Елімізде коллекторлық агенттіктердің жұмысына жаңа ережелер кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бүгінде олар борышкерлерге қарыздың сатып алынғаны туралы 30 күн ішінде хабарлап, өтініштерін тіркеуге әрі қарастыру нәтижелерін құжаттауға міндетті. Бұл өзгерістер жариялылықты арттыруға бағытталған. Алайда мамандардың айтуынша, борышкерлер өз құқығын білмегендіктен, қарапайым ережелерді меңгере алмай, берешек жүгінен құтыла алмай отыр.
Тағы да жаңа ереже
Коллекторлық агенттіктердің жұмысы жаңа ережелермен жүйеленеді. Олардың қызметін реттеу және борышкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында жаңа ережелер енгізілді. 26 ақпанда бекітілген қаулыға сәйкес, агенттіктер борышкерлерден түскен өтініштерді міндетті түрде тіркеп, қарастыру нәтижелерін құжаттайды. Бұл өзгеріс борышкерлердің шағымдары елеусіз қалмауын және олардың мәселелерін заң аясында шешуге мүмкіндік беруін көздейді.
Сондай-ақ былтырғы 1 қазаннан бастап коллекторлық агенттіктер банк несиесі немесе микрокредит бойынша құқықтарды сатып алғаннан кейін, 30 күн ішінде борышкерге бұл туралы хабарлауға тиіс. Бұрын кей жағдайларда борышкерлер өздерінің берешегі басқа ұйымға өткенін білмей қалатын. Жаңа талаптар бұл мәселені шешіп, ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етпек. Коллекторлар мен борышкерлер арасындағы өзара іс-қимылды реттеу мақсатында атқарушылық өндіріс аясында жүргізілетін іс-шаралар да нақтыланды. Сонымен қатар борышкерлердің өз құқығы туралы хабардар болуын күшейту бойынша талаптар енгізілді. Бұл олардың қаржылық жағдайын түсініп, заңды жолмен шешім қабылдауына мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды жаңалық – алдағы уақытта бұл үдерісті автоматтандыру жоспарланып отыр. Осыған байланысты, коллекторлық агенттіктердің Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне есеп беру міндеті алынып тасталады. Бұл реттеу шараларын жеңілдетіп, әкімшілік жүктемені азайтады.
Жаңа қаулы алғаш ресми жарияланған күннен бастап 10 күн өткен соң заңды күшіне енеді. Бұл өзгерістер қаржы нарығындағы ашықтықты арттырып, коллекторлық агенттіктер қызметінің тиімділігін күшейтуді және борышкерлердің заңды құқығын қорғауды мақсат етеді.
Банк ештеңе шешпейді
Осы өзгерістер қандай нәтиже әкеледі? «Процесс 24» заң компаниясының негізін қалаушы, заңгер Виталий Ким осы сұраққа жауап берген еді. Айтуынша, егер борышкердің қарызды өтеуге мүмкіндігі болмаса, ол коллекторлық агенттікпен қарызды азайту туралы келіссөз жүргізе алады екен.
– Ең басты айырмашылық – бұрынғы нұсқада коллекторлық агенттік борышкерге қарыздың сатып алынғаны туралы хабарлауы керек мерзім нақты көрсетілмеген. Осыған байланысты көптеген борышкер қарыздың коллекторларға берілгенін білмей де қалатын. Бізде қарызын төлей алмаған клиенттер болды, олар банкке кредит туралы ақпарат сұратып хат жібергенде, банк қарыздың әлдеқашан коллекторлық агенттікке берілгенін және барлық сұрақты соларға қою керектігін хабарлайтын. Яғни борышкер ұзақ уақыт бойы оның ісі коллекторларда екенін білмейтін. Ал қазір коллекторлар қарыз портфелін банктен сатып алған сәттен бастап 30 күн ішінде борышкерге хабарлауға міндетті. Маңыздысы – іс коллекторларға өткеннен кейін, банк ештеңе шешпейді. Барлық шешімді коллекторлық агенттік қабылдайды. Алайда көптеген борышкер мәселені банк арқылы шешуге болады деп ойлап, уақытын жоғалтады, кезекте тұрып, қайта құрылымдау туралы өтініш береді, – дейді заңгер.
30 күн ішінде...
Осы тұрғыда бір сұрақ туады. Қандай жағдайда борышкер коллекторлардан қарызды азайтуды сұрай алады? Сөйтсе, кез келген жеке тұлға немесе оның өкілі хабарлама алғаннан кейін 30 күн ішінде коллекторлық агенттікке жазбаша өтінішпен жүгіне алады екен. Бұл өтініште борыштың пайда болу себептері мен жағдайлары, кірістері мен шығыстары туралы мәліметтер, отбасы мүшелерінің саны, тұрғылықты жері, мүлкінің болуы және кредитордың өтінішті қарастыруы үшін қажетті басқа да мәліметтер көрсетіледі. Бұл – борышкердің өз қаражаты жеткілікті ме, жоқ па, соны анықтауға көмектеседі. Егер борышкердің қарызды өтеуге мүмкіндігі болмаса, ол коллекторлық агенттікпен қарыз мөлшерін азайту туралы келіссөз жүргізеді.
– Мысал үшін қарапайым есепті алайық. Банктік қарыз негізгі қарыздан, кредит бойынша пайыздардан, банк сыйақысынан және айыппұлдардан тұрады. Мәселен, негізгі қарыз 6 млн теңге, бірақ жоғарыда аталған үстемелермен бірге ол 10 млн теңгеге дейін өсті. Бұл жағдайда борышкер төлем қабілетсіздігінің себептерін көрсетіп, қажетті құжаттарды ұсынып, 10 млн теңгенің орнына 6 млн теңге төлеуді ұсына отырып, коллекторлық агенттікке өтініш жаза алады. Содан кейін коллекторлық агенттік өтінішті қарастырып, жазбаша жауап береді. Егер құжаттар толық болмаса, коллекторлар 10 жұмыс күні ішінде қосымша мәлімет сұратады және оларды ұсыну үшін 5 жұмыс күнін белгілейді. Егер құжаттар уақытында ұсынылмаса, өтініш қараусыз қалдырылуы мүмкін, – дейді Виталий.
Коллекторлар қарызды азайтуға дайын
Ал қандай жағдайда агенттік қарызды азайтуға келісуі мүмкін? Бұл әр коллекторлық агенттіктің өзіне байланысты екен. Кейбіреуі борышкерге жеңілдік жасауға дайын. Банк сыйақысын және айыппұлдарды алып тастасақ та, негізгі қарызды өтеу коллекторларға тиімді. Өйткені олар банктен борышкердің қарызын қарыз сомасының жартысына сатып алады. Мысалы, 6 млн теңге қарыз – шамамен 3 млн теңге.
– Егер коллекторлар қарызды азайтудан бас тартса, борышкер не істеуі керек? Борышкер өзі төлей алатын соманы көрсетуге құқылы. Егер қарыз 5 млн теңге болса, ал борышкерде 3 млн теңге ғана бар болса, ол өтініште осы соманы көрсетіп, қажетті құжаттарды қоса беруі керек. Коллекторлық агенттік өтінішті қарастырып, не келіседі, не бас тартады. Коллекторлар бас тартқан жағдайда, олар дәлелді жазбаша жауап беруге міндетті. Сондай-ақ борышкер өтінішінде қарызды қайта құрылымдауды сұрап, қазіргі табысына сәйкес жаңа төлем кестесін ұсынуы мүмкін. Ол үшін кірістер туралы анықтама қажет. Мысалы, ай сайынғы табысы 500 мың теңге болса, оның күнделікті қажеттіліктерін жабу үшін белгілі бір сомасы қалуы керек. Яғни борышкер қарызды төлеуден қашпайтынын, бірақ оны өз мүмкіндігіне қарай қайтаруға дайын екенін көрсетеді. Шамамен 70% жағдайда коллекторлар қарызды азайтуға дайын. Бірақ олар борышкердің шын мәнінде қарызды төлеуге ниетті екенін тексереді, – дейді сарапшы.
Демек коллекторлық агенттік бас тартса, ҚНРДА-ға («Коллекторлық қызмет туралы» заңның 6-бабына сәйкес) немесе сотқа шағымдана алады. Бұл жағдайда бас тарту себептері мен мәселені шешу жолдарын көрсету қажет. Негізгі мәселе – көбіне борышкерде шынымен қарызды төлеуге мүмкіндік болмайды, ал коллекторлар оларға қысым жасайды. Соның салдарынан борышкерлер мүлдем төлеуден бас тартады немесе банкроттыққа жүгінеді, бұл коллекторлық агенттіктерге де тиімсіз.