Current Date: 02-04-2025

Қазақстан мұнайының 70%-ға жуығы Еуроодақ елдеріне экспортталады – Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Наташа Пирц-Мусар Қазақстан-Словения бизнес-форумына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан президенті өзара құрметке негізделген берік саяси-дипломатиялық байланыс орнағанын және экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екенін атап өтті.

Қазақстан – аймақтағы экономикасы қарқынды өсіп келе жатқан ірі елдердің санатында.

2024 жылы экономикалық өсім 4,8 пайыз деңгейінде болды.

ІЖӨ 288 млрд долларға жетті.

Еліміз саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыра отырып, осы даму көрсеткішін сақтауға ниетті.

Қазақстан Еуразиядағы жетекші сауда әрі логистика хабына айналуға ұмтылады:

Еліміздің аумағы арқылы өтетін жүк тасымалының көлемі 514 млрд тонна-шақырымға жетті.

Еуропа мен Қытай арасындағы құрлықтық алыс-берістің 90 пайызын қамтамасыз етуде.

Ақтау және Құрық порттары арқылы жөнелтілетін жүк көлемі 62 пайызға өсті (4,5 миллион тоннаға дейін жетті).

Словенияның ең ірі Копер портымен серіктестікті тереңдету көзделіп отыр.

Өнеркәсіп және энергетика салаларындағы перспективті бағыттар:

Қазақстан мұнайының 70 пайызға жуығы Еуропа одағы елдеріне экспортталады.

Барланған табиғи газ қоры 3 трлн текше метрге жетеді, ал көмір кеніші 34 млрд тоннаны құрайды.

Еліміз ЕО экономикасы үшін аса маңызды 34 сирек кездесетін минералдың 19 түрін өндіреді.

Қазақстан сектордың әлеуетін толық пайдалану мақсатында әлемнің жетекші компанияларымен прагматикалық формулаға сай, яғни «шикізат орнына инвестиция мен технология» қағидасына сай ынтымақтастық орнатады.

Total, Eni, Masdar және Svevind Energy Group компанияларының қатысуымен жасыл энергетика жобалары қарқынды дамып келеді.

Словенияның Iskra, Gorenje сияқты озық компаниялары біздің нарықта табысты жұмыс істейді.

Ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі:

Отандық ауылшаруашылық өнімдері әлемнің 70-тен астам еліне экспортталады.

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялы сектор ретінде қайта құру жоспары туралы айтылды.

Еліміз словениялық серіктестерімен бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға ниетті.

Фармацевтика және ІТ:

  • Қазақстан Словенияның Krka, Lek секілді компанияларымен фармацевтика өндірісін дамытуға;
  • ғылыми зерттеулер, стартаптар және технологиялық білім беру ісіндегі осы елдің IT компанияларымен серіктестік орнатуға мүдделі.

Қаржы және инвестиция:

Словенияның іскерлік топ өкілдеріне Астана халықаралық қаржы орталығының әлеуетін зерделеп, оның экожүйесіне қосылу ұсынылды.