Сырым Әлекен әулетінің үш буыны ХХ ғасыр басындағы солақай саясаттың зәбірін әбден көрді. Қиын-қыстау жылдары осы әулеттің жаулары тасада тұрып оқ атқандарымен қоймай, ұрпақтарына дейін түгел жойып жіберуді мұқият жоспарлаған. Оқиға 1934 жылдың күз айында Темір ауданы «Қонжар» кеңшарының тұрғыны, бұрынғы ауқатты Сырым Әлекенұлы мен оның бәйбішесі Әзизаны милиция жасағы арбаға байлап алып кетуден басталды.
Қасенғалидың қасіреті
Ұсталғанға дейін Сырым бүкіл малын өкіметке өткізіп, жаңа құрылған шаруашылық қамбасының күзетшісі болып жұмыс істесе де жақпады. Мүмкін аштық қысқан ағайынына бір уыс бидайды жасырып бергенін біреу көріп, жеткізді ме екен? Айыптау қорытындысы болмаған соң долбар көп. Жас ортасынан ауған ерлі-зайыпты сол кеткеннен оралған жоқ. Тірі қалса, бір хабарын берер еді. Атып тастаса, айыптау құжаты қалмай ма? Сырым мен Әзизаның тұңғышы, Темір қаласында аудандық «Социалды майдан» газетінде әдеби қызметкер болып жұмыс істейтін 20 жастағы Қасенғали де қуғыннан көз ашпады. 1932 жылы комсомолдан шығарылып, тұрғылықты жерінен кетуге рұқсат етілмеді. Үш ай сайын аудандық милицияға келіп, көрініп тұратын. Қасенғали 1941 жылдың тамызында майданға аттанып, хабарсыз кетті. Үйде Сырымның екінші әйелі үш жас баласымен қалды. Бас көтерер азаматы жоқ шаңырақта енді қайтып Сырым, Әзиза, Қасенғали жөнінде айтылмады.
1975 жылдары Сырымның екінші әйелінен туған Бақытжанның шаңырағына келін болып түскен Гүлзада үйдегі сандықтан 1941 жылдың 10 ақпанында дүниеге келген Андрей есімді баланың туу туралы куәлігін тауып алады. Латын қарпімен жазылған ескі құжатта баланың әке-шешесі Әлекенов Қасен мен Әлекенова Балзия деп жазылған. Бақытжан атасы әулеттің жалғыз ұлы деп ойлап жүрген келін таң-тамаша болды.
«1996 жылы атамның қарындасы Зәуреш үйге келгенде Қасенғали мен Балзия туралы сұрадым. Ол Темір қаласында әртүрі қызмет істеп, әкесі ұсталғанда отбасының жалғыз асыраушысы болған, соғыста хабарсыз кеткен ағасы туралы сыр ашты. 1943 жылдың қысында қара қағаз келгенде, Салиха шешенің қарсы болуына қарамастан, Балзия екі жасқа толмаған Андрейді алып, Ойыл ауданында тұратын төркіндеріне жиналады. Келінінің қайтып келмейтінін сезген Салиха әжеміз баланың куәлігін бермейді. Үйден табылған құжаттың сыры – осы», дейді Гүлзада.
Бақытжан мен Зәуреш Сырымның екінші әйелі Салихадан туған. Әкелерін ұстап кеткенде, Қасенғали – 20-да, Бақытжан – 5-те, Зәуреш – 1 жаста.
Кейін Гүлзада Ақтөбеге көшіп келген соң облыстық архивтен Қасенғалидың өмірбаяны мен 1933, 1939 жылдары түскен фотосуретін тапты. 1932 жылы комсомолға кіруге түскен суретте көзі мұңды, өңі жүдеу, қайратты қара шашы маңдайынан қайырылған жігіт, ал 1938 жылдары партияға өтер алдында түскен фотосында өмірден қажыған адам қарап тұр. Зәуреш апайы Қасенғалидың бір сөзді, қайырымды, әділетсіздікке жаны қас болғанын айтады. Қасенғалидың із-түзсіз жоғалғаны туралы қара қағаз да сақталмаған. Өйткені соғыс жылдарында қызыләскер отбасы жемшөп, отын, бидай көмегін алу үшін қара қағазды басқармаға тапсыратын.
Балалары ержетіп, қолы ұзарған Гүлзада қайынағасын іздеуге біржолата кірісті. Ресей Қорғаныс министрлігіне қарасты Подольск архивіне кіруге рұқсат алған соң 2014 жылдың қыркүйегінде жолға шығады. Үш күн бойы тапжылмастан 1942 жылдың қазан-қараша айларындағы майдан құжаттарын қарады. Келген сапары нәтижелі болып, 62-армия, 124-атқыштар бригадасы миномет батальоны 1-ротасының саяси жетекшісі, лейтенант Қасенғали Сырымұлы Әлекеновті марапаттау құжаттарын тапты. Миномет батальонының командирі Н.Колошин Сталинградтың Баррикада поселкесі үшін шайқаста жаудың екі автокөлігі мен бес атыс нүктесін талқандап, 60 жауынгерінің көзін жойғаны үшін Қасенғалиды «Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне ұсынған. Одан кейін Қасенғалидың 23 қарашада жаралануына байланысты ротаның саяси жетекшілігі Кәрім Мырзабековке өткені туралы бұйрық тіркелген. Кәрім осы шайқаста «Ерлігі үшін» медалімен, Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған.
