Current Date: 02-04-2025

Киік неден қырылды?

«Киік тым көбейіп кетті», — деп жатырмыз. Бұрын-соңды күн суыта Қарақұм асып кететін киік биыл Бетпақдалаға да беттеген жоқ. Қыстап қалған киіктер далада қалып, біразы қырылған. Өйткені ақбөкен – ешкітұқымдас нәзік жануар.

Ұлытау облысында қыста қырылған киіктердің өлекселерін жинау әлі жалғасып жатыр. Кейінгі бір тәулікте Жезқазған маңынан тағы 345 киіктің өлексесі табылды. Оның отызға жуығы Кеңгір су қоймасынан алынды.

Жиналған өлекселер арнайы мал қорымына жеткізіліп, жойылып жатыр. Дала жануарының нақты неден өлгенін анықтау мақсатында зоология институтының мамандары зерттеу жүргізеді. Алдын ала болжам бойынша киіктер күйектен соң әлсіреп, қыстан шыға алмай қалған.

Жезкиік атауы Жезқазғанға жат емес. Бұл өңір Бетпақтан Арқа даласына өрген ақбөкендердің дәл жүретін жолы. Әдетте қар бекімей оңтүстікке жылыстайтын жануар соңғы жылдары Жезқазған маңына қыстап қалып жүр. Биыл тіпті қаланың ішіне дейін кіріп кетті. Мамандар мұның себебін киік санының өсуімен байланыстырады. Былтырғы төлеуге дейінгі жүргізілген әуе санағы бойынша Бетпақдала популяциясында 1 млн 150 мың киік өрген.

Закария Тұралиев, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:

- Жылма-жыл киік жануарының саны көбеюде. Көбейген соң жаңағы ареал таралу дейміз ғой, жан-жаққа бытырайды. Алдыңғы жылы да осы Жезқазған қаласының аумағына киік жануары келген болатын. Бірақ ондай көп мөлшерде емес, аздау болды. биылғы жылы қыста тіпті көп келіп, біздің есебімізбен осы маңайда 2 мыңнан астам киік жүрді.

Соңғы бір апта бойы өңірде қыста өлген киіктердің өлекселерін жинау қарқынды жүріп жатыр. Бұл жұмыстарға табиғат инспекторларымен қатар Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері жұмылдырылған. Өлекселерді күн ысымай жою мақсатында Жезқазған мен Қаражал қаласында арнайы штаб құрылды. Қостанай, Ақмола, Қызылорда облыстары мен Алматыдан «Охотзоопром» қызметкерлері көмекке келді. Дала жануарының нақты неден өлгенін анықтау мақсатында зоология институтының мамандары зерттеу жүргізіп жатыр.

Бақтияр Рамазан, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК бас директорының орынбасары:

- Бір күнде өлген киік емес. Қыстай ақырындап миграция осында келді. Қыс қатал болды. Қар ерігеннен кейін енді шығып жатыр. 1 қаңтардан бастап дәл бүгінгі күнге дейін 5741 киік ұшасы осы Ұлытау облысында жиналған. Бұл жерде қыс қатал. Көлік жүре алмайды. снегоход бір жерде жүріп, бір жерде жүрмейді. Бүгін өлген киіктің үстіне ертең қар жауады, көрінбейді. Көрінгенінше, дабыл қалай түскенінше біз жинастырып отырдық .

Алдын ала болжам бойынша қыста қырылған киіктер табиғи жолмен, яғни, күйектен соң әлсіреп өлген. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі де түсініктеме берді. Ғалымдардың пікірінше, ақбөкендер саны жыл сайын шамамен 20%-ке, ал қыс қатал болған жылдары 50%-ке дейін азаятын көрінеді. Сондықтан мамандар: «Төтенше жағдай жариялауға еш негіз жоқ», - дейді.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов