Наурыз күнделігі: 15 наурыз – Қайырымдылық күні!
Қазақ Елі өзінің төл мерекесі Наурызды жаңа пішінде тойлауға кірісті. Оның әр күнінде ұлттық белгі ретіндегі белгілі бір іс‑шараны атқару көзделген. Белгілі философтар, ф.ғ.д. Берік Аташ пен Әбдірашит Бәкірұлы осы күнтізбе бойынша әр күнге өздерінің философиялық‑мәдени‑әлеуметтік және тарихи мазмұндағы ойларымен бөлісуді қажет деп шешіпті. Бұл жаңалықты өте оңды және өзекті шешім деп санаймыз.
14 наурыз «Көрісу» күні деп аталып, ол күні алыс‑жақын ағайын‑туыс, дос‑жаран, әріптестер және т.т. бір‑бірімен көрісіп, бір‑бірімен шұрқырасып табысып жатты... Бұл күн Ел бірлігін жаңартқан күн болды.
Келесі – 15 наурыз белгіленген «Наурыз күнтізбесі» бойынша «Қайырымдылық күні» деп аталып, бұл күні мұқтаж жандарға жаппай қайырымдылық көрсету орын алуы тиіс.
Әбдірашит Бәкірұлы:
– Қайырымдылық – жалпы тілді‑тілсіз тірішілік атаулыға тән қасиет. Оның түп негізінде тіршілікке тән биологиялық заңдылықтар жатады: мысалы, өсімдік әлемінің өзі ұрығын шашарда өзге құбылыстардан «қайырымдылық» болуын күтеді. Ол – тұқымды ұшырып шашатын желден келер қайырым, не тұқымды шоқып жеп, өзге аймаққа таратушы құстан не малдан келер қайырым, аққан судан келер қайырым... Яғни, табиғат неғұрлым түрлі болған сайын, оның түрлерінің бір‑біріне деген «көмекгі» не «септігі» де соншалықты көп – табиғат түрі өзара «қайырымсыз» өмір сүре алмайды.
Ал, саналы тіршілік иесі болып саналатын Адамның да қайырымдылық инстинктінің түп негізі осы – биологиялық‑табиғи «өмір сүру инстиктінен» басталып, оның саналы өмірімен ұштасады. Ол әуелі «ұрпақты жалғастыру» кезеңінен басталып, кейін – қауымдасып өмір сүру деңгейінде жалғасады. Осы деңгейде Қайырымдылық – қоғамдық қарым‑қатынас жүйесінің маңызды элементіне айналып, моральдік және этикалық қатегориялар ретінде адам санасында орнығады, әрекет ету принциптеріне айналады.
Берік Аташ:
– Сіз қайырымдылықтың табиғи, ксомологиялық, онтологиялық жағына тоқталған екенсіз, мен онда әлеуметтік қайырымдылықтарға шолу жасап өтейін.
Қазақ халқының дүниетанымын зерттеуші қазіргі философтардың көпшілігі, оның этикоцентризмге негізделгендігін көрсетеді. Яғни, олар басқа да рухани құндылықтармен қатар, руханиятымыздың өн бойында қайырымдылық сияқты адамгершілік құндылықтар басымдықта тұратынын ерекше атап өтеді.
Әсіресе, жетім-жесірге қайырымдылық жасау немесе әрқилы аппаттарға, соғыс зардабына байланысты берілетін қайтарымсыз көмектердің барлығын қайырымдылықтар деп атасақ, оның өзі халқымыздың дәстүр‑салтында сан қилы болып келеді.
Мәселен:
1. Әлеуметтік өмір салтында рулық таным, рулық-қандастық, тамыр-туыстық негізде бір ауыл немесе қауым болып тұтасады. Әрине, біз оның қазіргі жағымсыз жағына ғана назар аударып, оны «рушылдық» деп кіна артамыз да, шындығында оның жағымды, игілікті, оңды жақтарының кейбіріне назар аудармаймыз.
