Бүгін Мемлекет басшысы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында мәдени-гуманитарлық саланы дамытуға қатысты бірқатар маңызды тапсырмалар берді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты, деп жазады Egemen.kz.
— Президент кезекті рет әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударды.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заң қабылданғаннан кейін, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Отбасын қолдау орталықтарының жұмысын қайта құруды жүзеге асырды. Елімізде қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмектесу мақсатында кейс-менеджмент жүйесі енгізіліп, бірыңғай желі құрылды. Бұл өз кезегінде жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінде Қазақстанда 104 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді, ал 2027 жылға дейін олардың санын 208-ге дейін көбейту жоспарланып отыр, — делінген министрдің жазбасында.
Президент өз сөзінде адами капиталға инвестиция салудың маңыздылығын атап өтіп, елдің интеллектуалды және шығармашылық әлеуетін қолдау мен оны табысты іске асыру қажеттігін айтты.
— Мемлекет басшысы сонымен қатар еліміздің құжаттық мұрасын сақтау мәселесіне де ерекше тоқталды. Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанның жаңа мәдени мұра нысандарын ЮНЕСКО тізіміне енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіліміне Қазақстанның құжаттық мұрасын енгізу және насихаттау жөніндегі Жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына ғалымдар, архившілер, археологтар, академиялық қауымдастық өкілдері мен қоғам қайраткерлері кірді.
ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы бойынша Ұлттық комитеттің қызметі аясында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен ұлттық реестр құру жоспары әзірленіп, елдің құжаттық мұрасын зерттеу және толықтыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр, — дейді Аида Балаева.
Оның пайымынша, бұл бастама тарихи ескерткіштермен қатар, ұлттық дәстүрлер, тіл, музыка және қолөнерді қорғауға бағытталған. Жаңа номинацияларды әзірлеуге де ерекше бөлінеді. Олардың ішінде Абайдың «Қара сөздері» қолжазбалары, танымал қазақстандық авторлар мен орындаушылардың аудиовизуалды архивтері, сондай-ақ Қазақстан тарихына қатысты бірегей кино және фотоматериалдар бар.
— Бұған дейін ЮНЕСКО реестріне Қожа Ахмет Яссауи қолжазбалары, Арал теңізін құтқару құжаттары және «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының материалдары енгізілген еді.
Президент театр өнерін дамыту мәселесін де көтеріп, орыс және өзге де ұлттық театрларды қолдау қажеттігін атап өтті. Бұл еліміздегі мәдени әралуандықты сақтауға ықпал етеді.
Министрлік этникалық және орыс театрларын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Биыл Михаил Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры мен Наталья Сац атындағы мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрының Ресейге гастрольдік сапары жоспарланған, — деп жазды министр.
Дерекке қарағанда, 2025 жылы Құддыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры Түркияға, ал Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры Кореяға гастрольдік сапармен барады. Бұған қоса, өңірлік театрлар халықаралық фестивальдерге белсенді түрде қатысып жатыр.
— Ақтөбе қаласында жаңа облыстық театрдың құрылысына жер телімі бөлініп, жоба-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Осындай жұмыстар Қонаев қаласында да жүргізілуде. Сонымен қатар, Шымкентте жаңа опера театрының құрылысын бастау мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай күшейтіледі.
Президент қазақстандық киноөндіріс пен анимацияны дамыту мәселесін де көтеріп, олардың сапасын арттыру қажеттігін баса айтты.
Министрлік «Қазақфильм» киностудиясының ұлттық киноөндірістегі жетекші рөлін сақтап қана қоймай, оны халықаралық деңгейге шығаруды мақсат етіп отыр.
2024 жылы қазақстандық прокатқа 16 ұлттық фильм шықты, ал 2025 жылы мемлекеттік қолдау аясында 14 жаңа көркем фильм мен 2 заманауи кинотуынды жарық көреді, — делінген жазбада.
Маңызды қадамдардың бірі – заманауи құрал-жабдықтармен қамтылатын анимациялық хаб құру. Бұл хаб отандық анимацияның даму орталығына айналады.
— Президент мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс критерийлерін қайта қарау және үкіметтік емес ұйымдар туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігін де атап өтті.
Министрлік осы бағытта жұмыс тобын құрып, проблемалардың тізімін жасап, заңнамалық және нормативтік түзетулер әзірлеуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Қытай, Түркия және Ресейде Қазақстан мәдени орталықтарын ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Мұндай орталықтардың қызметі «Мәдениет туралы» заңда бекітілген. Қазіргі таңда Бейжіңдегі Қазақстан мәдени орталығының орналасатын орны анықталып, оның тұжырымдамалық контенті әзірленуде. Бұл орталықтың құрылымында көрме және конференц-зал, коворкинг орталығы, ұлттық музыкалық аспаптарды үйретуге арналған сыныптар мен тілдік курстар қамтылмақ.
Министрлік Президент атап өткен барлық бағыттар бойынша жұмыстарды жалғастыратын болады, — дейді Аида Балаева