Бұл туралы әлемдік жетекші ақпарат құралдары жариялап жатыр.
BBC сол күні АҚШ-тың жаңа басшылығы бүкіл әлеммен жаһандық сауда соғысын – жаппай шабуылды бастауды жоспарлағанын жазды.
"Дональд Трамп бүкіл әлемдегі жауларымен және достарымен ғаламат сауда соғысына ден қойды. Әзірге бұл әбден ойластырылған шапқыншылықтан гөрі, бейберекет артиллериялық дайындыққа көбірек ұқсайды. Трамп күн сайын дерлік түрлі шектеулерді, импорттық тарифтерді енгізеді, бас тартады, уақытша тоқтатады және қайта көтереді. Көршілерін тоз-тоз ету жөнінде қоқан-лоққы жасайды және бұл соғыстағы жеңіс үшін америкалықтарды да ашқарын қалдыруға дайын. Бұл хаостың ар жағында Ақ үйдің жаңа стратегиясының сұрықсыз сұлбасы көріне бастады және ол экономистердің ескертуінше, әлемге де, Америкаға да еш жақсылық әкелмейді", – деп мәлім етті британдық ВВС.
Халықаралық, америкалық сарапшылар 2024 жылғы президенттік сайлау науқаны кезінде-ақ кандидат Трамптың жаһандық еркін саудаға үстемелете соққы беру жоспары әлемді де, АҚШ-ты да әлсіз ететінін, барша адамзатты қайыршы қыла түсетінін ескерткен болатын.
Алайда Трамптың жақтастары оның аудиторияның арқасын қоздыру үшін айтқан әпенді, атышулы мәлімдемелерін шын деп қабылдамауға, одан "драма" жасамауға шақырды. Олардың сендіруінше, Президент болғаннан кейін Трамптың өз мәлімдеген радикалды қадамдарға баруына құлдыраған қор нарығы немесе Құрама Штаттардың экономикалық көрсеткіштерінің нашарлауы тосқауыл болады.
"Доннидің" (лақап аты) бірінші каденциясында дәп солай болғаны алға тартылды.
"Өмір шындығы күтілгеннен қатыгез болып шықты. Трамп батыл қимылдауға бел буды. Бұл жолы акциялар нарығының құлдырауы да, АҚШ-та инфляцияның қарқын алуы да, тіпті былтырғы президенттік сайлауға дейін ғажайып өсімді паш еткен америкалық экономикаға енді рецессия қаупінің төнуі де оны еш қымсындырмады. Наурыздың бірінші жартысын Трамп басты сауда серіктестері – Канада, Мексика, Қытай мен Еуропаға тап-тап берумен өткізді. Мексикадан басқасы оған шешімді түрде тойтарыс берді. Енді сауда майданында екі аптадай үзіліс орнады. Егер дипломатия жемісін бермесе, Трамп жаһандық кең ауқымды соғысқа көшуге даяр. Тіпті оның нақты күнін де белгіледі – 2025 жылдың 2 сәуірі", – деп хабарлады BBC.
CNN мәліметінше, Дональд Трамп өзге елдерге қарсы тарифтік алымдар мысалы, америкалық автоөнеркәсіптің еңсесін тіктеп, кең қанат жаюына ықпал ететінін мәлімдеді. Алайда оның қазіргі үзеңгілесі, Tesla басшысы Илон Маск мұндай тарифтік саясат керісінше, америкалық автомобиль жасау саласына соққы беретінін ескертті. Мұның соңы Трамптың Маскты сөгуіне және оның өкілеттіктерін шектеп тастауына соқтырды.
Биылғы наурыз айының басынан бері америкалық акциялар нарығы бірден 5 триллион долларға күйреді. Бұл – қалыптасқан жаңа шынайылықты көрсетеді.
"Өткен жылы, сайлаудан кейін ірі бетбұрыстар күткен инвесторлар америкалық компаниялардың үлес-акцияларын жанталаса сатып алып жатты. Өйткені жаңа Президент уәде еткен салықтарды төмендету және бюрократиялық реттеуді әлсірету америкалық компаниялардың табысының өсуіне жол ашатын. Алайда сауда соғысының басталуы салдарынан энтузиазмның орнын түңіліс басты: жарқын болашақ белгісіздік тұманына сіңіп жоғалып барады. Трампты бұл толғандырмайды. Егер бірінші каденциясында ол қор нарығын мұқият бақыласа, оның өсімімен мақтанса және оны нақты экономикадағы жетістіктерінің өлшемі санаса, ал, бұл жол ол үлкен құрбанға баруға дайын", – дейді белгілі саяси шолушы Алексей Калмыков.
The Wall Street Journal мәліметінше, америкалық компаниялардың акцияларының қатты құнсыздануына және инвесторлардың олардан жаппай арыла бастауына байланысты журналистер АҚШ Президентінен бұл проблемаға қатысты пікірін сұрады.
"Мен қор нарығын мүлдем қадағаламаймын!", – деп шорт кесті Дональд Трамп.
Оның айтуынша, америкалық индекстердің рекордтық төмендеуіне оның тарифтері айыпты емес. Оған "глобалистер кінәлі, себебі, олар біздің еліміздің байып жатқанын көріп отыр және бұл оларға ұнамайды".
