Current Date: 27-03-2025

Қоғамды алға жетелейтін құқықтық сауат

«Үйде бақытты адам, әлемде бақытты» депті Л.Толстой. Мағынасын тарқатуды қажет етпейтін бірауыз сөздің өзегінде өмір шындығы жатыр. Бақытты қоғам бақытты отбасылардан құралады. Ал сол бақытты өмірдің баспалдағы өзара сыйластық пен үйлесім салтанат құрған, заңға да, арға да сүйенетін азаматтардың таным-түсінігімен берік. Құқықтық сауатың болмаса, күрмеуі көп күрделі мәселеге күн сайын тап болуың мүмкін. Бүгінгі күннің бедерінде отбасындағы құқықтық сауат қоғамның рухани сауатын арттыратын маңызды құралға айналып отыр.

Таным-түсініктер қайшыласқан уақытта сан алуан көзқарасты бір арнаға тоғыстыратын қуатты күш – заң. Заң үстемдік құрған қоғамда ғана адам құқы мен бостандығы қорғалады. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында заң үстемдігі орнықпаса, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономи­калық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге аспайтынын атаған еді.

Елімізде құқықтық сауат мәселесі өте өзекті болып отыр. Кейінгі жылдары азаматтардың құқықтық сауатын арттыру үшін не істеу керек, нені өзгерту қажет деген сауал жиі көтерілетін болды. Бұған басты себеп бұқараның мүддесін қорғау болса, екінші жағынан заңды елемеудің салдарынан орын алатын түрлі келеңсіздіктердің бетін қайтару.

Заңгер Олжас Есенбаев құқықтық мәдениет мәселесінің ауқымы кең екенін, мұны елемеу жеке адамдардың ғана емес, мем­лекеттің тағдырына әсер ететін жайт­тарға әкелетінін айтады.

«Кез келген дамыған елде заң үстем, азаматтардың құқын қорғау көрсеткіші жоғары болатыны белгілі. Бұл – мемлекет үшін маңызды мәселе. Аталған рейтингте еліміз бұрынғы кеңес өкіметі құрамында болған біраз елден ілгері тұрғанымен, адам құқын қорғау, жемқорлық, ашық үкімет мәселелерінде шешілмеген түйін аз емес. Отбасындағы кикілжіңдердің асқынуы, алаяқтар арбауына түсу, тұтынушы құқының аяқасты болуы – заңдық сауаттың төмендеуі салдарынан орын алатын оқиғалар тізбегінде. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан болатын өлім жағдайлары жиілегені жан ауыртады. Рухани тәрбиемен қатар, тұрмыстық игіліктерден қағылған қаншама жеткіншек әке қамқорлығына зәру. Бүгінде жағдайы бола тұра алимент төлеуден жалтара­тын­дар көбейген. Отбасында ойран салатын­дардың дені де – адамгершілік қағидаларын айтпағанда, құқықтық сауаты төмен адамдар. Дегенмен оларды әлеуметтік санатқа жіктеуге болмайды. Мұндай қадамға баратындардың ішінде ауқатты адамдар да, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар да, тіпті жоғары лауазымды шенеуніктер мен аса танымал тұлғалар да бар. Біз мәселенің өзімен емес, оның себеп-салдарымен күресуіміз керек. Әйелдерге қатысты кемсітушіліктердің барлық нысанын жою маңызды. Кейінгі жылдары саладағы озық мамандар аталған проблеманы ше­шудің оңтайлы жолдарын ұсынып, түрлі іс-ша­ралар өткізу, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, әлімжеттікке алып баратын әрбір факторға тосқауыл қою сынды бастама көтеріп жүр. Мұның бір ұшы тағы да сол отбасылардың құқықтық сауаттылығы мәселесіне келіп тіреледі», дейді О.Есенбаев.

Психолог Дина Хасенова қазіргі толассыз ақпараттар ағыны азаматтардың құқықтық-моральдық проблемаларының ушығуына түрткі болып отырғанын айтады. Бұл, әсіресе, жоғарыда айтқан тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты. Себебі ақпарат кеңістігінде зорлық-зомбылыққа қатысты адам айтса нанғысыз оқиғалар өріп жүр. Бұл адам психологиясына әсер етпей қоймайды. Жаға ұстатар жаңалықтар қалыпты жайға айналып кетсе, басқалардың да сана-сезімін тұмшалап, еліруіне әсер етеді дейді маман.

«Қазақстанда әрбір төртінші әйел тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болады. Бұл – үлкен проблема. Мұнымен мемлекеттік деңгейде, халықаралық ауқымда күресуіміз қажет. Әлемде 3,8 млн адам жылына отбасылық зорлық-зомбылыққа ұрынады екен. Осының 1,8 миллионы – әйелдер. Отбасындағы зорлық-зомбылықты әлемнің 80-ге жуық елі түрлі заңдық нормалармен реттеп отырса, 60 елде арнайы заң шығарылған, 7 елде нақты әйелдерге, балаға қатысты заңдар қабылданған. Елімізде де аталған бағытта заң қатайтылып, өзгерістер енді. Қазір кез келген азамат зорлық-зомбылық жайлы тиісті орындарға хабарлай алады. Дегенмен тек заңды қатайту арқылы проблема шешілмейді. Біз әрбір төртінші әкені түрмеге тоғыта берсек проблемадан құтыламыз ба? Әлбетте, жоқ. Ең алдымен, отбасылық құндылықтар деген дүниені алға ұстап, тәлім-тәрбиені жолға қоюымыз қажет. Бұл – ең алдымен адам құқының бұзылуы. Бәрі өскен ортадан, отбасында алған тәрбиеден бастау алады. Әрбір ата-ана өзінің баласына адамның баға жетпес құндылық екенін, жақын жандарды қадірлеу, құрметтеу қажеттігін құлағына құйып өсіруге тиіс. Қоғамда төзушілік болмауы керек әрі әлеуметтік жауапкершілікті күшейту маңызды», дейді маман.

Азаматтар өз құқықтарын тиісті деңгейде қорғау үшін олардың заң саласындағы білімдерін кеңейтуге бағытталған түрлі жобалар қолға алын­ған. Күні бүгін ауылдағы қарапайым қара­шаға мемлекеттік тілде сауатты іс жүргізе алатын заңгерлер аса қажет. «Фемида Қазақстан» заңгерлік орталығы – бұл бағытта талай тағдырға араша болған, көптеген отбасына құқықтық қолдау көрсеткен ұйымдардың бірі.

«Бүгінге дейін біраз әлеуметтік әлсіз топтарға тегін құқықтық көмек бердік. Сондағы байқағанымыз әрі жанымызға батқаны – қарапайым халықтың құқықтық сауатының төмендігі. Еліміздің түкпір-түкпірінен хабарласатын сан мыңдаған адам сотта, прокуратура секілді мемлекеттік органдарда өкілдік ету, азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша адвокат болу, сотқа дейінгі тергеу амалдарына қатысу бойынша көмек сұрап жатады. Қарапайым жұрт бір-біріне қарыз бергенде, нотариуске барып, займ шартын жасау немесе қолхат алу керектігін біле бермейді», дейді заңгерлік орталық мамандары.

Құқықтық сауат қоғамды алға жете­лейді десек, күйбең тіршілікте кезде­с­етін күнделікті тосын әрі қолайсыз жағдайларда өз құқын білмегендер түрлі келеңсіздікке тап болып жатады. Сондай даулы мәселенің бірі – мұрагерлік құқық. Еншіге ие болу мақсатында бауыр-туыс арасында соттасуға дейін барып жататын жағдайлар да көптеп кездесіп жүр. Заңгер Бауыржан Бурхан мүлікті мұраға қалдыру көп қиындық пен күдік туғызатынын, тіпті кейде мүдделі тараптардың арасында дау-дамайға әкеп соғуы мүмкін екенін айтады. «Осындай мәселелерді өркениетті тәсілмен шешу үшін мұрагерлік туралы құқықтық сауатыңыз болғаны абзал», дейді маман. Заңгер сондай-ақ көп азаматтар тұрғын үй сатылымы кезінде құжаттардың заңды екенін анықтамай, сан соғып жататынын тілге тиек етті.

«Сатып аларда немесе сатар кезде жылжымайтын мүліктің барлық құжаты түпнұсқа екенін тексеріп алыңыз, яғни мүліктің құқықтарын білдіретін: Сатып алу-сату шарты, сыйға тарту шарты, мұраға құқық туралы куәлігі, жекеменшікке беру куәлігі, салынған үйдің заңдастырылған актісі және т.б. құжаттары болуы керек. Осы құжаттарда бірінші нотариустың немесе құжатты берген мекеменің көк бояулы мөрі және сатып алушы мен сатушының, жауапты орындаушының қолы қойылған болуы керек, екінші мемлекеттік тіркеуден өтті деген мөрі немесе мемлекеттік тіркеу туралы электрондық хабарламасы болуы міндетті. Сонымен қатар мүліктің техникалық жоспары, жер телімінің мемлекеттік актісі болуы шарт. Егер сіз сатып алушы болсаңыз, үй иесімен нотариусқа немесе халыққа қызмет көрсету орталығына барып құжаттарыңызды көрсетіп, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтарды) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтаманы алып, құжаттардың орталық базада дұрыс тіркелгенін тексеріп алғаныңыз дұрыс болады», дейді Б.Бурхан.

Тұрғындарды тұқыртқан тағы бір мәселе тұтынушылар құқына тиесілі. Өз құқын тиісті деңгейде білмеген азаматтар осындай жосықсыз жағдайларға жиі ұрынады. Алматы қалалық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті былтыр жауапсыз кәсіпкерлерден жапа шеккендерге 303 млн теңге қайтарылуына сеп болған.

Отбасындағы құқықтық сауат қоғамның алға жылжуына, заңды және әділ тұрғыда шешімдер қабылдауға ықпал етеді. Бұл, әсіресе, балалардың құқықтарын қорғау, әйелдер мен ерлердің тең құқықты болуын қамтамасыз ету және отбасылық дауларды бейбіт жолмен шешу үшін маңызды. Бұл бағытта азаматтарға құқықтық білім беру мен ақпараттандыру шаралары үздіксіз жалғаса беруге тиіс.

АЛМАТЫ