Current Date: 15-06-2025

Жаңа Қорғаныс министрі депутаттардың аптығын басқан қызықты мәлімдеме жасады

Әдетте , ұлттық рәміздер дегенде біраз адам Ту, Елтаңба, Әнұранды еске алады.

Дегенмен, халқымыздың елдігі мен тәуелсіздігін танытатын басқа да маңызды нышан-атрибуттар бар. Олар ұлттық музей-мұражай, ұлттық мұрағат, ұлттық кітапхана және басқасында тұнып тұр.

Елдің бірегейлігін таныту, бірлігін нығайту, жас ұрпақты патриоттық және ата-бабалар ерлігі рухында тәрбиелеу үшін оның бәрі ұлағатты құрал, теңдессіз таным тетігі бола алады.

Осы идеяны дамытқан "AMANAT", "Ақ жол" партияларының фракция мүшелері, сондай-ақ бір мандатты депутаттар Үкімет басшысы мен Қорғаныс министріне жүгініп, "Ұлттық қару-жарақ музейін немесе Ұлттық қару-жарақ палатасын құру" туралы бастамамен шықты.

Бір топ мәжілісмен бұл ретте Францияның үлгісін ұсынды. Онда орта ғасырдан бергі әскери тарихтың куәсі – "Париж әскери музейі" бар. Бұдан бөлек, Ұлыбритания астанасы Лондонда екі бірдей мұражай – "Корольдік қару-жарақ палатасы" мен "Империялық әскери музейі" жұмыс істеп, британдық елдік пен ерліктің ерен үлгісін паш етеді.

Депутаттар алысқа бармай-ақ көршілерімізде де мұндай музей бұрыннан барын алға тартты. Ресейдің "Кремльдің қару-жарақ палатасы" әйгілі. Өзбекстанда "Әмір Темір мұражайының" бір бөлігі қару-жараққа арналған. Каспий бойынша көшіміздің астанасы Бакудегі "Әзербайжан көшпенділер музейі" түркі мәдениетінің қару-жарағын дәріптеу орталығына айналды.

"Ал, аққұла біздің тәуелсіз Қазақстанымызда мұндай ұлттық нақыштағы қару-жарақ музейі атымен жоқ! Біз Ұлы даланы бірнеше ғасырлық жаугершіліктен сақтап қалған, ғұндар мен сақтардан бергі түркі халықтары шоғырланған континенттің орталығын мекендеген Қазақ ұлтымыз. Ендеше, бізде Ұлттық қару-жарақ музейі неге жоқ? Бізде әлемдік өркениеттің дамуына түрткі болған арбаның ағаш доңғалағынан бастап, аттың ауыздығы мен үзеңгісіне дейін қару-жарақ саналуға тиіс. Қазақ ауыз әдебиетінде садақтың қолданылған материалдарына қарай – "қайың садақ", "қарағай садақ", "үйеңкі садақ", техникалық мүмкіндігіне байланысты – "сарыжа", "сарсадақ", "қандауыр садақ", "көнсадақ", "бұқаржақ" атаулары бар", – делінген депутаттардың хатында.

Қылыш, найза мен шоқпардың түр-түрін былай қойғанда, "сақ етер", "сілбі" қаруының бірнеше үлгісі болған. Доспанбет жыраудың бір жырында айтылатын: "Сақетер тиді саныңа, сақсыраң толды қаныңа" дейтін "сақ етердің" бірнеше түрі ағайынды темірші-ұсталар Құлментегінің үш бөлмеден ғана тұратын музей-үйінде сақтаулы тұр.

Батырлардың жорық киімдерінің неше түрі болған: "аймауыт сауыт", "көбе сауыт", "қанды көбе", "кебенек", "торғайкөз", тағы-тағылар. Осы аталған қару-жарақ атауының көпшілігі өзге музейлерде жоқ. Онда "Ежелгі жаугер қазақтың бүгінде жоғалып кеткен бұл қару-жарақ түрлерін қайдан табамыз?" деген сұрақ тууы әбден мүмкін.

"Ешқандай қиындық жоқ! Қазан, Мәскеу мен Петербордың архивтері мен музейлерін аралап, көзмайын тауысып, қазақтың қару-жарағын жылдар бойы зерттеген ағайынды темірші шеберлер – Құлментегілер барлық алғышарт материалды сақтап отыр. Бір топ темірші бастама көтеріп, кезінде Иманғали Тасмағамбетовке дейін шығып, "Қазақ қару-жарақ палатасын" ашу жөнінде ұсыныс жасаған. Бірақ бастама билік тарапынан қолдау таппады. Тіпті, кейінгі кеңестік әскери техниканы айтсақ, ІІ Дүниежүзілік соғыста Қажымұқан атамыз өз ақшасына жасатып, майданға сыйлаған Т-34 танкісі немесе қарағандылық қыздар экипажының "КВ" танкісінің үлгілері қару-жарақ музейінің экспонаты болуға әбден лайық", – дейді депутат Ермұрат Бапи.

