Елімізде 6 миллионнан астам адам сақтандыруға алынған. Алайда, оның тек 100 мыңы ғана ерікті түрде өз өмірін сақтандырған, деп хабарлайды 24kz.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру кімдерге рәсімделеді? Ерікті сақтандырудың қандай артықшылықтары бар?
Назым Қайрат, тілші:
- Міндетті әлеуметтік сақтандыру – еңбек қауіпсіздігінің басты кепілі. Қолданыстағы Еңбек кодексіне сәйкес кенші, теміржолшы, мұнайшы сынды қауіпті қызметте жүретін жұмысшылар міндетті түрде сақтандыруға алынуы тиіс. Себебі, жұмыс барысында оқыс жағдайға ұрынса, олар сақтандыру көмегімен денсаулығын түзей алады, қайғылы жағдай орын алса, жанұясына қаржылай көмек көрсетіледі. Бүгінде республикада 6 миллион 400 мың адам сақтандыруға алынған.
Рахат Абдрахманов, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің бас сарапшысы:
- Жазатайым оқиғадан зардап шеккендерге бірінші республикалық бюджеттен төлемдер төленеді. Сосын мемлекеттік әлеуметтік қорынан төленеді. Егер қызметкер сақтандырылса, онда сақтандыру компаниялары төлем жүргізіледі. Егер сақтандырылмаса, жұмыс берушілер өздері төлем жүргізеді. Оның көлемі 0,92 ең төменгі күнкөріс деңгейінен бастап балалар санына байланысты жоғарылай береді.
Міндетті әлеуметтік сақтандыруды жұмыс беруші сақтандыру компаниясымен келісімшартқа отырып жүзеге асырады. Бірақ бұдан бөлек, ерікті түрде өз өмірін сақтандыратын азаматтар да бар. Алайда, олар сақтандыруға алынған тұрғындардың небәрі 0,8%-ін құрайды. Оның өзінде де басым бөлігі көлігін не пәтерін сақтандыруға қояр кезде ғана мәжбүрлі түрде өз өмірін қоса сақтандырады. Тек 100 мыңға жуық азамат қана саналы түрде сақтандыру пакетін рәсімдейтін көрінеді.
Руслан Құрманғалиев, сақтандыру компаниясының өкілі:
- Мысалы көрші Ресей мемлекетінде 3% адам өз еркімен өзін сақтаған. Канада, Америкада 54%. Ең жоғарғы пайыз ол Жапония мемлекетінде. 95%-ті құрайды.
Ал біздің елде ерікті түрде өз өмірін сақтандыру бағасы қанша?
Руслан Құрманғалиев, сақтандыру компаниясының өкілі:
- 2024 жылы ең төменгі жарнасы 10 мың теңгені құрайды. Яғни, адам өмірін 2,5-3,5 миллионға дейін сақтандырады. Неғұрлым сақтандыру жарнасы көп болса, соғұрлым адамның өмірі көптеген суммаға сақтандырылады деген сөз. Кейбір кісілер бізде 360 мың теңге салады. Бір күнде 1000 теңгеден. Бірақ та бір жылда бір-ақ салады. Ол мысалы, 20 жылға 15 миллионға дейін шығады.
Ерікті түрде сақтандырудың міндетті әлеуметтік сақтандырудан бір артықшылығы мерзімінде. Міндетті сақтандыру тек жұмыс уақытында болған оқыс оқиға салдарына ғана төленсе, ерікті сақтандыру жұмыстан тыс уақыттағы жағдайларға да жарамды. Яғни, сақтандыру пакеті 24/7 жұмыс істейді. Бірақ міндетті сақтандыруы бар азамат қауіпті қызметтерде істесе, 55 жастан бастап зейнетке шыға алады.
Бейбарыс Тәңірбергенұлы, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің бас сарапшысы:
- 2014 жылдан бері зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскерлер оларға ай сайын міндетті кәсіптік жарнасы аударылған болса, және олар 7 жыл, 84 айды құрайтын болса, жұмыскер 55 жасқа толғаннан кейін жұмыскерге зиянды жұмыстардан зейнетке шығу бойынша өтініш білдіре алады. Сол өтінішке сәйкес, 55 жастан зейнетке тапсырып, жеңіл жұмысқа ауысса да болады немесе жұмыстан шықса да болады.
Назым Қайрат, тілші:
- Бұл ретте қызметкерге 4 көзден төлем аударылады. Республикалық бюджеттен кәсіптік міндетті жарна, ең төменгі күнкөріс деңгейінде жұмыс берушіден, сақтандыру компаниясынан және бірыңғай зейнетақы қорынан.
Нұрлан Өтешов, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары:
- Лайықты еңбек неден құрастырылады деп сұрасақ, ол лайықты жалақы, лайықты жұмыс орны және де еңбек қауіпсіздігі болып табылады. Мысалға кейбір мұнай сервистік компаниялардың иелері, жұмыс берушілері әдейі провакация ретінде өзінің ұжымын әртүрлі заңсыз забастовкаға итермелеп жатады. Сол кезде әкімшілік келіп, қандай мәселе деп жатқан кезде бұлар объём сұрайды. Ақыры қара жұмыспен айналысатын қызметкерлердің қолымен өзіне байлық тауып алады. Ал ол байлықты бөлгенде сол жұмысшыны ойлап жатпайды.
Сондықтан кәсіподақ өкілі бармақ басты, көз қыстыға салынбай, компанияға түскен табысты бөлісуде халықаралық стандарттарды ұстану қажет дейді.
Нұрлан Өтешов, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары:
- Халықаралық стандарттарда қазіргі кезде бүкіл мына таза ақшаны 50/50 қылып бөледі. Яғни, 50 ол мына жұмыс беруші тарапынан, 50-і жұмысшыларға, қызметкерлерге.
Сонда міндетті сақтандыру арқылы зейнетке шыққан жұмысшылардың да айлық төлемі артады әрі жұмыс өнімділігі де ұлғаяды.
Авторлары: Назым Қайрат, Мерей Талап, Ержан Рахманбердиев