Су тасқыны жылда қайталанды, ал одан билік ешқандай нәтиже шығармайды, ескертпелерді елемейді. Былтыр еліміздің 10 облысы су астында қалғанда да көптеген ескертпелер айтылды. Алайда одан қорытынды шығарған үкімет жоқ. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбай Qasqa Jol арнасына берген сұхбатында елдегі келеңсіздіктерді сынға алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, биыл да мыңдаған ауыл топан судың астында қалуы мүмкін. Қауіп күн өткен сайын көбейіп келеді.
«Бұл шыныменде жанымызды аяздай қаритын мәселе, өйткені, тұтастай қара шаңырақтар тас-талқан болған, мал-мүлкі тұтастай суға ағып кеткен. Халықтың ортасында болғанда көрдік. Халықтың сол кездегі ашуы, ызасы, өкпесі, назын қазір үкіметте отырған азаматтар көрсе, жағдай басқаша болар ма еді деп ойлаймын. Былтырғы ескертпелердан нәтиже шықты деп мен 100 пайыз айта алмаймын. Мен биылда депутаттық сауал жолдадым. Мемлекет басшысының өзі нақты айтты. «Су министрлігі, төтенше жағдайлар министрлігі, жергілікті әкімдіктер өзара бірлесіп жұмыс істемейді. Бұлар жауапкершілік алудан қашады» деп нақты айтты. Қазір өзендерде көпірді тас-талқан қылатын су келмегенннің өзінде қар суының өзінен қаншама өңір зардап шегіп жатыр. Солтүстікте, батыстағы аймақтарда су үйлердің ішіне кірген, аулаларды басып қалған. Бұл жай ғана еріген қар суы», — деді депутат.
Оның сөзінше, тиісті қадағалау органдары зерттеуді дұрыс жүргізбеген. Салдарынан биыл да 1200-ден астам ауыл су астында қалуы мүмкін. Жағдай күрделі, ауыл адамдарынан күндіз-түні маза кеткен.
«Тоңның қабатын білуіміз керек еді. Неге су көп жерлерді басып кетті, өйткені тоңның қабаты бір метрден асып кетті, жер қатып жатыр. Су жерге сіңбейді, мұздың үстімен сырғып келеді де, барлығын тас-талқан қылады. Биыл да 1223 ауыл су астында қалуы мүмкін. Ресей тарапынан келетін су енді басталады. Батыстағы азаматтар Ресейден ағып жатқан судың бірнеше есеге көбейгенін айтты. Дамба соғамыз деп жатырмыз, алайда көпірлер тазаланды ма? Су соратын құрылғылар дайын ба? Осының бәрінің есебін халыққа беруіміз керек еді. Алайда оның біріде жасалған жоқ. Аймақтарда су тасқынына көп қаражат жұмсалды. Былтыр үкіметтің резервтік ақшасынан 46,9 млрд теңге жұмсалды. Жұмыстың бәрі тиімді, жүйелі жасалса, осы ақшаның бәрін әлеуметтік топтағы азаматтарға, жетім-жесірлерге, әлжуаз жандарға, мүгедектердің жағдайын көтеруге, инфрақұрылымдарды жақсартуға жұмсар едік. Жоқ, салғырттық, уақытында жасалмаған жұмыстың кесірінен осыншама шығынға алып келді», — деп сынады Нартай Аралбайұлы.
Оның сөзінше, биыл төтенше жағдайдың алдын алу үшін Ақмола облысы 131,5 млн теңге, Ақтөбе облысы 848,7 млн, БҚО 10,5 млрд теңге, Павлодар облысы 3,6 млрд теңге қарастырып қойған. Ал салдарымен күресу үшін Абай облысы 67 млн, Атырау облысының әкімдігі 22,1 млрд теңге, Қарағанды облысының әкімдігі 6 млрд теңге, Қостанай облысы 916,5 млн теңге, СҚО 2 млрд теңге дайындап қойған.
«Бұл қаражат төтенше жағдайлардың салдарымен күресуге. Мен сеніммен айта алам, барлық облысқа су тасқынымен кұресуге тиісті қаражат орталықтан бөлініп, беріліп жатыр. Бірақ мәселе, осының бәрі жеуде болып тұр. Әркімнің қолынан өткен кезде қолдарында жабысқақ бар ма, тиісті жерге жеткенше азайып қалады. Діттеген жерге жетпей жатады. Былтыр тіптен күрек ұстап, әр жерден қап іздеп кеттік, қап таппай қалдық қой масқара болғанда. Пандемия болғанда маска таппай қалдық. Өкінішке орай осындай жағдай бізде көп, бірақ осыдан сабақ алу қайда? Бұл ақшалар тек алдын алуға бағытталған қаражат. Ертең су тасқыны болса, құдай сақтасын қосымша ақша сұрау бөлек болады салдарымен күресуге. Оған былтырғыдай тағы қаржы сұрап келеді. Кей өңірлерде ондаған миллиард теңге бөлініп отыр алдын алуға. Алдын алуға мүмкіндік толық бар, жыруға, сыруға, түсіруге, тағы басқа қылуға. Бірақ батыста, Қостанайда трассалар тағыда судың астында қалды. Оның бәрін қалпына келтіру керек, жаңалау керек. Неге біз алдын қауіптің алдын алмаймыз, проблема осында жатыр», — деді ол.