2. Ол кездегі «рулық қауым», қазіргі тілмен айтқанда, өзіндік бір «Корпоративтік Рух» тұтастығын құраған деп айтуымызға болады. Мәселен, сол рудағы кедейлер, жесірлер, малы жұтқа ұшырағандар, соғыста асыраушысынан айрылғандар т.б. материалдық жағдайына тұтас ру мүшелері жауапты болған. Ол жауапкершілікті ру ақсақалдары ұйымдастырып, жағдайы төмен адамдарға барлық ру мүшелерінің, әсіресе, дәулеттілердің жәрдемдесуін қадағалаған, оны басқарған.
3. Өйткені, белгілі бір рудың өкілі «жоқшылықта» өмір сүрер болса, ол ‑ руға Сын болған, барлық ру мүшелерінің намысына тиетін болған.
4. Қазіргі таңда да қиналған жандар ақпараттық желілер арқылы бүкіл Қазақстаннан көмек сұрайды, ол кезде көмек сұрамаса да, «корпоративтік рулық рух» жанға жаны ашығандықтан, өз бетінше көмектесетін болған.
Со кезден-ақ, қазақ халқында қайырымдылық «арнайы іс-шара» деп ресми түрде ұйымдастырылғанымен ‑ ол өздігінен баршаға түсінікті болып, ұрпақтан ұрпаққа ауысып, институционалданған дәстүрімізге айналған. Олар: асар, үме, енші, сыбаға т.б. Мысалы, аңшы мол олжаға кенеліп, қайтып келе жатқан кезде, кездескен жолаушыға, ол аса бір кедей болмаса да, «олжа» деп үлес қалдырып кететін дәстүр болған. Алған да, берген де оны «Тәңір еншісі» деп түсінген.
Айдаладағы мал іздеген немесе басқа да бір мақсаттармен сапарға шыққан жолаушы жолшыбай кездескен үйге тоқтауы тиіс екендігі өз алдына, үй иесі де оны «құдайы қонақ келді» деп құшақ жая қарсы алып, тамақтандырып, атын тынықтырып, азық беріп, қажет болса үйіне түнетіп те жіберген. Кейіннен, мүмкін одан да бұрын, осы дәстүр хан жарлықтарымен арнайы бекітілген екен.
Қазақта «Жетім көрсең жебей жүр» деген нақыл сөз ұрпақтан-ұрпаққа тарап, моральдік кодекс ретінде бекітілген. Бұл тек қайырымдылықты қажет етіп сұраған жағдайда ғана емес, оны көргенді адамдар өздігінен-ақ түсінуі тиіс қайырымдылық нормалары еді десе болады. Халқымыз табиғаттағы, қоғамдағы қорғансыздардың барлығына (құмырсқа, жануарлардың ұрпақтары т.б.) дерлік зәбір көрсетпеу керек деген түсінікпен: «обал», «наласына қалу» т.б. деп, қайырымды‑мейірімді адамгершілік қағидаттар құрылымданған.
Бірақ халқымыз «наласына қалу», «обалы тиюді» тура мағынадағы физикалық, не, психологиялық емес, одан жоғары ‑ әлдеқандай бір тылсым энергиялар арқылы «зәбір көрсету» адамға кесір болып жабысады деп ойлаған. Өйткені, ол тербеліс заңына сай, қайта оралып, өзіңді бақытсыздықтарға ұшыратады деп сенген.
Ол замандарда, жалпы, қайырымдылықтардың барлығы қазіргі күндегідей «көпшілікке жар салумен» емес, жабық күйде «рухани жан дүниенің тазарту» түрінде түйсінілген.
Ал қайырымдылыққа жаны үйір адамдарды «жомарт» деген атаумен мәртебелеген. Әрине, өкініштісі, қазіргі таңда бұның көбі ұмыт болып барады. Қоғам да оны сақтай бермейді.
Түйін:
Бүгінгі таңдағы ұлттық тәрбиені күшейту, «адал азамат» қалыптастыру т.б. жүзеге асыру кезінде, оның қағидаларын алыстан іздемей-ақ, қанымызға сіңген осы архетиптік бастаулардан алған дұрыс. Біздің басқа көптеген халықтардың этикасынан немесе діни моральдарынан әлдеқайда өресі биік тұрған осы «Қазақы этика» ұстанымдары – әлі де халқымызға қызмет ете береді.
Берік Аташ,
Әл‑Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Философия кафедрасының аға оқытушысы.
Әбдірашит Бәкірұлы,
философ‑публицист.