«Жауынгердің қалай қаза тапқанын анықтау үшін Санкт-Петербургтегі әскери-медициналық архивке сұрау салу керек. Подольск архивінің қызметкерлері көмегімен электрондық поштамен сұрау жібердім де, елге қайттым. Бір аптадан соң жауап келді. Онда ағамыз 1942 жылдың 23 қарашасында аяқ-қолы мен кеудесіне тиген оқтан жараланып, 27 қарашада Заплавное елді мекеніндегі әскери госпитальда қайтыс болғаны жазылған. Содан кейін жолдасым Таңжарбаймен бірге Волгоград қаласына барып, ағамыз жерленген Заплавное елді мекенін, ондағы әскери госпиталь орнын іздедік. Ол жердегі бауырластар зираты соғыстан кейін тегістеліп кеткен», дейді Гүлзада Тұрсынбекқызы.
Андрейді іздеу қалай басталды?
Мұның алдында Таңжарбай мен Гүлзада 28 жасында ерлікпен қаза тапқан Қасенғали ағасының жалғыз тұяғы Андрейді іздеуге кіріскен. Жан-жаққа сұрау салып, телевизиядағы хабарларға да шықты. Бірақ анасы мен баласын ешкім көрмеген.
«Андрей туыстарының осы жақта тұратынын білсе, іздеп келер еді. Оған не шындық айтылмады, не басқа біреуге асырауға берді, не шешесімен алысқа кеткен. Күйеуінен 22 жасында қалған келіншек басқа адаммен көңіл жарастыруы мүмкін. Іздеуді тоқтатпадық. Жолдасым Таңжарбай облыстық газетке «Бармысың, Андрей?» деп мақала да жазды. Бір күні Нұрлан Алпысбаев Байғанин ауданы Жарлы ауылында тұратын Андрей есімді кісіні танитынын айтқанда, қатты қуандық. Жарлы ауылының әкіміне хабарласып, Андрей ағайдың бізге шығуын өтіндік. Бұл 2007 жылдың жазы болатын. Андрей «Жарлыда «Қазақтелеком» бөлімшесінде жұмыс істейді екен. Даусы салмақты, асықпай сөйлейтін кісі бізге қоңырау шалып: «Мен сіздер іздеген адам емеспін. Андрейіңіздің туған күні мен жылы, әкесінің аты менімен сәйкес келмейді», деп кесіп айтты. Өрекпіген көңіл су сепкендей басылды. Бұл тақырыпқа енді қайтып оралмадық. Бірақ көңілімде күдік қалды», дейді Гүлзада сол жайды еске алып.
Арада сегіз жыл өтті. Басқа Андрей табылмады. Подольскіден ағаларының ерлікпен қаза тапқан дерегін тапқан соң Таңжарбай мен Гүлзада Жарлы ауылында тұратын Андреймен бетпе-бет сөйлесуді жөн санайды. 2015 жылдың 26 сәуірінде Жарлыға келіп, ауыл адамдарынан Андрей ағайдың мекенжайын сұрағанда, ол кісінің қыста өмірден өткенін естиді. Не болса да үйіне кіріп шығуды жөн санайды. Үйде марқұмның әйелі Света, балалары бар екен. Жөн сұрай келгенде, бұл отбасының 90-жылдардың ортасында Түрікменстаннан көшіп келгенін біледі. Светаның айтуынша, Андрейдің анасының есімі Балжан, ол 1920 жылы дүниеге келген. Андрей 1944 жылы 3 маусымда туған. Бұлар отбасылық суреттерді көргісі келеді. Андрейдің шешесінің жас кезіндегі суреті жоқ. «Таңжарбай сол жерде Әлекен әулетінің ұлдарының маңдайында шаш орайы бар. Немерелерімізге дейін солай. Сіздерде осы ерекшелік бар ма?» дегенде, үйдің жас келіні «марқұм атамның маңдайында оң жағына қайырылған шаш орайы болды» деп жауап берген. Света әулеттің соғыс кезіндегі жағдайынан хабарсыз болып шықты.
Кейін іздеуді тоқтатқан жоқ. Қасенғалидан қалған жалғыз бала бәрібір табылған жоқ. Соған қарамастан Гүлзада Байғанин ауданында тұратын Андрейдің балаларынан үмітін үзбейді. Ол 1943 жылдың қысында Балзияның Ойылдың Егіндібұлағында тұратын төркіндеріне емес, басқа жаққа кетіп қалғанына сенімді. Гүлзаданың ойында Қасенғалидың жаулары әйел-баласын қасақана азғырып, елден кетірді деген күдік қалды. Ендігі жерде осы сұрақтың шешімі де болмайтын сияқты. Жазушы Жиенғали Тілепбергеновтің өнегесін көрген қайратты жігіт Қасенғалидың соғыс жалмаған қасіретті тағдыры осындай. Әлекен әулеті Андрейді әлі күтіп жүр.
Ақтөбе облысы