Current Date: 15-03-2025

Жаңа Қожаның жаңалығы

«Бұл фильмге көрермен сынай келіп, күлімдей тамашалап, жылап шығады» деді ә дегеннен туынды ерекшелігімен таныстырған жоба авторлары. Қалай десек те, жаңа Қожаны көрерменнің қуанышпен бірге қорқыныш сезімін қатар сезіне қарсы алғаны белгілі. Хош, сонымен тұсауы кесілген Қожаның жаңалығы неде? Аңыз Абдолла мен сұңғыла Соқпақбаев тандеміне қылау қондырмай, классикаға өз үнін қосуға талпынған шығармашылық топтың ізденісі қаншалықты ілкімді?

Осы сауалға жауап іздеп қызы­ғушылық жетегінде премьера күні кинотеатрды бетке алдық. «Менің атым – Қожа» – қазақ киносының алтын қазынасына айналған фильм. Демек әлдеқашан классика шыңына шыққан шығарманы қайта түсіру қажеттіліктен бұрын, «атың шықпаса жер өртенің» керіне көбірек ұқсағаны және рас. Алайда «Жаңа Қожа – жаңа интерпретация» деген тұжырымды алға тартқан шы­ғармашылық топ жаңа фильмнің бас­ты ерекшелігі – ремейк емес, «түпнұсқа­дағы оқиға желісі қайталанбайды» деп түсіндірді. Демек «Qalan» компаниясы түсірген Қожаның жаңа саяхаты – тарихи фильмнің жалғасы десек те болады.

«Жаңа фильм – классикалық туын­дының көшірмесі немесе заманауи нұсқа­сы емес, оқиғаның кітап ізімен түсіріл­ген жалғасы. Айтулы шығармадағы ескі құндылықтарды қайта жаңғыртып, қа­зіргі заман проблемалары контексінде қарастыруға, көрсетуге талпындық, яғни фильмнің басты идеясы — дәстүр мен жаңашылдықтың үндесуі, ұрпақтар арасындағы байланысты көрсету. Біз классикалық туындыға тәуелсіз елдің көзі­мен қарап, еркіндік идеясын қостық. Ұрпақтар сабақтастығы сақталып, құн­ды­лықтарды жаңғырта білген фильмнің көрерменге де берері мол деп ойлаймыз. Бұл – өнердегі алғашқы қадамымыз. Компания сапасы жоғары өнім шығару үшін біраз күш салды. Алдағы уақытта да баланың ынтасы мен жігерін оятатын мәні бар жобалар жасауды көздеп отырмыз», деп пікір білдірді «Qalan» компаниясының басшысы әрі фильмнің бас продюсері Асқар Болат.

Продюсердің сөзінше, Абдолла Қар­сақбаевтың «Менің атым – Қожа» филь­мінің жарыққа шыққанына 62 жыл өткенде «Қожа: Жаңа саяхат» деп аталатын жаңа фильм түсірілді. Кеңес дәуірінде еркіндіктің, қазақы болмыстың рәмізіне айналған Қожаның жалғасы еліміз тәуелсіздік алып, азат болғанына 33 жыл толғанда қайта жаңғырды. Сол себепті жаңа туындыда отарлық мәселесі, адамның бәрін бір қалыпқа салу арқылы кеңес адамын жасауға тырысқан ескі жүйе тақырыбы көтерілмейді, яғни бүгінгі Қожа – басқа Қожа.