Мәжілісмендер жаңа қару-жарақ музейіне Ұлы Отан соғысынан кейінгі қазақстандық Қарулы күштер кең тартылған майдан – Ауған соғысында қолданылған қазақстандық әскери техниканы, атақты комбат "Қара майор" Борис Керімбаевтың жеке күзетіндегі "Шилка" зенит пулеметін, Кеңес Одағының Батыры қазақстандық Николай Кремеништің "АК-74" автоматын, "Жауынгерлік Қызыл Ту" орденінің иегері лейтенант Сержан Қазақбаевтың тапаншасын қоюды ұсынды.

Депутаттарға жаңа Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жауап берді. Ол депутаттардың сұрап отырғаны онсыз да жұмыс істеп тұрғанына назар аудартты.

Тек оны көру үшін депутаттар Есілдің сол жағалауымен шектелмей, Астананың ескі орталығына атбасын бұрғаны қажет. Сонда қос орталықты жалғаған көпірден аса бергенде, Бараев көшесінің басында батыр дулығасы бейнесіндегі ғимарат тұр.

Жаңа министр "Қазақстан Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейі" сонау 2015 жылғы 1 желтоқсанда, тікелей Қорғаныс министрлігінің бастамасымен құрылғанын еске салды. Ол кезде Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов болатын.

Бертінде министрлік оның атауын "Қазақстан Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы" деп өзгертіп, оны тұтас институтқа айналдырды. Музейдің негізгі міндеті – музей және әскери-тарихи жұмыс арқылы жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді жетілдіру.

"Келушілер үшін музейде әскери тарихымыздың хронологиялық қағидатымен жабдықталған 7 көрме залы – "Мәңгілік ел" атриумы, "ҚР Қарулы Күштері" залы, "Көне заман – ХІХ ғасыр" залы, "ХХ ғасырдың әскери тарихы" залы, "Қару-жарақ тарихы" залы, "Қазақстандық бітімгерлер. Қорғаныс министрлігінің құрылымы" залы, "Танк әскерлерінің тарихы" залы жұмыс істеуде", – деді Дәурен Жұматайұлы.

Сонымен бірге, музейдің сыртқы аумағында, есігінің алдында ХХ ғасырдың әскери техникасы қойылған "Ашық аспан астындағы әскери техника павильоны" орналасқан.

Онда 21 бірлік Ұлы Отан соғысының, жергілікті соғыстардың және қазіргі заманғы әскери техникасы қойылған. Оның ішінде Миг-29 реактивті ұшағы, Л-29 оқу-жаттығу ұшағы, "Шилка" өздігінен жүретін зениттік қондырғысы, шекара қызметінің күзет катері және тағы басқа ерекше әскери техникалар бар.

Музейдің өз қорында қазақ халқының көне заманнан бүгінге дейінгі әскери тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін 24 мыңнан астам сирек кездесетін және бірегей жәдігер сақтауда тұр.

"Мысалы, "Көне заман – ХІХ ғасыр" көрме залында көне Сақ, Ғұн, Түркі, Қыпшақ және Қазақ хандығы жауынгерлерінің сауыт-сайманының дәлме-дәл реконструкциясы мен қолданған қару-жарағының түпнұсқалары қойылған. Сонымен қатар, біздің заманымыздың VI-VIII ғасырларына жататын түркі жауынгерінің геральдикалық белбеуі келушілерді ерекше қызықтырады. Қазақтың ұлы қолбасшысы Бөгенбай батырдың дулығасы осы залға қойылған. Бұл жәдігерді 2021 жылы оның ұрпақтары музей қорына сыйға тартты", – деді министр Дәурен Қосанов.

Оның дерегінше, музейдің 3-ші қабатындағы "Қару-жарақ тарихы" залында адамзаттың ең алғашқы қару түрі – тас шапқылардан бастап қазіргі заманғы "әуе-әуе" сыныпты зымыран түрлері, тапанша, автомат, гранатаатқыш, оқшашар және тағы да басқа қару түрлері қойылған.

Қорғаныс министрінің мәліметінше, 2025 жылғы 5 мамырда орталықтың Алматы қаласындағы "Жауынгерлік даңқ" музейінің сыртқы аумағында да ашық аспан астындағы әскери техника музейі ашылған болатын.

Аталған музейде Екінші Дүниежүзілік соғыста қолданылған 31 бірлік әскери техника халық назарына ұсынылды.

"Әскери-тарихи музейде Қазақстан армиясының имиджін арттыруға, музей ісін насихаттауға, сондай-ақ жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге бағытталған көптеген іс-шара өтеді. Еліміздің әскери тарихи жәдігерлері жинақталған музей бүгінде Астана тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орнына, елорданың рухани-мәдени, туризм орталығына айналды", – деді Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов.