Дін – өте өзекті әрі сондай нәзік тақырып. Дінтану ілімін игергендерді сөз еткенде әдетте ер адам бейнесіндегі ауыл молдасы, содан соң мүфтилер ойға оралады. Осындай біржақты көзқарасқа нүкте қойып, көп жыл дін істері бойынша жауапты қызметтерде жүріп, талай мешіт имамдарын дайындауға күш салып, осы салаға қажетті әдістемелік, ғылыми-зерттеу еңбектерін жазған ғалым әйелмен әңгімелескен едік. Оның аты аталғанда, өзімен сөйлескенде, әр сөзін тыңдағанда тұнып тұрған «энциклопедия» дерсіз.
– Ғылымға қалай келдіңіз, соның ішінде қыз-келіншектер бара бермейтін күрделі бағытқа бет бұруға не түрткі болды?
– Ғылым оқуға деген терең құштарлықтан басталады. Ғылымға адамды махаббат жетелейді. Үйдің кенжесімін, 4 жасымнан анам мені кітапханадағы жұмысына ертіп баратын. Түрлі-түсті, суретті кітаптарды оқи алмасам да қызыға парақтап, иісін иіскеп отыратынмын. Осылайша, кітап иісі маған ерте сіңді. Әлі күнге дейін балалық шақты сағынғанда кітапты иіскеп мауқымды басамын. 5 жасымда мектепке бардым. Жасөспірім кез ұлт тарихындағы рухани жаңғыру кезеңіне сәйкес келді. Халықтың қайта оралған Наурыз мерекесін дүркірете тойлауы, 1989 жылы «Қазақ тілі» қоғамының құрылуы, 1990 жылдары тәуелсіздікпен қатар «Ана тілі» газетінің шығуы, «Жас Алаш», «Парасат», «Зерде» секілді мерзімді басылымдардың аты жаңарып, тың тарихи-мәдени материалдарды көптеп жариялауы дүниетанымымзды кеңейтті. Мұның бәрі ұлттық мәдениет бағытында көп ізденуге ықпал етіп, ғылым-білімге ұмтылыстың негізі болды. 13 жасымда араб графикасымен жазылған төте жазуды өз бетімше үйреніп, «Шалқар» газетін оқып жүретінмін. Ауылда араб тілі үйірмесінің ашылып, 14 жасымнан өмірлік ғылыми бағытым болған араб тілін меңгеруді бастадым. Бір кездері астроном болуды армандадым. 6-сыныпта жүріп 10-сыныптың «Астрономия» оқулығын оқып, тапсырмаларын орындап, аспан әлеміне қатысты қолға түскен материалдарды жинап жүретінмін. Мәскеудегі Астрономиялық институтқа түсуді жоспарладым. Бірақ өзіммен тетелес бауырларым бірінен соң бірі қайтыс болды да, ата-анама қарайлап, «жердегі жұлдыздардан» несібем бұйырып, қалып қойдым. Содан өмір бойы айналысатын ісім Алламен байланысты болсын деп, араб тілін ислам дініне барар жол ретінде таңдадым. 15 жасымда мектепті алтын медальға бітіріп, Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шығыстану факультетіне оқуға түстім. Ғылымға барар даңғыл жол осы шаңырақта ашылды.
– Кандидаттық диссертацияңыз қандай тақырыпқа арналды?
– Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінің көркемдік және құрылымдық ерекшеліктеріне арналды. Өзіміз Ясауидің босағасында өсіп, абыздар мен аңыздардың тәрбиесін ерте көргендіктен, бұл тақырып маған бала шақтан жақын болатын. Бірақ студент кезімде өзімді Ясауи тақырыбына дайын емеспін деп ойладым. Өйткені ясауитану бакалавриатта, магистратурада зерттеген құрантану тақырыбынан күрделірек еді. Құрантанумен дендеп айналысуға араб тілі мен ислам дінін жетік білу жеткілікті болса, ясауитану іліміне бойлау үшін осы аталғандарға қоса парсы, түрік тілдерін де білу міндетті еді және Ясауидің жанын сезінетін ақындық, сан ғасырлық әдеби үдерістерді зерделей білетін телегей-теңіз білім керек болды. Ясауитанумен түбегейлі айналысуды 26 жасымда бастадым, дайын екенімді сол кезде түсіндім. Университетте екінші шығыс тілі ретінде екі жарым жыл бойы парсы тілін үйрендік, ал түрік тілін өз бетімізше қызығып, жеке курстарға барып, түрікше әдебиетті көп оқып үйрендік. Бұл тілдерді білген жанға ежелгі түркі – шағатай тіліне (ғылымдағы шартты атауы) даңғыл жол ашылады. Ясауи хикметтерінің негізі де сол тілде қаланған. Бұған қоса мен бала кезімнен өзбек тілін жақсы біліп, әдебиетімен кеңінен таныс болдым. Ана тіліміздің құнарына қанғанымыз тағы бар. Осының бәрін игерген кісі кез келген түркі тектес тілді оңай игереді. Сондықтан Ясауи хикметтерін түпнұсқадан оқып-талдадым, екіншіден, 12 тілдегі ғылыми, өзге де әдебиеттерді түпнұсқадан аудардым.
– Ғылымдағы ұстазыңыз кім әлде ғылымның өзі сізге ұстаз болды ма?
– Руханиятта жандыдан ұстазым жоқ, ал ғылымда бар. Ол – белгілі әдебиет теоретигі, филология ғылымдарының докторы Темірғали Есембеков. Өте білікті, талапшыл, талғампаз, таза адам. Ғылымның өзі ұстаз болатыны да – рас. Терең тақырып өмір бойы жетелейді, оқыған сансыз еңбектің әрбірі санада із қалдырады.
– Осы уақытқа дейін жасаған қай еңбегіңізді құнды, еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруда орны бар деп айтар едіңіз?
– Бірнеше жанр қамтылған 31 еңбектің авторымын. Дегенмен «Сегіз қызым бір төбе, Кенжекейім бір төбе» дегендей, «Ясауи поэзиясы және түркі әдебиеті» атты монографиямды барлығынан биік қоямын. Өйткені бұл – он бес ғасырлық әдеби үдерістерді талдап-таразылап, жіктеп, қорытындылап берген ерек туынды. Осы еңбекте алғаш рет барлық түркі халықтары әдебиетіндегі Ясауиге дейінгі, Ясауи кезеңіндегі және одан кейінгі поэзиядағы маңызды әдеби үдерістер сараланып, өзара сабақтастығы мен әсерлесуі айқындалды. Ясауи негізін салған «хикмет» жанры, Ясауидің ақындық мектебі туралы ұғым ғылыми айналымға енгізіліп, шәкірттерінің шығармаларына толымды талдау жасалды. Алғаш рет Ясауи поэзиясындағы аруздық өлең өлшемдері талданып, Ясауи стилін танытуға бағытталған мәтінтанулық зерделеулер жүргізілді. Ясауидің автопсихологиялық типтегі кейіпкерінің сипаты айқындалып, көркемдік құралдарының қайталанбас ерекшеліктері көрсетілді. Жетекшімнің «Үш докторлыққа татитын, үш шифрмен қорғалатын еңбекті бір ғана кандидаттық диссертацияға сыйғыздыңыз. Сіз – әлемдік деңгейдегі ясауитанушысыз» деген пікірі – мен үшін ең шынайы баға. Ясауи шығармашылығы – барша түркі халықтары әдебиетінде, мәдениетінде, тарихында, дәстүрінде елеулі із қалдырған күрделі құбылыс. Мұны зерттеп-зерделеу аталған салалардағы көптеген үдерістің бастауын тануға, әдебиет пен мәдениет тарихына тамаша толықтырулар енгізуге, ортағасырлық мәтіндер базасына қайталанбас туындылар қосуға, Ясауидің рухани-моральдік ілімімен халықты сусындатып, маңызды мемлекеттік-идеологиялық бағдарлар қалыптастыруға мүмкіндік береді.
– Қазір немен айналысып жүрсіз? Ғылымнан қол үзіп кеткен жоқсыз ба?
– Қазіргі салам басқа болғанымен, ғылымнан қол үзіп кеткен жоқпын. Сұраныстың өзі оған мүмкіндік бермейді. Ғылыми конференциялар мен сұхбаттарға жиі шақырады. Кейінгі жұмысым – ХҚТУ ректоры Ж.Темірбекованың өтінішімен болашақ Ясауитану орталығының 20 жылға жуық атқаратын жұмыстарының тұжырымдамасын негіздеп бергенім болды. Өткен жылы ғылыми-әдеби және өмірлік ізденістерімнің жемісі іспетті «Шайхым – Ахмет Ясауи» атты тарихи-танымдық пьесам жарыққа шықты. Қазір сол пьесаны сахналау арқылы Ясауидің рухани-моральдық ілімін халықтың жүрегіне жеткізу бағытында жұмыс жүргізіп жатырмын. Жалпы, белгілі бір шараларды тәмамдаған соң, ясауитануға біржола қайта оралу ниетім бар.
– Ғылымда әйелдердің үлесі жақсы, бірақ олардың қатары басшылық қызметтерде әлі аз. Ғылымдағы жолыңызда қандай кедергілер кездесті, жалпы ғылымда әйелдерге орын бар ма?
– Өзім біраз жүрген мемлекеттік қызметте бірқатар сатыға дейін әйел де, ер адам да өз білім-білігімен, қабілет-қасиетімен көтеріле алады. Өйткені жұмыс істейтін адам барлық салаға керек. Ал белгілі бір билік сатысына келгенде әрі қарай «үш А»-сы (ағасы, ақшасы, ұлы сөзде ұят жоқ ашынасы) бар адам көтеріледі. Олар болмаса, қауіпті бәсекелес санап, өсіру емес, өшіру, қудалау басталады. Мұның бәрін бастан кешірдік, соның салдарынан мемлекеттік қызметтен кеттік. Менде жоғарыдағы «үш А» жоқ еді, менде басқа «А» – Алла ғана бар болатын. Сондықтан Хақ жолына апаратын, бұрыннан бағдар еткен жеке саламызға бұрылдық. Ал ғылымда қайта қабілетті жанға жол ашығырақ дер едім. Бұл салада да көреалмаушылық кедергілері бар, тақырыпты бекіту, қорғау үдерістерін қолдан қиындату кездеседі. Бірақ қабілетті адамға жазуға, қорғауға ешкім тыйым сала алмайды. Ғылымдағы басты кедергі – қаржының аздығы мен дарынсыздардың көптігі, солардың тақырыптардың бағын байлауы, дарындылардың алдын орауы. Өзім осы кедергілердің барлығын да басымнан өткердім, бірақ айқын салдар тудырған бірден-бір кедергі – М.Әуезов атындағы дарынды жас ғалымдарға берілетін сыйлықты Ясауи монографиясы үшін маған беруге Мемлекеттік комиссия шешімі шығарылып тұрғанда, бір билік иесі ағамыз сол шешімді бұздырып, өзінің үш мақала жазған көңілдесіне алып бергені болды.
– Ғылыммен айналысатын және осы жолды таңдағысы келетін өзіңізбен замандас қыз-келіншектерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Ғылым жолындағы қыз-келіншектерге кеңесім: сүймеген тақырыпты таңдамаңыз, тақырыптың бағын байламаңыз, білімді шын сүймесеңіз, ғылым жолына қадам қоймаңыз. Ғылым өзіңіз үшін емес, ғылым – ғылым үшін, ұлт үшін, болашақ үшін. Бақ пен тақты басқа саладан іздеңіз. Ғылымға мағына іздесеңіз ғана келіңіз. Келген екенсіз – антыңызға адал болыңыз! Өйткені бұл – руханият алдындағы ант.
Әңгімелескен –
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»