Кейінгі кезде қазақстандықтар арасында "ақылды чемодандар " кеңінен танымал.
Германияда жұмыс істейтін отандасымыз Ринат Жарқынбек кейінгі жылдары толығымен осы гаджетке көшіп алғанын әңгімеледі.
"Ақылды шабадандар саяхаттаудың жаңа дәуірін ашты! Бұрын портативті қуаттаушы құрылғыны, пауэрбанкті ылғи өзіммен бірге ала жүруге мәжбүр едім. Өйткені жолай ұялы телефон да, нетбук те "отырып" қала береді. Енді мен телефонымды чемоданымнан қуаттай аламын. Сондай-ақ авиакомпаниялардың салмақ шектеуінен асып кетпеу үшін әлі күнге өзімен бірге қол таразысын алып жүретін туристер бар. "Смарт-лагадж" өзіндегі жүктің салмағын өзі айтып береді. Оны әуежайда жоғалтып алудан да қорықпаймын, қайда жатқанын смартфонымнан бақылап отырамын", – дейді Ринат.
Ақылды чемодандар (Smart Carry-On Suitcase немесе Smart Luggage) саяхатты жеңілдету үшін әртүрлі электронды функциялармен жабдықталған.
Мысалы, оның көптеген моделі GPS-трекермен жарақтандырылады, соның арқасында жүк иесі оның әуежайда не ұшақ ішінде орналасқан жерін және қозғалысын арнайы ұялы қосымша арқылы нақты уақыт режимінде қадағалай алады. Бұл ұрлаудың және жоғалтудың алдын алуға көмектеседі.
Егер бөгде біреулер, немесе әуежайдың қауіпсіздік қызметі және өзге жұмысшылары чемоданды рұқсатсыз ашуға талаптанса, қашықтан басқарылатын құлып бұл талапты бұғаттайды және өз қожайынына хабар береді.
Бірқатар чемодандарда тіпті саусақ таңбасын сканерлеу немесе RFID технологиясы қолданылады. Осы арқылы ішіндегі жүкке тек уәкілетті тұлға ғана қол жеткізе алады. Қорғаныштың мұндай қосымша деңгейі әсіресе, құпия құжаттарды, бағалы заттарды сақтап, жеткізу кезінде аса қажет.
Бұдан бөлек, оларда багажды өлшеуге арналған таразы қарастырылған.
Ал, шабаданға кіріктірілген USB-порт түрлі құрылғыны қуаттауға мүмкіндік береді.
Озық модельдері өз иесінің смартфонындағы арнайы мобильді қосымша арқылы басқарылады. Пайдаланушы сол арқылы чемоданның өзі қалаған функцияларын қашықтан іске қоса алады.
Тіпті түрлі хабарламалар алып, сапарлар статистикасын қадағалауға, сондай-ақ басқа адамдармен, мысалы, баласының ата-анасымен деректер алмасуына мүмкіндігі бар.
Нәтижесінде, саяхатшыны стреске душар ететін жағдайлар барынша азаяды, сапар тәртіп пен ретке келтіріледі, барынша жайлы, тыныш және ойдағыдай болады. Саяхаттан алған жалпы әсерді жағымды етуге үлес қосады.
Алайда енді осы шабадандар әуе тасымалдаушыларының қырына ілікті. Олар рейске отырғызу кезінде ақылды чемоданы бар жолаушыларды әуе көлігінің ішіне жіберуден бас тарта бастады.
Мұның себебі неде?
Airwheelfactory.com мамандандырылған порталының түсіндіруінше, бұған аталған туристік керек-жарақтың "ішкі құрылысы" айыпты.
"Авиакомпаниялар ақылды чемоданды – "ішіне литий батареялары орнатылған және электронды функциялары бар багаж" деп анықтайды. Бұған қуаттауға арналған USB порттар, GPS-трекинг, Bluetooth қосылыс, электронды құлып, таразы датчиктері, шағын мотор жатады. Оның бәрі ұшақ құрылғыларына әсер етуі мүмкін немесе жарылу қаупі бар деп те саналады", – деп мәлім етті портал.
Сондықтан әуе компаниялары қауіпсіздік проблемаларын туғызбауы үшін ақылды багаждарға қатысты ерекше ережелер мен рекомендациялар түзіп жатыр.
Қазіргі кезде Emirates, FlyDubai және басқа алпауыт әуе тасымалдаушыларына билет алған туристер өздерін рейске отырғызудан бас тартылғанына шағымдануда. Бұған себеп ретінде авиакомпаниялар жолаушылардың өзімен бірге ақылды чемоданды алып келгенін және оны әуежайда қалдырмай, онымен ішке енуге талаптанғанын нұсқады.
Шағымданушылардың мәліметінше, авиакомпаниялар ақылды "көмекшілерін" қол жүгі ретінде салонға алып өтуге де, сондай-ақ тіркелетін жүк ретінде багажға тапсыруына да тыйым салған.
Салдарынан, кейбір жолаушыларға оның ішіндегі жүгін пакетке аударып салып, чемоданның өзін қалдырып кетуге тура келген екен. Олардың қандай стресті бастан өткеріп, қалай өкінгенін елестетуге болады: мұндай жол гаджетінің құны әдетте, қарапайым чемоданнан бірнеше есеге дейін қымбат тұрады.
Мысалы, қарапайым, бірақ төзімді чемоданды елордада 18-25 мың теңгеден табуға болады. Ал, смарт-чемодандардың бағасы орта есеппен 60 мыңнан бірнеше миллион теңгеге дейін барады.
Оның ішінде "смарт чемодан-самокат" дегендері де бар: үстіне отырып алсаңыз, өзі алға зымырай жөнеледі. Мұндай гаджеттер әлеужеліде: "Сүйікті қызыңа банальный емес сыйлықтар" айдарымен насихатталуда.
Мұндай тарту жасамас бұрын мынаны ескерген жөн: бүгінде көптеген авиакомпаниялар төл ішкі ережелеріне сәйкес, литий аккумуляторлары бар кез келген аксессуарды, соның ішінде ақылды чемоданды алып жүруге тыйым салып тастауда. Әйтпесе, сүйікті қызыңызға "банальный емес" проблема тауып бересіз.
Әйтсе де, өз кезегінде смарт чемодан жасаушылар да осы тыйымдарды ескеріп, өз құрылғыларына тиісті өзгеріс енгізуде. Өйткені әуе тасымалдаушылары кейде батареяларын уақытша алып тастауға болатын (алмалы-салмалы) құрылғылармен салон ішіне өтуге рұқсат етуі мүмкін. Егер ұшу барысында батарея чемоданмен өзара әрекеттеспесе, онда қауіп те шамалы деп есептеледі.