы ойыншықтар жоқтың қасы. Логопедтер мен дефектологтердің басым бөлігі орыс тілінде жұмыс істейді. Сондықтан мен ұлыма көмектесудің жолын іздей бастадым.

Бастапқыда ойыншықтарды өз қолыммен жасадым. Картоннан, аяқкиім қорабынан, түрлі заттардан балама арналған қарапайым сенсорлық құралдар дайындадым. Оны күнделікті қолдану арқылы алғашқы оң нәтижелер байқалды. Кейін осындай ойыншықтарды басқа ата-аналар да сұрай бастады.

Бірақ мен жобаны кәсіпке айналдырамын деп ойламадым. Бұл кәсіпті бастауға күйеуім екеуміздің арамыздағы диалог түрткі болды. Бір күні оған «осы айда 250 мың теңге жұмсаппыз» дедім сөз арасында. Сол сәтте ауылдық жердегі ата-аналар бұл жағдайдан қалай шығады екен деген ой келді. Сөйтіп, қоғамға пайдалы болсын деген ниетпен «Kishkentai» жобасын бас­тадым. Басты мақсат – ойыншықты қолжетімді бағада сатып, балаларға пайдалы болу еді. Содан не керек, жұмысты 17 шаршы метрлік кішкентай цехта бастап, алғашқы станокты сатып алдық. Ойыншықтарды жасауда асығыстық танытпадық – әр өнім кемінде 6 ай бойы сынақтан өтті. Өйткені біз үшін сапа маңызды. Қазіргі таңда «Kishkentai» жылына 150 миллион теңгеге жуық табыс табатын брендке айналды. Біздің ойыншықтар еліміздің түкпір-түкпіріндегі балалардың дамуына көмектесіп жатыр. «Kishkentai» – бұл жай ғана бизнес емес, үлкен миссия.