Жоғарыда атап өткеніміздей, «Менің атым – Қожа» фильмінің жалғасын түсі­ру идеясы еліміздегі оқыту орталықтары­ның біріне тиесілі. Олар алғашында балаларды білімге баулу мақсатында кино эпизодтарына негізделген шағын бейнероликтер түсіре бастайды. Кейіннен оған сұраныс артып, жаңа киноны тас­палау қолға алынған. 1,5 сағаттық картина 1,5 ай таспаланған. 1963 жылы тү­сірілген фильмде Қожа бесінші сынып оқушысы болса, ал 2024 жылы түсірілген «Қожа: Жаңа саяхат» атты екінші туын­дыда ол есейіп, жасөспірім шаққа аяқ басқан, сегізінші сынып оқушысы. Фильм режиссёрі Қуат Ибрагимов атап өткендей, шығармашылық топ «Менің атым – Қожа» фильмінің жалғасында сол заманның атмосферасын еш өзгеріссіз көрсетіп, әйгілі шығарманың айтылмаған тұстарына ек­пін түсіруге тырысқан екен. Сондай-ақ фильм комедиялық бағытты екінші планға ысырып, негізгі күшті драма жанры бояу­ларына бұрыпты. Оған дәлел көрсетілімнен соң көзін жасқа шылап шығып жатқан көп көрерменнің көңіл күй толқынысы дер едік.

«Шыны керек, жаңа фильм жарыққа шыға салысымен-ақ «Ел сүйетін қара Қожа жақсы ма, әлде жаңа Қожа жақсы ма?» деген салыстыру ғана емес, сыни көзқарастың да қызу пікірталасқа ұласатынын білдік. Сол үшін де аталған жобаға кіріспес бұрын ұзақ ойландық. «Әлдеқашан классика деңгейіне көтерілген картинаны қайта жаңғыртудың қаншалықты қажеттілігі бар?» деген де сауалдың көкейімізде тұ­рып алғаны белгілі. Бірақ Абдолла Қарсақбаев аталарымыз кезінде кеңес цензурасымен алыса жүріп, осындай ұлттық деңгейдегі үлкен туынды түсірген ғой. Соның салдарынан повестегі көп дүние қысқарып, тіпті мазмұны өзгеріп кеткен де тұстары бар. Мәселен, фильмде Қожа ғарышкер болуды армандаса, біз әдеби нұсқадан ауытқымай, бас кейіпкердің жазушы болсам деген арманына адал болдық. Сол негізде оқиғаны өрбіттік. Қобалжи тәуекелге кіріскенімізбен, нақты жұмыс барысында оқиғаның ішіне еніп кеттік. Көзіміздегі осы бір отты көрген продюсеріміз Асқар Болат та бізді қолдап, әу баста фильмге бөлінген қаржыны екі есе көбейтіп берді. «Бастысы, жақсы дүние шықса болды» деп қанаттандырды. Соның нәтижесінде, бастапқыда жоспарлаған «120 миллионға түсіреміз» деген ойымыз қолдау тауып, соңында фильм бюджеті 250 миллион теңгені құрады», – деді режиссёр.

Алматы облысының Жалаңаш, Саты ауылдарының маңайында өткен түсірілім әу баста 18 күнге жоспарланғанымен, қыс мезгілімен тұспа-тұс келгендіктен, ауа райының түрлі қиындығы мен уақыт белдеуі ерекшеліктеріне байланысты негізгі жұмыс 35 күнге созылған. Сонымен қатар бұл туындыны тартымды ететін ең басты дүние – кейіпкерлер екені түсінікті. Бір қызығы, шығармашылық топ Қарсақбаев фильмінің көркемдік стилистикасын қатаң ұстанумен қатар, актёрлік құрамды да алғашқы нұсқаға барынша ұқсатып таңдапты. Қожаның рөлінде ойнайтын баланың бастапқы кейіпкерінен аумайтындығы фильмге деген қызығушылықты арттыра түскен. Тек бұл туындыда түсірілім тобы алғашқы картинадағыдай Қожаны соңғы сәтке дейін таба алмай әуреленбепті. Керісінше, бас кейіпкерге қатты ұқсайтын баланы көріп, сол негізде фильм түсіруге бел буыпты. Түркістан облысында туған 15 жастағы Айқын Елубайдың келбеті, жүрісі мен мінез-құлқына дейін көрерменнің жүрегінде сақталған Қожаның дәл өзі. Осылайша ол ойламаған жерден актёрге айналып шыға келген.

