Белгілі ғалым, Астанадағы " Nazarbayev university" белді зерттеушісі, "National Laboratory Astana" микробиома зертханасының жетекшісі Алмагүл Кушугулова қоғамдағы қазақ әйелінің рөлі, ғалым қыз-келіншектердің ғылым жолындағы қиындықтары мен мансап және отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңыздылығын атап өтті.
Caravan.kz тілшісіне экслюзивті сұхбат берген ол, жас аналарға дамуға кеңес беріп, отбасы мен ғылым жолын бірге алып жүруге қатысты құнды кеңестерімен бөлісті.
— Алмагүл, алдымен оқырмандарымызға өзіңіз жайлы таныстырып өтсеңіз? Қай жақтан боласыз? Отбасыңызда неше баласыздар?
Мен Целиноград қаласында дүниеге келіп, сол жерде өстім және есейдім. Біздің медициналық университетті педиатрия мамандығы бойынша бітірдім. Балаларым есейген, әрқайсысы бір-бір отаудың иесі атанып отыр. Барлық қазақ отбасылары сияқты туыстарым, бауырларым өте көп және бәріміз осында, туған қаламызда тұрамыз.
— Педиатрияға, жалпы ғылымға қалай келдіңіз? Отбасыңызда ғылыммен айналысатын жақындарыңыз бар ма?
Біздің отбасымызда мен дәрігерлік мамандықты таңдаған алғашқы адам емеспін. Менің апам көп жыл бойы педиатр болып қызмет етті, қазіргі уақытта ол PhD дәрежесінің иегері, Астана медициналық университетінде студенттерге сабақ береді.
Студент кезімнен бастап ғылымға қызығушылық таныттым, бірінші курстан-ақ ғылыми үйірмелерге белсенді қатысып, ал алтыншы курста өз бетімше тәжірибелер жүргізе бастадым. Университетті бітіргеннен кейін аспирантураға түстім. Бұл қиын 90-жылдары еді, сондықтан үміт сыйлайтын зерттеу тақырыбын таңдағым келді. Сол себепті мен пробиотиктерді таңдадым – ол грек тілінен аударғанда «өмір сыйлаушы» деген мағынаны білдіреді.
Мен әлі күнге дейін ағзамыздағы пайдалы микроорганизмдерді зерттеумен айналысып келемін. Ішектегі микробтар дәрумендер мен ферменттерді синтездейді. Көптеген тағамдар біздің ағзамызда дәл осы ішімізде тіршілік ететін микробтардың арқасында қорытылады, сондықтан қандай тағамдар біздің ағзамызға пайдалы, ал қайсысы жарамсыз екендігін солардан білуге болады. Бұл өте маңызды, өйткені адам денсаулығы ең алдымен тамақтануға тікелей байланысты.
Біз энтеротип – ішектің түрін анықтайтын тест әзірледік және оған халыққа арналған тиісті ұсынымдар жасадық. Бұл әдістемені клиникалық-диагностикалық зертханаларға енгізуді жоспарлап отырмыз. Болашақта бұл қан тобын анықтау сияқты кең тараған процедураға айналады деп сенемін.
Ең маңызды міндеттерімнің бірі – жас ғалымдардың жаңа буынын дайындау: тәжірибелік жұмыс дағдыларын, жасанды интеллектті қолдана отырып, деректерді талдаудың заманауи әдістерін үйрету. Сол үшін өзім де үнемі оқып-үйренуім керек – пандемия кезінде биоинформатикалық талдау және машиналық оқыту әдістерін белсенді түрде меңгердім. Міне, маңызды сабақ осында: үнемі оқып-үйреніп, жаңа дағдыларды, тіпті жаңа мамандықтарды игеруден қорықпау керек!

— Cіз «National Laboratory Astana»-да микробиома зертханасына жетекшілік етесіз. Қазіргі таңда қандай жобалармен айналысып жатырсыздар? Жалпы зертхана жұмысымен таныстырып өтсеңіз?
Әрбіріміздің ішінде триллиондаған микроорганизмдерден тұратын бірегей көзге көрінбейтін әлем өмір сүреді, яғни жеке микробиомалар бар. Бұл жай ғана кездейсоқ бактериялар жиынтығы емес, нағыз биологиялық таңба, ол дәл саусақ іздеріңіз сияқты бірегей болып келеді.
