Соңғы ширек ғасырда Наурыз мейрамының тарихы мен тағлымы хақында көп жазылып жүр. Десек те әлі бірізділік байқалмайды. Өйткені бұл мейрамның ғұрыптық негізінің әуелгісі, қара жердің бауыры жібіп, тоңы еріп, жеті қат терең өзегіне нәр жүгірген сәті болса, екінші маңызы – күн мен түннің теңелуі.
Жалпы, мейрам атаулының тарихы тереңдеген сайын мазмұны байи түседі. Мысалы, Наурыз мейрамы туралы алғашқы дерек б.з.б. құлшылықтар кітабы «Авеста» жинағында, одан кейін ХІ ғасыр туындысы Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат-ат-түрік» атты түркі тілдер сөздігінде кездеседі. Сондай-ақ ортағасырлық шығыс шайырлары Әбу Райхан әл-Бируни, Ибн Балхи, Омар Хаям, Қожа Хафиз еңбектерінде ежелгі тұран-иран жұрты аса қадірлеп қарсы алатыны туралы айтылады.
Ал бұл мейрам қазақ даласында бұрыннан болғаны хақында дерек бар. Мысалы, ғұлама-ғалым Мәшһүр Жүсіп «Үйсін Төле билердің заманында наурызнаманың қадір-құны астан, тойдан ілгері болады екен» деп жазады (М.Ж.Көпейұлы. Шығармалары. Павлодар: ЭКО, 2013. 8-том). Сонымен қатар Мәшекең 1887 жылы 29 жасында Бұқари Шәріпте оқып жүріп, Ғабдолла ханның сегіз күн бойы атап өткен Наурызнама тойының ішінде болғандығы туралы баяндайды. Демек қазіргі таңда қазақ қоғамы саяси биліктің негіздеуімен Наурыз мейрамын 10 күн бойы атап өтуінде тарихи сабақтастық бар деген сөз.
Ал өткен ХХ ғасыр басында Алаш арыстары Наурыз мейрамын ұлтымыздың ұпайын түгендейтін ғаламат күшке айналдыруды көздеді. Олардың мақсаты – мейрамды дәл біз айтып жүргендей жалпы бұқараны біріктіретін тетік ету еді. Арыстардың бұл әрекеті баспасөз бетінде көрініс тауып жатты.
Атап айтар болсақ, Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 9 наурыз (март) күнгі 5-санына жарияланған «Наурыз» атты мақаласында: «Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде әр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп ауылдан ауылға, үйден үйге жүріп кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді...», деп алаңдаса, осы газеттің 1917 жылғы 9 март күнгі №221 санында: «Барша Алаш азаматтарын жаңа жыл – Наурыз һәм бостандықпен құттықтаймыз. Алла Тағала киіз туырлықты қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туғызып, ырыс-дәулет, бақ-береке нәсіп етсін!», деген тілек айтылып, басылымның екінші бетіне Міржақып Дулатұлының «Жаңа тілек» атты жыры жарияланыпты.
Алаштың тағы бір арысы Әлихан Бөкейхан «Қазақ газетінің» 1914 жылғы 9 наурыз күнгі санында «Біздің қазақ жылының басы наурыз болғаны адасқандық емес. Жаңа жыл наурызда болса, күн мен түн тең болғаннан бастау керек» деген пайымын ортаға тастапты.
Бұл үрдіс 1918 жылы «Қазақ» газеті жабылған соң «Сары Арқа» газетінде, одан кейін жаңа заман үнпарағы «Еңбекші қазақ» газетінде жалғасын тауыпты. Мысалы, «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылғы 22 март күнгі санына жазушы Бейімбет Майлин: «Бидай көже буланып, Бір жая піскен күйінде, Құтты болсын наурызың, Жаңа тілек, жаңа жыр, Самарқан тасы еріген, Наурыздың тойы бұл» деп жырдан шашу жолдапты.
Сол сияқты заңғар жазушы Мұхтар Әуезов 1985 жылы жарық көрген 20 томдық шығармаларының 16-томында: «Наурыз күншығыс халқының көбінің мейрамы болған. Солардың ішінде, көшпелі түріктер арасында ең қадірлі, ең ұлы мейрам болып саналған... Сондықтан қазақ елі ұлыстың ұлы күнін көтерілген қуанышпен қарсы алатын. Өзге мейрамдардың ішінде жалпақ елдің өмірімен нық байланысы бар мейрам осы болатын» деген екен.
Жоғарыдағы жазбалардан біз қазақ халқының өмір салтында Наурыз мейрамының қаншалықты маңызы барын аңғарамыз. Көктем мерекесі болғандықтан, бұл мезгілдің келуі әр өңірде әрқилы. Десек те, өткен ғасырдың басында ұлтшыл тұлғалар бұл мерекені жаппай халықтық етуге ұмтылған сыңайлы.