Петропавл қаласында «Масло-Дел» компаниясы құны 34 млрд теңгеге бағаланған май экстракциялайтын зауыт ашты. Бұл – «Масло-Делдің» біздің өңірде ашып отырған екінші кәсіпорны. Оның ең алғашқы зауыты 1999 жылы Алматыда жұмысын бастаған. Содан бері серіктестік азық-түлік өндіру нарығында алдыңғы орындардың бірін еншілеп келеді. Өңірлерде оның осындай алты кәсіпорны бар.
Жуырда облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жаңа зауытқа барып, оның облыс өнеркәсібіне қосатын үлесінен хабардар болып, өндірістік қуатымен танысты. Толық қуатына кіріскенде зауыт мемлекеттік бюджетке ай сайын 3,4 млрд теңгеге дейін салық төлеу мүмкіндігі бары айтылды. Зауыт облыстың агроқұрылымдарынан майлы дақылдарды жинап, олардан дайын өнімдер шығарады. Ал майлы дақылдар өсіру көлемі облыстың егіс алқаптарында жыл сайын артып келеді. Шаруашылықтар да күнбағыс, рапс, зығыр, басқа да дақыл көлемін арттыру пайдалы екеніне көзі жете түскен. Енді олар өз дақылдарын өңдеуге беретін осы қосымша кәсіпорынға да қол жеткізіп отыр. Бұл зауыт майлы дақылдарды өңдеп, жылына 400 мың тоннаға дейін дайын өнім шығарады.
Зауыттың барлық технологиясы – алыс шетелдерден жеткізілген жоғары өнімді автоматтандырылған техника. Соның ішінде Германия, Бельгия, Түркия сияқты азық-түлік өндірісі жетік дамыған елдерден әкелінген. Технология көмегімен өсімдіктерді суықтай сығып, өнім алуға болады. Бұл өсімдік майының сапасын арттыра түседі. Сөйтіп, жақын шетелдердегі осындай өнімдерге бәсекелестік көрсете алады деген үміт бар.
Өндірісті басқару жүйесі компьютер арқылы іске асырылады. Олар майлы дақылдардан қалдықсыз, еуропалық стандарттарға сай жоғары сапалы өнім шығаруға қабілетті. Бүгінге дейін 10 мың тонна рафинадталмаған күнбағыс майын шығарып үлгерген. Оның сапасына тұтынушылар жоғары баға береді.
Жыл аяғына дейін өсімдік майын тереңдетіп өңдейтін технологиялар да іске қосылмақ. Сол кезде тіпті «лецитин» деген өнім шығаруға қол жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл грек тілінен аударғанда жұмыртқаның «сары уызы» дегенді білдіреді. Өйткені оны алғаш рет 1845 жылы француз химигі Гобли жұмыртқаның сары уызынан алған екен. Ол қазір азық-түлік өнеркәсібінде шоколад, кондитер және макарон өнімдерін, маргарин, майонез жасауда кеңінен қолданылады. Химия өнеркәсібінде ол косметикалық бояулар мен майлар жасауда, тіпті тыңайтқыштар өндіруде де, сондай-ақ медицинада пайдаланылады. Сондықтан бұл өнім жоғары сұранысқа ие.
«Зауыт шаруалардың майлы дақылдарын ешқандай кедергісіз өткізетін қосымша өңдеу орны болып отыр. Былтыр біздің шаруашылықтар майлы дақылдар егісін 85 мың гектарға ұлғайтып, 760 мың гектарға жеткізген. 780 мың тонна өнім алынды. Ал қазір майлы дақылдар өңдейтін кәсіпорындарымыздың өндірістік қуаты жылына 813 мың тоннаға жетіп отыр. Бұл шаруаларымызды егіс алқаптарын одан әрі әртараптандыруға ынталандырады», деді зауытты аралап шыққан соң облыс әкімі Ғауез Торсанұлы.
Солтүстік Қазақстан облысы