Current Date: 15-03-2025

Жігерлі ғалым

Ол – ағысқа қарсы жүретін адам. Кейіпкерімізбен танысып, әңгімелескеннен кейін алғаш ойымызға келген теңеу осы болды. Себебі ғалым әдетте ер адамдар баратын саланы таңдаған. Бүгінде ядролық және термоядролық энергетикаға арналған материалдарды зерттеу саласындағы жетекші маманға айналып отыр.

Инеш Кенжина – PhD, Қ.Сәт­­баев атындағы Қазақ ұлт­тық техника­лық зерттеу уни­верситетінің қауым­дастырылған профессоры, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лау­­реаты. Ол атом энергетикасын зерттеуге үлкен мақсатпен келген. Мұны: «Мен әлемге ықпал ететін, адамзатты алға жылжытатын салада жұмыс істегім келді. Бұл бағытта әйелдердің аз екенін көргенде мен үшін кедергі емес, керісінше, қызық сынақ болды. Осындай салаларда білім, табандылық және кәсіпқойлық маңызды екенін, ал стереотиптердің шешуші рөл атқармайтынын дәлелдеуге ұмтылдым», деп түсіндіреді.

14 жылдан аса уақыт бойы ғы­­лы­ми зерттеулермен айна­лы­сып келе жатқан ға­лым­ның алғашқы, сон­дай-ақ кейінгі ғылыми жұ­мыс­тары ядролық және термо­ядролық реакторларға арнал­­ған материалдарды зерт­­теу­­мен тығыз байланысты болды. Ғылыми қызметінің басынан бастап, ол материалдардың экстремалды жағдайда қалай әрекет ететінін жан-жақты зерттеумен айналысты. Уақыт өте келе ғылыми қызығушылығының шең­бері кеңейіп, радиациялық зақымданулардың жаңа аспекті­лерін, материалдардың жұмыс орталарымен өзара әрекеттесуін, жоғары температура мен сәуле­ле­ну жағдайларындағы мате­риал­дардың мінез-құлқын зерт­теуді қамтыды. Бұл жекелеген жо­ба­лар ғана емес, ядролық және тер­мо­­ядро­лық энергетикада қолда­ны­латын кешенді зерттеу­лерге ұласты.

«Докторлық диссертациям осы ғылыми жолдың логикалық кезеңіне айналды. Онда йондандырушы сәулеленудің әсерін зерттеп, мыс негізіндегі металл наноқұрылымдарды бағытталған түрде түрлендіру әдістерін қарас­тырдым. Өз қызметімді әрқашан жеке зерттеулерден тұратын жол ретінде емес, үздіксіз дамып отыратын ғылыми ізденіс ретінде қабылдадым. Нәтижесінде, мен үшін ғылыми жұмыс – динами­калық үдеріс, мұнда бір зерттеу келесісіне негіз болады, ал алынған нәтижелер терең әрі ауқымды жаңа жо­балардың ірге­тасын қалайды. Ме­нің ғылыми мансабымда ұстазым Қайрат Ка­малұлы Қа­дыржановтың рөлі зор. Ол ғылыми жетекшім болып қана қоймай, сонымен қатар ғылымға көзқарасымды қалыптастырды, міндеттерге кеңірек қарауды, стратегиялық ойлауды және ең күрделі сын-қатерлерден қорық­пауды үйретті. Оның терең білімі, аналитикалық ойлау қабілеті мен күрделі технологиялық үдерістердің болашағын көру қабілеті маған үлкен әсер етті. Іргелі ғылыми зерттеу­лерді қол­данбалы шешім­дермен үйлес­тірудің маңызды­лығын көрсет­ті, ал бұл ядролық энергетика сияқты күр­делі әрі инновациялық салада ерек­ше маңызды», дейді И.Кенжина.

Қазір кейіпкеріміз өзінің командасымен реакторда сәуле­лендірілген титан берил­лийдің коррозиялық үдерістерін зерттеумен айналысып жатыр. Олар эксперименттік деректер алды, бұл сәулелендірілген титан бериллийдің коррозиялық қасиеттері химиялық сипаттамалар мен сәулелену әсері­нен беткі және жа­қын беткі қа­бат­тар­дың микрострук­туралық өзге­ріс­терінің үй­ле­сімімен анық­та­латынын дә­лел­­дейді. Мұн­дай нә­тижелер термо­ядролық реакторлар жағдайында материалдың ұзақ мерзімділігін болжау үшін маңыз­ды әрі экстремал­ды жағдайлар­да пай­далануға бейім­делген, радиа­циялық және корро­зиялық әсер­лерге төзімді жаңа материалдарды жасау технологияларын әзірлеуде қолданылуы мүмкін.

«Термоядролық энерге­ти­ка­­­дағы перспективалы функ­цио­налдық материал­дардың бірі – литий құ­рамды керамикалар. Бұл бланкеттер тритий өндіру үшін қолданылады, ал три­тий – термоядролық синтез реакциясының отыны. Біз әр­түр­лі мольдік құрамы, пеббл өлшемдері бар литий керами­касының үлгіле­рімен сәуле­лен­діру экспери­мент­терін жүр­гіздік және in-situ зерттеу­лерінің нәтижелерін алдық. Бұл жұмыстар аясында жетекші еуропалық ұйым­дармен бір­лес­кен зерттеу­лер жүргізуге, термоядролық энергетика үшін иннова­циялық технологияларды ынтымақтастықпен әзірлеу мүмкіндігін арттырады. Сонымен қатар бұл ком­мерциялық термо­ядро­лық энергия көзін дамыту саласындағы ха­лық­ара­лық техникалық және тех­но­логиялық мәсе­ле­лер­ді шешуге ықпал етіп, әлемнің жетекші ғы­лы­ми орталықтарымен өза­ра тиімді әріптестік орна­туды көздейді», дейді И.Кенжина.

Ғылымды болашағы ретінде көретін ол қыз-келіншектер­ге кейіпкеріміз ядролық физика сияқты күр­делі бағыттарға қо­рықпай кірісуге, гранттарға, кон­ферен­цияларға, тәжірибе алма­су бағдарламаларына қаты­су ар­қылы халықаралық мүмкін­діктерді пайдалануға, жоғары кәсібилікті талап ететін ғылымда білім алуды тоқтатпауға, мықты мамандармен жұмыс істеп, нақты тәжірибе жинауға ықпал ететін жобаларды іздеуге, өзіне және біліміне сенуге, көшбасшылық рөлдерді батыл қабылдауға кеңес береді.