Current Date: 20-03-2025

«Жырым мені ешқашан өлтірмейді...»

Биыл – Алаштың аяулы да, арда ақыны Тұманбай Молдағалиевтің мерей жылы. Махаббат жыршысы, табиғат сәулеткерінің тоғы­ зыншы асқарын ұлан-байтақ жазиралы Отаны, сүйікті ел-жұрты дүбірлетіп өткізуде. Қуантып, сүйіншілеп келген көгіл­дір көктемнің лағыл лебі туған даласының аспанын шар­лап кет­кендей. Алыс қиырлардан қиқулап асығып жеткен қанат­ты­лар да небір сиқырлы сазды әуездерін құйқылжытатын секілді. Иә-иә... Дәл сол Тұмағаң сөзін жазған «Құстар әні»... Іле-шала жүректерде жатталған әсем әуездер біріне-бірі үздіксіз ұласқан... Құлақ түбінде әлдеқайдан талып естілген сағынышты сарын құмығып жаңғырады. «Жырым мені ешқашан өлтірмейді, Әнім, мені алысқа жетелерсің-жетелерсің...».

Рас. Халық жазушысы, Абай атындағы Мем­ле­кеттік сый­лық­тың лау­реаты, Физули атындағы Халық­аралық түркі дүниесі сыйлығы­ның иесі Тұманбай ағаның бейнесі ­сана­мызда өшпестей қашалған ғой. Ал оның аты-жөнін КазПИ-ге түс­кен 1965 жылы әр кезеңдегі «Қазақ әдебиетінен» дәріс жүр­гізе бас­­та­ған ұстаздарымнан естіген едім.

Бірде кураторымыз, институт­тың төл жаршысы саналатын «Педагог» газетінің редакторы Төкен ағай кезекті дәрісін күтпеген жаңалықпен бастады. Көңіл -күйі де әдеттегіден гөрі жадыраңқы:

– Студенттік алғашқы айла­рың да зуыл­дап жатқандай ма, қалай? Сәтін салса алдағы сенбіде әйгілі Әуезовтің өзі мақтаған, болашақтарынан үлкен үміт күткен, поэзия аспанында егіз қозы­дай жарқырап қатар көрінген жас ақын­дар Тұманбай Молдағалиев пен Қадыр Мырзалиевті сендермен кездесуге шақырып отырмыз. Осы әдебиет кеші­нің есте қалатындай өтуіне белсене атса­лыс­саңдар.

Филология факультетінің үлкен оқу залы лезде лық толды. Жүз­дері бал-бұл жанған үлбіреген қыз-жігіттер ерекше шат көңілді. Шоқ-шоқ болып асыға жайғасуда. Артын­ша студенттік тұңғыш поэзия кеші­нің басталғанын айғақтаған әсем вальс ырғағы заңғарадай залдың аспанын кернеп кетті. Биік сахна төрінде сол кездегі дүйім жұрттың аузынан түспейтін «Бақыт құшағында» әнін шырқаған қос өнерпаз... Ілкі мезеттегі саябырда ортаға шыққан Төкен Әбдірахманов аға жиналған жұртқа ілтипат ишара білдіріп, кеш қонағын таныстырған.

– Өздеріңмен жүздесуге кел­­ген қадірлі қонағымыз, мына талантты ақын Тұманбай Молдағалиев те ме­нің шәкіртім. Өйткені оның балау­са жырларына жол ашып, ақындық сапарына сәттілік тілеп, ақ батасын берген біздің «Пио­нер» журналы болатын. Әлгінде жиынымыздың шымылдығын ашқанда шырқалған әдемі ән­нің өлеңін жазған Тұманбай ағаларыңды ортаға шақыралық. Ал осы «Бақыт құшағында» аталатын тамаша әннің авторы – өздеріңе мәлім Шәмші Қалдаяқов. Ол да бүгін осы кешке қатысуы ­керек еді. Келе алмады. Шымкент­те өтіп жатқан жастардың өнер фестивалінде жүр екен. Кезінде екеуінің де творчествосы жайында ұлы Мұхтар Әуезовтің өзі биік баға бергенін білесіңдер. Кәнеки, ендігі сөз тізгінін Тұманбай ақын­ға ұсынайық...

– Рахмет, Төкен аға! Өз басым қатты тол­қып тұрмын. Осыдан төрт-бес жыл бұрын ғана біз де студент болып сен­дер секілді алдыңғы тол­қын ақын-жазу­шы­лардың лебіз­деріне ынтық көңілмен құлақ тү­ре­тінбіз, – деді жан-жағына байып­п­ен жанар жүгірткен жас ақын қолындағы екі-үш жапырақ қағаз­ға те­сілген күйі. Ең алдымен жеке ма­ған ба­ғытталған біраз сауал­дар бар екен. Рет-ретімен жауап бе­ріп көрейін. Өлеңді содан кейін оқы­ға­ным дұрыс шығар. Айт­пақшы, Қадыр Мырзалиев аға­ла­рыңа да қо­йылған сұрақтарды бай­қап қал­дым. Ол досым бірге кел­мек­ші еді. Бірақ... Салқын тигізіп алып­ты... Сіздерден кешірім өтініп жатыр.

– Біз де бала болғанбыз, – деп ауыр күрсінген ол алақанын­да­ғы тілдей қағазға үңілген. – Шы­нын айту керек. Біздің, дәлірек жет­кізсем менің құрбыларымның шат-шадыман балалық шағы бол­ған жоқ. Көзімізді жыртитып аш­қан күннен бастап, ашқұрсақ күй кештік. Өйтіп-бүйтіп мектепке іліккенімізде соғыс өрті «бұрқ» ете түскені баршаңа аян. Емін-еркін күліп ойнайтын, алақайлап жарқ-жұрқ жүретін кездеріміз өте аз. Жалынды жастығымызды соғыс жылдары ұрлады ғой. Жоқтық пен жетімдік әбден діңкелетті емес пе? Тағдырдың иіріміне талай рет батып шықтық. Өткенді еске алғым келмейді. Сендер сұраған соң амалсыздан айтып тұрмын. Ойымды қысқа ғана түйіп бейнелесем: «Өмірім – өлеңім».

Біз ойланып қалдық. Студент кезінде-ақ тұңғыш өлеңдер жина­ғымен жұрт назарын өзіне аудар­ған ақын жігіттің әдебиет әлемінің табалдырығын қалай аттағаны жө­нін­­дегі әңгімесін де ынтыға тың­да­ғанбыз. Бұдан тұп-тура алпыс жыл бұрын Тұманбай ағаның өз аузынан естіген қалпында жаң­ғыртқанды жөн санадым.

– 1951 жылы ҚазМУ-дың филология факультетіне оқуға түс­кенімде ақын болам деп ойлаған жоқпын. Әуезов лекция оқиды екен дегенді естіп, документімді сол филфакқа тапсырдым. Және қазақ әдебиеті мен тіліне өзіме жеті жылдық мектепте сабақ берген Әділ Намазбаев ағамдай мұғалім болсам деп ойладым. Кім біледі, бағым көтерілсе, мектептің директоры болып ке­туім де мүмкін-ау деген жасырын қиял да менде жоқ емес еді. Газет-жур­налға шығып жүрген ақын ағалардың өлеңдеріне қарағанда, менің анда-санда жазатын жырларымның көркемдік дәрежесінің төмен екенін ішім сезеді. Содан кейін де өлеңімді Едіге досымнан басқа ешкімге оқымаймын. Едіге де менен ақын шыға қояр деп ойламайды. Сөйтіп жүргенде үшінші курсты да бітіретін уақыт таяды. Ауылда өзіммен бірге үш жыл оқыған Зина деген украин қызына арнап бір өлең жаздым. Халықтар достығын жырламақшы болып.

«Есімде менің есімде

Мөлдір қара көздерің,

Бірге оқып өзіңмен,

Бірге ойнаған кездерім.

Соғыс бітіп анаңмен

Қайта кеттің Киевке.