Тағы бір таңғажайып жаңалық: төрт қан тобы сияқты, жер бетіндегі барлық адамдар үш энтеротиптің біріне, яғни ішек микрофлорасының ерекше түрлеріне жатады. Осы ретте сіздің энтеротипіңіз сізге қандай тағамдар сәйкес келетінін, ал қайсысы зиян келтіруі мүмкін екенін анықтайды.
Біздің ғылыми тобымыз бұл кодты шешіп, өз энтеротипіңізді білуге және алғашқы белгілері пайда болған уақытқа дейін аурулардың алдын алу мүмкіндігін беретін қарапайым тесттер жасады. Біздің зерттеулеріміздің ең негізгі аспектісі — энтеротипті талдау сіздің денсаулығыңыздың болашағына әсер ететін ерекше терезе болмақ. Ол бұрыннан бар жасырын ауруларды ғана емес, сонымен қатар жақын жылдары қандай аурулар дамуы мүмкін екенін жоғары дәлдікпен болжайды.
Ең таңқаларлығы, энтеротипті анықтағаннан кейін сіз жеке тамақтану бағдарламасын алып, соған сәйкес өз микробиомыңызды сөзбе-сөз «қайта бағдарламалауға» және дәрі-дәрмексіз осы аурулардың дамуын болдырмауға мүмкіндік аласыз. Шындығында, біз нағыз тағамдық медицина туралы айтып отырмыз, яғни дұрыс таңдалған өнімдер сіздің күнделікті дәріңізге айналады. Таңғаларлығы сол, кейбір аурулар белгілі бір энтеротипі бар адамдарда физикалық түрде дами алмайды.
Біз микробиомның иммунитетке, жүрекке және әсіресе баланың өмірінің алғашқы 1000 күніндегі денсаулығына қалай әсер ететінін зерттейміз. Ал, бұл кезең баланың бүкіл өмірге денсаулық іргетасы қаланатын кезең болып саналады.
Қазақстандық дәстүрлі тағамдар микробиома үшін нағыз асыл қазына болып шықты. Біздің зерттеулеріміз қан қысымын өлшеу сияқты әдеттегі процедураға айналатын қолжетімді тесттер жасауға көмектеседі. Өзіңіздің микробтық кодыңызды біліңіз — сонда сіз бұрын мүмкін емес болып көрінген дербестендірілген денсаулыққа кілт аласыз! Микробиома — денсаулығыңыздың жеке коды.

— Ғылым жолы оңай емес. Осы орайда, ғылымдағы әйелдер қандай қиындықтармен бетпе-бет келуі мүмкін?
Ең қиын кезең — балалардың кішкентай кезімен сәйкес келетін уақыт шығар, себебі зерттеуші болған соң, ана ретінде бәріне бірдей үлгеру қиын. Ғылыми конференциялар мен ата-аналар жиналыстарына үнемі қатысып тұру — мұның бәрі әйел адамнан уақытты дұрыс пайдалануды қажет етеді, сондай-ақ осы уақытта әйелге жақындарының қолдауы ауадай қажет болады. Бірақ сенсеңіз, бала дегеніміз бұл тек жауапкершілік қана емес, олар бізді алдыға сүйрейтін алапат күш пен күш-жігер беретін мотивация болып саналады.
— Жас ғалым қыз-келіншектерге айтар кеңесіңіз қандай?
Ешкімге ештеңе дәлелдеудің қажеті жоқ, ғалым-зерттеуші үшін бәсекелесетін адам — ол тек өзі ғана. Басқалармен жарысуға немесе өзіңізді дәлелдеуге энергияны шығындап қажет емес. Әрдайым оқып, өсіп, дамыңыз деп айтар едім. Алдыға үлкен мақсаттар қойып, соған жете білген адамды зор мүмкіндіктер мен жетістіктер күтіп тұратыны анық. Ғылымда мүмкін емес нәрсе жоқ, тек әлі зерттелмеген немесе ашылмаған нәрселер бар.
Сосын жұмыс пен жеке өмір арасында тепе-теңдікті сақтай білу маңызды деп айтқым келеді. Өз тәжірибемнен айта аламын, отбасы мен балалар ғылыми мансапқа жетуде кедергі емес, керісінше олар шабыт беріп, адамды ерекше ынталандырады.
