Елімізде азаматтық қоғамды дамытқан және мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты орнатқан Ұлттық құрылтай.
Сарапшылар жалпыұлттық жиынды жаңартқан ел басшысының бұл бастамасын оң бағалайды. Бұл ретте Caravan.kz медиа порталы Ұлттық құрылтайдың азаматтық қоғамды дамытудағы рөліне тоқталып өтті.
Жалпы Ұлттық құрылтайдың азаматтық қоғаммен байланысын түсіну үшін оны төрт негізгі бағыт бойынша талдауға болады.
«Мемлекет басшысы Тоқаевтың билікке келгенінен елде маңызды саяси өзгерістер орын алды. 2022 жылы құрылған Ұлттық құрылтай мемлекет пен қоғам арасындағы ашық алаңға айналды. Құрылтай дәстүрінің бүкілхалықтық жиналыс ретінде қайта жандануы халықтың бірлігін ғана білдірмейді, халықтың араласуымен өзекті мемлекеттік міндеттерді шешуге бағытталғанын көрсетеді», — дейді саясаттанушы Борис Поломарчук.
Біріншіден, құқықтық және заңнамалық реформалар.
Ұлттық құрылтай мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы құқықтық қатынастарды жетілдіруде маңызды рөл атқарады. Оның жұмысының нәтижесінде бірқатар заңнамалық бастамалар жүзеге асырылды. Мысалы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнамаларға тоқталып өтейік. Аталмыш мәселе құрылтай басталған жылдардан бері өзекті тақырып ретінде күн тәртібіне шығарылып келеді. Талқылаулардың нәтижесінде Қазақстанда әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтетін жаңа заңдар қабылданды. Осы өзгерістерге сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтіліп, құқық бұзушыларға қатысты жазалау шаралары қатаңдатылды.
Құрылтай алаңында адам құқықтарын қорғау мәселелері де жиі көтеріледі. Сөз бостандығын қамтамасыз ету, сот жүйесінің әділдігін арттыру және сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында бірқатар реформалар жүргізілді.
Заңсыз шығарылған активтер енді елдің әлеуметтік және экономикалық дамуына жұмсалады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда мәлімдеді. Сонымен қатар Тоқаев ол қаражаттың қайда жұмсалып жатқаны ашық түрде халыққа көрсетілу керектігін алға тартты. Бұл да билік пен халықтың арасындағы ашық қоғамның қалыптасып жатқанының көрсеткіші дейді сарапшылар.
Азаматтардың жергілікті билік шешімдеріне қатысуын арттыру мақсатында мәслихаттардың өкілеттіктері кеңейтіліп, қоғамдық кеңестердің рөлі күшейтілді.
«Президенттің билікке келгеніне 6 жыл болса, саяси реформалардың жүзеге асып жатқанына үш жыл болды. Дәл осы сәттен бастап қоғамда нақты өзгерістер айқын көрініс тапты. Соның ішінде президенттік билікті бір реттік және жеті жылдық етіп бекітті. Сайлаудағы өзгерістер ол өте маңызды шешім. Жастар қатарының артуы үлкен көрсеткіш. Бұрын соңды болмаған қадам. Қазір қарапайым азамат өзінің білімі мен тәжірибесінің арқасында ел басқару ісіне араласа алады. Мен қызмет жасап отырған парламентке бір мандатты округтан сайлануы. Аудан және ауыл әкімдерінің сайлау арқылы тағайындалуы. Бұның барлығы азаматтық қоғамның көрсеткіші», — дейді мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы
Азаматтық қоғамның екінші көрсеткіші — әлеуметтік және мәдени даму. Құрылтайдың бастамасымен 2023-2025 жылдарға арналған “Қоғамда еңбек құндылығын ілгерілету” бағдарламасы бекітілді. Бұл бағдарлама еңбек мәдениетін насихаттау және жастар арасында кәсіптік бағдар беруді күшейтуге бағытталып отыр. Құрылтай отырыстарында мемлекеттік тілді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту және мемлекеттік қызметтерді қазақ тілінде жүргізу бойынша ұсыныстар қабылданды. Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету мақсатында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау шаралары күшейтілді. Осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі – “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасы. Бағдарлама шеңберінде 2025 жылы 18 жасқа толмаған қазақстандық балаларға 129,38 доллар көлемінде қаражат аударылды.