"Тіпті Американың экономикасы тежелсе де, бұл қиындықтар уақытша ғана! Ондай аумалы-төкпелі өтпелі кезең болады. Өйткені біз өте үлкен іс бастап жатырмыз. Өзге елдерге қатысты тарифтер тек жұмыс орындарын ғана қорғап қоймайды. Олар сондай-ақ біздің еліміздің жан-жүрегін қорғап қалады. Олар Американы қайтадан бай және ұлы етеді. Бірқатар қиыншылықтар болады. Бірақ бұл бізді тоқтата алмайды. Қорқынышты ештеңе жоқ!", – деді Дональд Трамп таяуда Конгресстегі сөйлеген сөзінде.
Халықаралық сарапшылар бұл саясат Трамптың ойлап тапқан жаңалығы еместігін, ол оны 1930 жылдардан көшіріп отырғанын еске салады. Сонда өзге елдерге шығын келтіру арқылы Американы байытуды қарастырған "Өз көршіңді тала!" саясаты ("Beggar thy neighbor" policy) жүзеге асырылып, ол тарифтік соғыстарға және жаппай девальвацияға соқтырды.
Оның ақыры АҚШ-тағы Ұлы депрессиямен және Екінші Дүниежүзілік соғыспен аяқталғаны белгілі.
Трамп бұл жолы ескі рецепт теріс емес, оң эффект әкелетініне сенімді. Ол оны бірінші президенттік мерзімі кезінде жүзеге асырып көрді. Америкалық зерттеу институттары анықтағандай, ол кезде АҚШ пен Қытайдың сауда соғысы америкалық экономиканы жайрата жаздады.
Трамптан қалған сол ауыр мұраны Джо Байден еңсеруге тырысты және оның басқаруымен Америка экономикалық өсу жолына оралды.
Бұл жолы барлығы әлдеқайда кең ауқымды әрі аса салмақты. Жаңа әкімшілік сауда соғысын бүкіл ірі державаларға қарсы жүргізуге ниетті.
Бірінші каденциясы барысында Трамп Қытай тауарларының импортынан 380 миллиард доллар, ал, Еуропадан тасылатын өнімдерден – 8 миллиард доллар қосымша алым жинады. Бірақ ол тарифтер бірден емес, бірте-бірте, 2018 және 2019 жылдары енгізілді.
Бұл жолы ол экономикалық соғыс майданына ҚХР-ді, Еуроодақты, Ұлыбританияны, Мексика мен Канаданы тартуда. Оларға қарсы қосымша алымдар біртіндеп емес, бірден енгізіліп жатыр. Оның үстіне жалпы сомасы 3 еседей көп – шамамен 1 триллион долларға жетті.
Халықаралық ақпарат құралдары "жаһандық соғыс басталуы мүмкін" датада – 2 сәуір күні аталған сома тағы 1,5 есеге дейін өсетінін жариялауда. Өйткені бұған дейін АҚШ өзінің қос көршісіне қарсы кейбір тарифтерін енгізуді кейінге қалдырған болатын. Олар осы күні өмірге жолдама алмақ.
"Бұған қоса, 2 сәуір күні Трамптың Американың барлық сауда серіктестеріне қарсы "жауап" баж салымдары да күшіне енеді. Бұдан барлығы зардап шегеді. Тек бір елдерге көбірек, басқасына азырақ нұқсан келуі мүмкін. Алайда ақыр соңында барлығы жеңіліп тынады", – деді Еуроодақтың Орталық банкінің президенті Кристин Лагард.
Украинадағы соғыс салдарынан біраз зардап шегіп, экономикасы кері кете бастаған Еуропа енді Америкамен арасында сауда соғысы басталмауы үшін осы екі апта бойы қарқынды келіссөздер жүргізуге тырысуда.
Лагардтың айтуынша, егер келіссөздер жарға жығылса, онда "нағыз сауда соғысы басталады".
"Бұл баршаны күйрететін алапат қақтығыс болмақ. Сауда соғысы бүкіл әлемдік экономикаға салмақты теріс салдарлар әкеледі. Бүкіл дүниежүзінде, әсіресе, Құрама Штаттарда бағалар шарықтайды", – деді Кристин Лагард.
"Трамптың жаһандық сауда агрессиясы бірінші кезекте америкалық экспорттаушыларға жойқын соққы береді. Американың жаулық әрекеттеріне қарсы жауап берген өзге елдер америкалық тауарларды алмайды, оның алдына түрлі кедергі қояды. Биылғы 13 наурыздағы жағдай бойынша Қытай, Канада мен Еуроодақ америкалық тауарлардың импортына 190 миллиард доллар көлемінде шектеу енгізіп үлгерді", – деп хабарлады Tax Foundation зерттеу орталығы.
Демек, әлемнің ауқатты елдеріндегі дүкендердің сөрелерінен, сауда орындарынан осынша сомада америкалық тауарлар жоғалып кетеді. Бұл тек басы ғана. Трамп қаһарынан қайтып, мейірімділік пен татулыққа мойынсұнбаса, АҚШ-тың шығыны арта беретін түрі бар.
"Өкінішке қарай, тіпті Трамп бұған дейін енгізген тарифтерін де толық жойғанның өзінде, бұл Америкамен арадағы іскерлік қатынастарға, экономикалық белсенділікке келтірілген барлық шығынның орнын толтыра алмайды. Сенімді сауда серіктесі және бизнес жүргізу үшін қолайлы жер ретіндегі АҚШ-тың беделінен сау-тамтық қалмады", – деді Tax Foundation эксперті Эрик Йорк.