Current Date: 02-04-2025

Тамыры терең бәйтерек

Студент кезімде академик Сәбит Байзақұлынан дәріс тың­да­дым. Кейін ұзақ жылдар бойы бір кафедрада қатар қыз­мет істедім. Сонда мені зерделі ғалымның еңбекқорлығы қай­ран қалдыратын. Уақытты қатты бағалайды. Үнемі қолы­­нан қалам-қағазын түсірмей жұмыс істеп отырады. Шы­ным­ды айтсам, өз басым Сәбит ағадан көп тәлім-тәрбие алдым. Оның жетекшілігімен кан­ди­дат­­тық еңбегімді қорғадым . Сондай-ақ ғылыми жұмыс­тар­ды ұйым­­дас­тырудың қыр-сырын меңгердім. Кейін өзім де кафедра мен деканат басқарғанда ұстазымнан алған үлгі-өнегемді іске асыр­­­­­дым.

Ол – киелі Торғай өлкесінің перзенті. Әкесі Екінші дүние­жүзі­лік соғысқа алынып, содан орал­маған. Анасы ұжымшар­дың қара жұмысын істеп жү­ріп, әкесіз қалған үш баласын қанат­тыға қақ­тыр­май, тұм­сықтыға шоқ­тыр­май өсірді.

Туған ауылындағы орта мек­тепті бітіргеннен кейін Ал­матыға келіп, сол кездегі Қазақ ауыл ша­­р­уашылығы инс­титу­тының орман шаруашылығы факультетіне түсті. Ауылда мектеп­ті қазақша оқыған талапты жас алғашында орыс тілінен қатты қиналды. Бірақ ерекше қабілетінің арқасында барлық қиындықты жеңіп, жоғары оқу орнын үздік тәмамдады. Сөйтіп, оқытушылық қызметке қалдырылды. Сәбит Байзақұлы оқу мен ғылыми жұмысты қатар алып жүрді. Бірер жылдан кейін кандидаттық диссертация­сын қорғап, доцент атағына ие бол­ды. Ғалым бұл еңбегінде қыл­қанды алқа ағаштарының жерүсті фитомассасының қалып­­тасуы заңдылығын зерт­теді. Шын­дығын айтқанда, мұн­дай бағытта сол жылдары Одақ көлемінде әлі зерттеу жүргі­зілмеген еді. Осы­дан бастап, Сәбең орман шар­уа­шылығы саласының өзекті мәселелерін шешуге белсене кіріс­ті. Сондай-ақ орманды фило­софиялық көзқарас негізінде жан-жақты табиғат кешені деп танып, оған экономикалық және эколо­гиялық тұрғыдан қарап, кадастрлық баға беру керек деген қағиданы қалыптастырды. Оның теориялық негіздемесін жазып, методологиясын құрастырды. Осы ғылыми жұмысқа мені де тарт­ты. Ғалым осы бағытта талмай еңбек етті. Халықаралық ғылы­ми конференцияларға қаты­сып, орман шаруашылығы экономикасы бойынша өзге елдегі әріптестерімен пікір алмасып, ой бөлісті. Әсіресе шетелдік Т.Ло­бо­виков, Н.Кожухов, А.Пет­ров, А.Мошкалев, Ю.Туница, И.Тур­кевич секілді белгілі ғалым­дар­мен жақын араласты.

Ғалым 1987 жылы доктор­лық диссертациясын Санкт-Петербургтегі орман-техникалық академиясының ғылыми кеңе­сін­де қорғап, экономика ғы­лымдарының докторы дәрежесін алды. Бірақ бұл ғылыми жұмысты қорғау оған оңайға түскен жоқ. Кедергілер кездесті. Біреулер Сәбит ағаға Алматыдағы Желтоқ­сан көтерілісінен себеп іздеп, қар­сылық жасауға тырысты. Алайда ғылыми кеңесте орыстың әйгілі профессоры Т.Лобовиков Байзақ­ұлының докторлық еңбегінің теориялық құндылығы мен прак­тикалық маңызы зор екенін айтып, жоғары баға берді. Сөйтіп, көрнекті ғалым таразы басын оң жаққа аударып жіберген.

Сондай-ақ С.Байзақұлы біраз жыл қазіргі Қазақ ұлттық аграр­лық зерттеу университетінде факультет деканы болып істеді. Мен орынбасары болдым. Сонда Сәбеңнің іскерлігі мен ұйым­дастырушылығын жақыннан көрдім. Оқу сапасын арттырып, факультеттің материалдық базасын нығайтуға зор үлес қосты. Студенттер жатақханасын да назардан тыс қалдырмады. Әсіресе оқу үдерісіне ерекше көңіл бөлді.

Одан кейін Ұлттық ғылым ака­демиясының бас ғалым-хатшысы болып тағайындалды. Академик болып сайланды. Шынында, бұл тарихи оқиға еді. Өйткені С.Бай­­зақұлы – еліміздегі орман шаруа­шылығы экономикасы ғалым­дары арасынан шыққан ал­ғаш­қы академик. Ол академияда қызмет істеген жылдары елі­міздегі орман саясаты, эко­но­­микасы, шаруашылығы және эко­логия бағыттарын зерттеп, тын­­бай еңбек етті. Айталық, қазақ жастарын ғылымға тартып, ұлттық орманшылық ғылыми мекте­бінің негізін құрды. Оның жетекшілігімен 17 ғылым докторы мен кандидаты, 2 PhD даярланды.

Сонымен бірге академиктің басшылығымен Қазақ ұлт­тық аграрлық зерттеу университе­тін­дегі Орман ғылыми-иннова­ция­лық институты осы саладағы көп­те­ген жұмысты іске асырды. Бүгінге дейін Байзақұлының 250-ден астам ғылыми еңбегі жа­рық көрді. Қазіргі таңда бұл жұмыстардың дені үлкен сұ­ра­нысқа ие. Қазақстан орман шаруа­шылығы, Қазақ ұлттық аграр­лық зерттеу университетінің тарихы, Қазақ ұлттық және аграр­лық академияның ғылыми жи­нақ­тары секілді кітапшалары басылды. Онымен қоса, еліміздегі орманға байланысты жа­зылған еңбектерді жинақтап, оның библиографиялық тізімін жаса­ды. Орман қорын кадастрлік-эко­номикалық тұрғыдан бағалау, орман шаруашылығын тұрақты басқару, инновациялық орман өсірушілік сияқты өзекті мәсе­лелері туралы бірнеше моно­графиялық еңбектері жарияланды. Бірқатар ғылыми жаңалық­­­тар­дың авторы. Патентін алған.

Әсіресе Сәбит Байзақұлы елі­міздегі Орман кодексіндегі ағаш кесулер ережесін жетілдіру, дайындалған сүректерді сырт елдерге шығармау, қылқанды және сексеуіл ормандарын кесуге тиым салу мәселелеріне биліктің назарын аударып, осы проблемалардың оң шешімін табуға белсенді қатынасты. Бір­қатар ғылыми жұмысының нәти­жесі ел үкіметінің назарын ауда­­рып, орман шаруашылығы өнді­рісіне енгізілді. Мысалы, нарықтық қатынасқа өткен жылдары пісіп жетіліп, өсіп тұрған ағаштардың босату бағалары күрт төмендеп кеткен еді. Осы келеңсіздікті қалпына келтіру үшін білікті ғалым арнайы зерт­теу жүргізіп, ғылыми негіздел­ген нормативтерді әзірлеп, үкімет шешімімен оны Салық кодексіне енгізуге қол жеткізді. Сонымен қатар ака­демиктің орман шар­уашылығы саласы бойынша әзірлеген ғылыми тұжы­рым­дамалары мен ұсыныс­та­ры өн­­дірісте әрі қарай да кеңі­нен қол­­даныс тауып, орман­­ның сақталуына, молаюына, әлеу­мет­тік-экономикалық құнды­лығын арттыруға әсері тиді.

Дегенмен ғалым елімізде орман шаруашылығы саласы­ның әлі де толық дамымай, бі­раз өзекті мәселенің шеші­мі табылмағанына қатты қынжы­лады. Мәселен, академик елімізде жеке-дара орман кластерін толық қамтитын жоғары оқу орны болса деп армандайды. Мұнда орман дарақтарының тұқымын жинаудан бастап, оларды өсіретін, сүрек және басқа да орман шикізаттарды ретімен да­йындай алатын, заттар мен бұйым шығаратын технология­сын игерген және өсіп тұрған ормандардың экологиялық пайдалы қасиеттерін іске жарататын білікті мамандар жұмыс істесе, қандай ғанибет. Болашақта ғалымның бұл идеясы іске асатынына сенемін.

Айтулы азаматтың ел алдын­дағы еңбегі де елеусіз қалған емес. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген орманшысы, «Құрмет» орденінің иегері. Сондай-ақ А.Бараев атындағы ғылыми сыйлықтың лауреаты. Бір сөзбен айтқанда, бүгінде сеңгірлі сексен бесті бағындырған экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик Сәбит Байзақұлын тамыры терең бәйтерек дер едік.

Жайлау ТОҚТАСЫНОВ,

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің профессоры