Үшінші бағыты ол — экономикалық және еңбек саясаты. Құрылтайда шағын және орта бизнесті қолдау мәселелері талқыланып, “Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба” әзірленді. Бұл жоба аясында шағын кәсіпорындарға жеңілдетілген несие беру, мемлекеттік сатып алуларда жергілікті бизнестің үлесін арттыру сияқты шаралар қарастырылды. Экономист Айбар Олжаевтың пікірінше, мемлекет қазір нарықты бос жіберіп, бақылауды жеңілдетті. Бұл өз кезегінде халықтың еркін болуына жол ашты, ал кәсіпкерлердің жұмысына едәуір көмектесті.
Төртінші бағыт — қоғамдық қауіпсіздік және тұрақтылық. Ұлттық құрылтай қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бұл ретте нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күрес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске арналған жобаларды атап өтуге болады. Одан бөлек экология мәселелері де жиі талқыланады. 2024 жылы қабылданған “Жасыл Қазақстан” бағдарламасы шеңберінде табиғатты қорғау шаралары күшейтіліп, экологиялық заңнамаларға өзгерістер енгізілді.
Саясаттанушы Борис Поломорчук Ұлттық құрылтай — делиберативтік демократия концепциясының көрсеткіші деп бағалайды.
«Делиберативтік демократия саяси шешімдерді ашық, дәлелді және инклюзивті қоғамдық пікірталастар негізінде қабылдау дегенді білдіреді. Ұлттық құрылтай осы қағидаттың көрсеткіші. Бұл жиында зиялы қауым, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері бас қосып, халықты толғандырған мәселелерді талқылайды. Сәйкесінше, диалог алаңы қалыптасады, барлық қатысушылардың көзқарастары ескеріледі. Бұл демократияның дәстүрлі түрлерінен айырмашылығы да осында. Онда азаматтар тек сайлауға қатысумен шектелсе, құрылтай секілді алаңдар қоғамды шешім қабылдау процесіне неғұрлым белсенді түрде тартуға ықпал етеді», — дейді сарапшы.
Нәтижесінде халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімі артып, әлеуметтік бірлік нығаяды. Құрылтай арқылы жүзеге асырылатын делиберативтік механизмдер азаматтарға өз пікірін ашық білдіруге мүмкіндік беріп отыр.
«Делиберативтік демократияның маңызды ерекшелігі тек пікір білдіру ғана емес, сонымен қатар оларды негіздеп, конструктивті диалог аясында талқылау. Құрылтай осындай мәдениетті дамытып, сараптамалық талдау мен ұзақ мерзімді стратегияларды әзірлеуге жағдай жасап отыр. Әлемнің көптеген елдерінде делиберативтік демократияның осындай механизмдері дамып келеді. Атап айтқанда, Ирландиядағы азаматтық ассамблеялар, Франциядағы Экономикалық, әлеуметтік және экологиялық кеңес, сондай-ақ скандинавиялық елдердегі қоғамдық консультациялар форматы күрделі саяси мәселелерді талқылау үшін қолданылады. Демек, Қазақстандағы Ұлттық құрылтайды мемлекеттік басқарудағы делиберативтік механизмдерді дамытуға бағытталған жаһандық трендтің бір бөлігі ретінде қарастыруға болады. Оның рөлі тек ұлттық бірлікті нығайтуда ғана емес, сондай-ақ теңгерімді әрі заңды шешімдер қабылдауға ықпал ететін тиімді диалог құру құралын қалыптастыруда жатыр», — деп қорытындылады саясаттанушы.