Экономиканы дамытудың басты құралы сауда .
Өнімді жасау бар да оны өткізу бар. Біздің елде жыл өте сауда қырқынды дамыды. Кішкентай дүңгіршіктер, үлкен дүкендерге, дүкендер ірі сауда кешендеріне айналды. Логистика да нарыққа төселді.
Ендігі мәселе қойма тапшы. Қазір елде 1,5 млн шаршы метр сақтау орны бар екен. Ал сұраныс одан анағұрлым жоғары.
Мәселенің аужайын экономика жаңалықтарының шолушысы Мерей Мұратханқызы зерделеп көрді.
Саудада қойма тапшы
Елде тауарларды сақтауға арналған 2-3 млн шаршы метр қоймаға сұраныс бар. Қолданыстағы нысандардың үлесі 1,5 млн шаршы метр шамасында. Ал халықаралық талапқа сай келетіні тіптен аз. Демек, қордаланған түйткіл жетерлік. Халық финанс сарапшылары мәселені шешу үшін мемлекет пен жеке сектор күш біріктіруі керек дейді. Әзірге қойма инфрақұрылымын салу кенжелеп тұр. Бұл логистикалық шығындарды арттырады, жалдау ақысы да кәсіпкерлерді тығырыққа тіреуі мүмкін. Сарапшылар қоймалардың тапшылығы онлайн сауданың дамуын тежейді дейді. Өйткені тапсырыстың дер кезінде жеткізілуі үшін де сапалы сақтау орны қажет.
Halyk Finance сараптамалық орталығы:
Кейінгі 10 жылда электронды сауда үлесі артып жатыр. Бұған отандық қана емес, халықаралық маркетплейстердің де белсенділігі ықпал етті. "Қазпошта" таратқан мәліметке сүйенсек, былтыр Қытайдан келген сәлемдеме көлемі 67%-ға артқан. Көрсеткіш еселене береді. Ал қоймалардың тапшылығы осы онлайн сауданы дамытуға кедергі болуы мүмкін.
Қойма салуға инвестиция қажет
Биыл қойма құрылысына бағытталатын тікелей инвестиция көлемі 400 млн долларға жетуі мүмкін. Сарапшылар жаңа логистикалық орталықтар салынады, қолданыстағы нысандар жаңғыртылады дейді. Сондай-ақ Ақтауда жаңа контейнерлік хаб құрылады. Құрық портында электронды сауда үшін толыққанды логистикалық орталық түзу жоспары бар.
Онлайн сауда үлесі артты
Жалпы кейінгі 5 жылда елдегі онлайн сауда 5 есе өсті. Отандық маркетплейстерден былтыр 150 млрд теңге салық түсті. Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіповтің айтуынша, халықаралық маркетплейстер 35 млрд теңгеден астам "Google салығын" төлеген. Сарапшы электрондық сауда ашық әрі әділ іскерлік ортада жұмыс істейді дейді. Ал дәстүрлі саудада транзакциялардың бір бөлігі жасырын қалуы мүмкін. Десе де, өнімін онлайн нарыққа шығарған кәсіпкерлердің өнімділігі артатыны сөзсіз. 1,5 жылдан кейін компаниялардың орташа сауда көлемі 4,8 есе, ал салықтық түсім 13,5 есе артқаны байқалған. Сауда аумағы кеңейеді. Тұтынушылардың да талабы ескеріледі. Бұл ретте онлайн сауда саласындағы бірқатар заңнамаға түзетулер енгізілмек.
Әсет Нүсіпов, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:
- Қазір мәжіліс қабырғасында тұтынушылардың электрондық саудадағы құқықтарын қорғауға бағытталған түзетулер қаралып жатыр. Онлайн сауданы дамыту факторларының бірі қойма және логистикалық инфрақұрылымдар. Ол бойынша бізде трансшекаралық онлайн сауданы ынталандыру үшін қытай тарапы trans post және қазпошта бірлескен кәсіпорны шеңберінде алматы облысында тарату орталығын және алматы әуежайының аумағында заманауи мультимодальды қойма салу мәселесі пысықталып жатыр. онлайн сауданы дамыту мыңдаған кәсіпкер үшін, оның ішінде қазақстан өңірлері үшін нарықтарды қолжетімді етеді. Бизнестің ұлттық және халықаралық деңгейге шығуына кедергілер азайтуға да ықпалы бар.
Сауда орындарының көбі мегаполистерде шоғырланған
Елдегі ЖІӨ-нің 16 пайызын сауда саласы қамтиды. Былтырғы өсім 9,1%-ға жетті. Оның ішінде көтерме сауда үлесі 67%-дан асса, бөлшек сауда – 32%-дан артты. Бұл көпшілік күтпеген көрсеткіш. Себебі былтырғы жылдың басында рекордтық деңгейдегі төмендеу тіркелген болатын. Кейін бөлшек сауданың қарқын алғаны белгілі. Халық финанс сарапшылары он жылдағы орташа өсім 4 пайыз шамасында болса, былтыр 10 пайызға жуықтағанын айтады. Табыстың 20 пайызы да осы бөлшек саудамен айналысатындарға тиесілі. Бір жылдағы өсім 15 пайызға жетіп, 275 млрд теңгеге жуықтаған. Қазір елде 70 мың дүкен бар. Оның 2 мыңға жуығы заманауи желілік сауда орны болса, қалғаны үй маңында қызмет көрсетеді. Бөлшек саудадағы шағын кәсіпорындардың үлесі 34%-ды, орта кәсіпорындар 18%-ын қамтиды. Ал ірі кәсіпорындардың үлесі 26%-ға тең. Кейінгі жылдары елдегі дүкендердің саны 13 пайызға өсті. Оның басым бөлігі мегаполистерде шоғырланған.
Қоса кетейін, Сауда және интеграция министрлігі былтыр 16 базарды жаңартуды аяқтады. Биыл 100 базар қамтылады. Сауда инфрақұрылымын дамытуға мемлекеттен 5,27 млрд теңге қаражат бөлінді. Сондай-ақ елде сауда саясатын дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр.
Елде дүкен көбейді:
Алматы – 900 (12%↑)
Астана – 500 (8%↑)
Шымкент – 500 (11%↑)