Сосын ғылымда сәтсіздіктер мен қателіктер де болады, одан еш қорықпау керек. Себебі, ғылым жолында бәрі болады. Әр жеңілістен кейін сабақ алып, алға жылжи алсаңыз — міне нағыз ғалым осы қасиеттермен шыңдалады деп ойлаймын. Тағы бір басты қасиет — білімге деген құштарлықты сақтау керек. Ғылым тек нәтиже ғана емес, сізге бақыт, қуаныш әкелуі керек.
— Өмірдегі басты жетістігіңіз не деп ойлайсыз?
Менің басты байлығым — отбасым. Балаларың жанарлары жанып, достарына анасының жұмысы туралы әңгімелеп бергенде, ал олар кейін біздің зерттеулерімізге қатысу үшін кезекке тұрғанда — бұл кез келген ғылыми марапаттардан да қымбат!
Әрине, мақтан тұтатын кәсіби жетістіктер де бар. Менің ғылыми тобым Консорциумның тұрақты мүшесі болып табылады, біз халықаралық зерттеу гранттарының иегерлеріміз. Біз синбиотикалық йогурт, бие сүтіне негізделген метабиотикті өндіріске енгіздік. Жақын арада енгізу жоспарланған тағы бірқатар әзірлемелер бар. Биыл біз халықаралық грантты ұтып, Германия мен АҚШ университеттерінен әріптестерімізбен бірге жаңа міндеттерді жүзеге асырудамыз. Бұл жаңа тәжірибе, жаңа сын-қатерлер және әрине, біздің зерттеулерімізге халықаралық қорлардың қаржы салуға дайындығын ескерсек үлкен жетістік.
— Соңғы сұрағымыз болсын, әйелдер күні қарсаңында қазіргі қоғамда қазақ әйелі өз орнын тапты деп ойлайсыз ба? Жалпы қоғамдағы әйел рөлі бүгінде қандай?
Иә, мен қазақ әйелдері қазіргі қоғамда өз орнын тапты деп нық сеніммен айта аламын. Бүгінде біз қазақ әйелдерінің дәстүрлі құндылықтарды сақтай отырып, заманауи мүмкіндіктерді игеріп жатқанын көріп отырмыз. Бұл – үлкен жетістік!
Тарихи тұрғыдан, қазақ әйелі қоғамда әрқашан ерекше орын алған. Айқын мысал – Бопай ханым, Әбілқайыр ханның жұбайы, ол XVIII ғасырда саяси өмірге және дипломатиялық келіссөздерге белсенді қатысқан. Тағы бір танымал мысал – дана Айғаным, Шоқан Уәлихановтың әжесі, ол күйеуі-сұлтан қайтыс болғаннан кейін Орта жүздің бір бөлігін іс жүзінде басқарып, Ресей императорымен хат алмасып, өз аумағында прогрессивті реформалар жүргізген. Осындай тарихымызда елеулі із қалдырған ұлы әйелдердің мысалдары өте көп. Мен әрқашан бұл мысалдарды өз балаларыма да, жас мамандарға да айтып отырамын.
Өз тәжірибемнен айтсам, әйелдердің ғылым саласына қосқан үлесі зор екенін атап өтемін. Менің зертханамда жас әйелдер, аналар жұмыс істейді. Менің қызметкерлерімнің бірі ғылым докторы Ұлыбританияда тағылымдамадан өтуде. Тағы бір мысал, оқушыларымның бірі үш балалы ана жас әйел қазірдің өзінде ғылым докторы АҚШ-тағы екі жылдық жобаға шақырылған. Оған қоса, лабораториямызда көп балалы жас әйел ғалымдар докторлық диссертацияларын сәтті жүргізуде.
Әйелдерге отбасының, қоғамның қолдауы, түсіністігі және олардың әлеуетін толық ашуға мүмкіндік беретін жағдайлар жасау өте маңызды.
Біздің ұлттық кодымызда әйелге деген құрмет терең тамыр жайған, ал біздің заманымыз оны жаңа биіктерге көтеруге мүмкіндік береді. Ең бастысы – әрбір әйел өзінің бақытын қалай құруды өзі шеше алатын еркіндікке ие болуы керек, бұл еркіндікті отбасындағы, ғылымдағы және кез келген басқа саладағы әйел сезінуі керек.
— Әңгімеңізге рахмет!