Тым болмаса сонда мен

Қалмадым бір сүйіп те», деп басталатын бес шумақ өлеңім сол тұста Алматыда жаңа шыға бас­таған «Коммунизм таңы» (қа­зіргі «Жетісу») атты облыстық газетке шыға келді. Мен ол өлеңді редакцияға хатпен жолдаған едім. Сол бір қуанышты күндері ҚазМУ-дың бір аудиториясында әдебиет кеші болды. Ғалым аға­мыз Бейсембай Кенжебаев өлең құ­рылысынан ғылыми баян­дама жасады. Сол баяндамада кейін ҚазМУ-дың студент ақындары Еркеш Ибікенов, Жәрдем Тоға­шев, менің курстас­тарым Нұрғо­жа Оразов, Тұрап Айдаровтар өлеңдерін оқыды. Жұрт оларға қошеметпен қол соқты. Кештің аяғын ала Нұрғожа Оразов бар­лықтарына қарап: «Менімен бірге бір бөлмеде жататын курс­тасым Тұманбай Молдағалиев те өлең жазады. Өлеңдері жақсы. Бірақ өзі ұялып оқымайды», еп қарап тұр. «Оқысын», – деді Мәскен апай. — Оқысын, – деді Бейсем­бай ағай. «Оқысын», – деді Белгі­бай ағай. Менің шегінетін жерім қалмады. Нұрғожаны көзім­мен атып, жұрттың алдына шықтым. Бір-екі өлеңімді қинала, қысыла тұрып оқыдым. Қорқып кеттім. Жұрт қол соғып жатқан сияқ­ты. Еркеш менен кейін сахнаға шы­ғып, менің оқыған өлеңдерімді мақта­ды. Жәрдем Тоғашев та жылы-жылы сөздер айтқандай болды. Мәскен Сармурзина апай маған жылы көзбен қараған сияқтанды. Сөйтіп, сол бір көкек айының шуақты күнінде менің өлеңдерім өзіммен бірге оқитын достарымның алдына шықты. Мені азапты да ауыр ақындық өмір күтіп тұрғанын сол сағатта білмеп едім, әрине.

Адам жады компьютерден де жылдам-ау! Өз ойымды құрықтай алмай беймаза күй кешкен менің миыма жыр майданының жампозы жайында талғамы биік Әбіш аға Кекілбайұлының кезінде қуана айтқан жүрекжарды лебізі орала берді:

«Cонау 1957 жылы оның «Сту­дент дәптері» дейтін тұнғыш кітабы шықты. Оған дейін сая­саттан іргесі аулақ жекелеген шы­ғар­малар болса, болған шығар. Бірақ тұтасымен саясаттан іргесін аулақ салған кітаптар кездеспеген еді. «Студент дәптері» — біздің жыр өлкесіне тұңғыш рет қанат қаққан жақсылық қарлығашы сияқты еді. Кеше ғана ауылда өсіп, бүгін астанаға келген уыз жас жігіттің уылжыған көңіл күйін сол қалпында жеткізген кішкене кітап — өз уақытында әдебиетке аты­мен соны тыныс, тың сүрлеу әкелді. Кітaп ашса болды, не оқтың астына тап болып, не зырылдаған ста­нок­тардың қасына қамалып, көк түтінге қақалып өскен қазақ оқырманы, бір сәт алма бауын аралап көргендей, дені жайылып жүре берді...»

Өлмес-өшпес рухани мұралары есімін асқақтатып, сүйікті халқының алақанында тербеткен жыр тұмасы Тұмағаңмен өткен ең алғашқы кездесудің қас-қағымдық сәттерін осылайша баяндадық.

Содан бері қанша рет су қатып, қанша рет су ақты десеңізші...

Тотықұстың қауырсынын­дай мың құлпырған Тұманбай Мол­да­ғалиев поэзиясының палит­расы мерей тасытып, жанар арбай­ды. Ақынның жарқ-жұрқ ойна­ған шұғылалы өлең бағын аралаған сайын сан қырлы, алуан сырлы туындылар бірден баурап алады. Сүйіспеншілікке, ізгілікке, махаббатқа толы жыр зереңін төбеңе көтере сіміресің. Енді бірде тәтті мұң мұхитына сүңгігендей қилы-қилы күй кешесің-ау. Осы рет­те Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті ақын Темірхан Медет­бектің сыбағалы сөзі еске түседі:

«Тұманбай Молдағалиев қазақ лири­ка­­­сының королі еді. Тұла бойы тұнып тұрған сезім болатын. Ғажайып махаббат пен сүйіспеншіліктен жаратылған жан. Оның көңіл күйін шертер нәзік те, лағыл лирикаларынан құс қанатының сусылы, желдің уілі, судың сылдыры, жапырақ­тың сыбдыры, сағаттың сыртылы естіліп тұрады. Өмір­ді өлеңмен өрнектеген, оны дүниедегі тебі­ре­ністер мен тербелістердің ақыны дер едім».

Өлеңнен жаратылған Тұман­байдың жыр-дестесінен бәрін-бәрін жолық­тырасың. Өйткені оның жыр-жүрегінен балқып шыққан мына бір сыңар шумаққа зер салыңызшы:

«Тарыққанда табынарым – өлеңім,

Жабыққанда жалынарым – өлеңім.

Барлығы да өлеңімде сақтаулы –

Ақын болып нені айттым мен, не дедім».