«Фильм түсірілімі басталғанда ел есін­де Қожа болып сақталған тамаша актёр Нұрлан Сегізбаевпен арнайы жолығып, батасын алдым. Қалай десек те, Нұрлан ата қанша буын ұрпақтың балалық шағына бояу берген тұлға ғой. Ол кісінің сенімі мені қанаттандырды. Сырттай ғана баға беріп, осы күнге дейін киноға түсуді оңай деп ойлап келіппін. Бірақ түсірілім алаңына келгенде қиын екеніне көзім жетті. Оған қоса біреудің рөлін салу деген өте қиын екен», дейді Айқын Елубай.

Сонымен қатар фильмде Жантас – Ильяр Егінбай мен Жанар – Айым Күлмесхан, Сұлтан – Олжас Қалғаппар мен Майқанова апайдың рөліндегі актриса Инабат Ризабекова да аса бір дәлдік­пен таңдалғанын айтып өтуіміз керек. Күзетші ағай кейпінде көрінген Кәдір­бек Демесіновтің шеберлігі әдеттегінше өз ­ба­бында. Сол секілді Қазақстанның халық әртісі Дулыға Ақмолда, Қазақстан­ның еңбек сіңірген әртісі Шәмшагүл Мең­дия­рова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­керлері Шолпан Сіргебаева, Бекжан Тұрыс, Еркебұлан Дайыров, Ержан Жарылқасынов, Кенжебек Башаров, Гүлшарат Жұбаева сынды кәсіби әртіс­тер фильмнің көркемдік бояуын байыт­қаны анық.

Кеңестік форматтан «бірде басы, бірде аяғы шығып тұратын» шығарманы әрине, ол заманда таспалау бір басқа да, тәуелсіздік жастарының көзқарасы негізінде сараптау мүлдем бөлек дүние. Осы талап пен талғам тұрғысынан таразыласақ, ол Қожадан бұл Қожаның басты ерекшелігі – Абдолла Қарсақбаев өзінің классикалық фильмін­де жеке адамдардың тағдыры арқы­лы ұлт тағдырын көрсетуді, яғни жалқы­дан жалпыға өтуді мақсат етсе, ал жаңа Қожа­ның жаңалығы – режиссёр жалпыдан жалқыға өтіп, қоғамдағы «кішкен­тай» адамның жеке мәселесін көрсетуге тырысады. Қуат Ибрагимов кеңес заманын­да­ғы көпшілікке таныс әрі танымал Қожа бейнесі арқылы бүгінгі қоғамда өмір сүріп жүрген «кішкентай» адамның ішкі күйін сипаттауға басымдық береді. Сонысымен де жаңа заман адамдарының мінез-құлқы мен психологиясына тереңнен дендеуге ұмтылыпты, яғни фильмде Қожа ғана емес, Жантас пен Сұлтан тағдырына да басқа ракурстан үңілу үдерісін байқадық. Мәсе­лен, Абдолла Қарсақбаевтың фильмінде Жантас Қожаның табиғатын тереңнен аша түсу үшін қолданылған кеңестік жүйеге иілген, тілалғыш бала болса, Ибрагимовтің фильмінде ол – күрделі бейне. Бұрынғы Жантаспен салыстырғанда жаңа Жантас әлдеқайда есейген әрі соған сай маңайына, әсіресе, Қожаға тигізер зияны да күрделене түскен. Осылайша режиссёр жаңа Қожада Жантастың шынайы мотивін айқындап, тұлғасына терең үңіле білген.

