Current Date: 22-03-2025

Бірегей мұраның салтанаты

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жа­қын­да Бурабайда өткен Ұлттық құрыл­тайда халқымыздың ұлттық киімін қастерлеудің маңыздылығын баса айтты. «Ұлттық киімдерге деген сұ­раныс арта түсті. Мектептерде, түрлі мекемелерде, ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастады. Сұранысқа сай тігін цехтары ашылып, жаңа брендтер , дүкендер пайда болды. Ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс» деуі сәні мен сапасы жағынан ғасырларға төтеп беріп, бүгінге жаңғыра жеткен ұлттық киімдеріміздің бағын аша түсетіні сөзсіз.

Ұлттық киімді ұлықтауды «Ege­men Qazaqstan» газеті де маңызды мәселе ретінде назарынан қалыс қалдырған жоқ. 2024 жылы 18 наурызда «Ұлттық киім тек Наурыз айының айшығы ма?» деген тақырыпта мақала жариялап, қазақы киіміміздің ел тарихы мен тұрмысынан алатын орны, заманға сай жаңара жаңғыруы, киімімізге деген қызығушылықтың арта түсуі туралы айта келіп, көздің жауын алатын көрікті киімдеріміздің көкжиегі тарылып, тек нау­рыз айындағы мерекелерде ғана киілетініне қынжылғанбыз. «Ұлттық киімді тек той-томалақ, наурыз айында ғана емес, үнемі киіп жүрудің несі әбес? Дау-дамайы, ашық-шашығы көп қазіргі қоғамда ұрпақты адас­тырмай, баба жолымен тәрбиелеймін дегендер үшін ұлттық киім – баға жетпес байлық, тәрбиенің өзі. Шетелдіктер қызық­қан қазақ киімінің қадірін өзіміз біліп, өзіміз қолдап, өзіміз тұтына жүрейік» деген едік.

Құрылтайда Мемлекет басшысы айтқан, бір жыл бұрын «Egemen Qazaqstan» газеті көтерген мәселе биыл Маңғыстау өңірінде әлемдік деңгейде ұйымдастырылған еліміздің мәдениетін, дүниетанымын, ісмерлігін насихаттайтын іс-шараға арқау болды. Наурыз мерекесінде, яғни 22 наурыз күні Ақтау қала­сында қазақтың ұлттық киімін киген 5 мың­нан астам адам ауқымды ұлттық киім фестивалін өткізеді. Жоба аясында ұлттық киім киген 5 мыңнан астам адам «Қазақ ұлттық киіммен ең көп адам жиналысы» аталымы бойынша Әлемдік Гиннесс рекордын орнатуды мақсат етті. Сондай-ақ «Best Fest Nauryz» іс-шарасын ұйымдастыру тобының жетекшісі Әсемгүл Адамбайдың айтуынша, іс-шараның мақсаты – қазақ халқының бірегей мәдени мұрасын әлемге таныту, ұлттық дәстүрлердің байлығын дәріптеу және қоғамды ортақ құндылықтарға ұйыстыру және дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімін көрсету.

– Іс-шараға қатысушылар көне немесе заманауи үлгіде жаңартылған ұлттық киім­дерді, атап айтқанда бешпет, жадағай, камзол, шапан киеді, ал ұлттық баскиім мен аяқкиімді таңдау қатысушылардың еркінде. Салтанаты жарасқан шеруде футболка, корсет, классикалық костюм, жемпір, свитер, заманауи стильдегі басқа да киімдерді киюге, сонымен қатар киімге әртүрлі жазулар мен суреттер жабыстыруға тыйым салынады, деді музей саласының ардагері Тамара Жұмалиева.

Қазақтың ұлттық киімдерін киіп, Гиннестің рекордын орнатамын деген топқа жасы 16-ға толған еліміздің азаматтары қатысуына рұқсат етілген. Аз уақыт ішінде еліміздің барлық өңірлері­нен қатысушылар тіркелді, тіпті Маңғыстау­­дың алыс ауылдарынан арнайы келетін азаматтар, әжелер мен келіндер аз емес. Қазақ­стан халқы Ассамблеясынан өзге ұлттың 50 өкілі қазақтың ұлттық киімімен сапқа қосылады.

Ұлттың рухын көтеріп, жастар арасында дәстүрге деген қызығушылықты арттыратын жобаны серіктес ретінде Маңғыстау облысының әкімдігі «BS Holding» құрылыс компаниясының демеу­ші­лігімен өткізеді.

Каспий теңізі жағасында сап құратын ұлттық киімді 5 мыңнан астам адам мақсатына жетіп, Гиннестің рекордтар кі­табына енген жаңалық туралы газетіміздің алдағы сандарында бұйырса, хабарлайтын боламыз.

Маңғыстау облысы