Сол секілді фильмдегі Сұлтан бей­несінің де сарапталуы көрерменін бейжай қалдырмайды. Ол фильммен салыс­тырғанда, бұл фильмдегі Сұлтан тентек­тігін жеңіп, соңында түзу жолға түскен кейіпкер биігіне көтеріледі, яғни Сұлтан «Қожа: Жаңа саяхатта» алғаш рет қолымен жасаған ісін мойнымен көтереді. Ауылдастарынан, әкесінен, досынан, жалпы қоғамнан кешірім сұрап, фильм соңында есейген жігіттің нағыз ер азаматқа тән мінезін көрсетеді.

Жаңа туындыдағы тағы бір жаңалық – фильмге Қожаның әкесі Қадыр бейнесінің енуі. Қарсақбаев киносында Қадыр бейнесі фильм бойы тек елес болып кезіп жүрсе, жаңа фильмде Қожаның да, Сұлтанның да әкесі кадр ішіне кіріктіріліп, тіпті әке мен бала арасындағы қарым-қатынастың қыр-сырына дендеп бойлауға қадамдар жасалған. Қожа мен Жанар, Миллат пен Қаратай арасындағы байланыс, оған ене­нің көзқарасы, міне, осының бәріне ­фильмде лайықты баға берілген. Деген­мен, аталған оқиға желісі жаңа туынды­да көтерілген негізгі (орталық) идея емес. Жай ғана Қожа бейнесін аша түсу үшін кіріктіліген қосалқы көріністер. Бұл туралы сценарий авторы Садық Шерімбек: «Жаңа туындының басты жаңалығы не?» десеңіздер, «жасөспірім жігіттің өзін табу арқылы қара шаңырақтың қожасына айналуы» дер едік. Иә, Қожаның соғыс­тан қаза болған әкесінен қалған шаңырақ­тың иесіне айналғанын ұғып, ер жетке­нін түйсінуі – негізгі тақырып», деп жаңа фильм турасындағы толғанысымызға нүк­те қойды.

Сонымен қатар Қожаның шатырдан жазу мәшіңкесін тауып алып, пернелерін басып, қағаз бетіне әлденені түсіруге тырысуы да – оның жазушы болсам деген арманына біртабан жақындата түскендей һәм әке мен бала арасындағы рухани тіні мықты байланыстың қайта жанданғанын айқын аңғартқандай. Фильм соңында бас кейіпкер өзі армандағандай үлкен жазушы болып, арман-мұратына жетеді де. Осы арқылы шығармашылық топ бала арманның тау қопарып, тас үгітерлік алапат күшке ие екендігін де сәтті жеткізе білген.

Үлкен жұмыс атқарылған жерде азды-көп кемшіліктердің де кездесуі заңдылық қой. Сол секілді бұл фильмде де өте қысқа уақытта түсірілген асығыстықтың салқыны оның көркемдік деңгейіне біршама кері әсер еткені байқалды. Экрандағы шолтаң-шолтаң етіп соңы аяқталмай қалған кадр­лар, Қарсақбаев қолтаңбасына әсіре еліктеу, актёрлердің үн құбылтуындағы жасандылық, сонымен қатар фильмде­гі түрлі плакат, қағаздарда жазылған мәтіндердегі пунктуациялық қателер де еріксіз назарыңды аудартпай қоймайды. Осы тұрғыдан келгенде кез келген фильм редакторларына зор жауапкершілік жүктеледі һәм соны мамандар жіті сезінсе екен деген тілек қалды көкейде.

Бірақ қалай десек те, Бердібек Соқ­пақбаев шығармасы негізінде түсі­рілген Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым – Қожа» фильмі – қазақ киноөнері­нің алтын қорына қосылған бірегей туын­ды екендігіне ешкімнің дауы болмаса керек. Өзін әлдеқашан шеберлік биігінде дәлелдеген шығарманың орнын басу да мүмкін емес. Ал енді осы бір классиканың жалғасы ретінде жарық көрген жаңа фильм дәл сол деңгейге жетпесе де, кино өнерінен өз орнын алып, тұғырын бекіте ала ма? Ол – басқа мәселе. Оны алда уақыт пен көрерменнің талғамы көрсете жатар.