Алыптардың алтын үзігі, сүлей­лердің сұңғыла сарқыты саналатын ән-жырдың кеніші Кенен Әзірбаев атасының «Ақынға қара сөзден өлең оңай» дегеніндей, ең басты мақсат-мүддесін осылайша өрнектеген... Сезім селінен туған туындылардың қай-қайсысы да жан дүниеңді тербеп, әдемі әлемге жетелейді.

Ойы ұшқыр, қиялы бай, хал­қының сүйікті ақыны Тұманбай Молдағалиев әдеттегі қаламдас әріптестері тәрізді көп­теген поэ­малар мен дастандар жазғаны мәлім. Орайлы тұста есімізге түс­кендерін үкі­леп атай кеткенді жөн көрдім. Кейінгі тол­қын – жас буынның білгені абзал. Ұлт­тық рухымызды әр қырынан жарқы­ратып дәріптеуге, кейінгі лекті ата-баба жолын әспеттеуге, өткеніміз бен бастан кеш­кенімізді әрдайым қастерлеуге үндеуге бағыт-бағдар сілтейтін ақын мұраларының орны ала­бөтен. « Әкеммен сырласу», «Атан­бай Ата», «Қыран дала», «Қарасай ба­тыр», «Феруза туралы жыр», «Алтай – Оспан», «Бар­мысың жер бетінде, бауыр­ла­сым», «Әлия, әпке», «Дүйсенбі ақын», «Әлтай апке», «Сағынғанда анамды» т.б. кесек шы­ғар­­маларынан автордың қалып­тас­қан оқшау өзіндік қолтаңбасын аңға­рамыз.

...Мына қызықты қараңыз. Ақын ағаның өзі жырлағандай, зулаған күндер бізді төрт жылдан кейін бір шаңырақтың астында қайта қауыштырды. Үшінші курс­ты бітірер-бітірместен жас қалам­герлердің киелі ұстаханасы «Лениншіл жасқа» (қазіргі «Жас Алаш» газеті) тұяғымды іліндір­ген­де, мені алғашқылардың бірі болып Тұманбай ағамның құттықтап, «ақ жол» тілегені есімде.

Республикалық партиялық ба­сылымдар төменгі этаждарда жайғасса, біздің «Лениншіл жас» газеті жетінші, ал Тұмағаң қыз­мет істейтін «Балдырған» жур­налы тоғызыншы қабатта қы­сылып-қымтырылмай даңға­ра­дай-даңғарадай жайлы да жа­рық кабинеттерді иелендік. Шығар­машылық адамдары үшін бұ­рын-соңды болмаған, нағыз шабыт­тың ұясына айналған қаламгер­лер ортасында өзіміздің сүйікті ақынымыз Тұмағаң да ай маңда­йын жарқыратып, алшаң-алшаң басып жүруші еді. Үлкен өмірдің соқпақ-сүрлеулерінде тағдыр жолымыз осылайша тоғыс­қан. Оның жалын жүрегінен туған әр өлеңі, әр жыры, әр дастаны, әр әні, әр жинағы, әр кітабы менің көз алдымда. Бейнелеп жеткізсем барша қазағының жүрегінде.

Ақынның қаламынан туған «Студент дәптері», «Кәмила», «Құра­лай», «Алатау қызы», «Зулай­ды күндер», «Жаңа дәптер», «Ша­қы­­рады жаз мені», «Қош, көк­тем», «Жүрек ояу қашанда», «Хат­­тар, хаттар», «Махаббат оты сөн­бейді», «Мен де жиырма жаста едім», «Құстар қайтып келеді», «Тау­дан түскен сәуле», «Жиырма бесінші көктем», «Жүректегі жазу­лар», «Тынық мұхит дәптері», «Сарыала күз келгенде», «Туған елім–тірегім», «Сағындырған көк­тем­дер», «Шыңдағы гүлдер», «Қар жауып тұр», «Ұмытпа мені» сияқ­ты жыр жинақтары – ондаған ғасыр­лық тарихы бар қазақ жырына олжа салған, оқырман қауым­ның жүрегіне жол тапқан, әдебие­ті­­міз­дің алтын қазынасына айналған өлмес шығармалар. 2017 жылы жарық көрген ақынның 24 том­дық шығармалар жинағы осы сөзіміз­дің айқын дәлелі. Қазақ жырының ­ары мен абыройын арқалап, ұлттық ­поэ­зиямызды әлем­дік биікке көтерген, саналуан саңлақтарымыздың біріне айналған көркемсөз шеберінің өзгеше бітімі мен өрісті поэзиялық әлемі туған халқымен бірге жасары даусыз.

Қазақтың мәшһүр шайыры Тұманбай Молдағалиевтің жыр жәрмеңкесін жарқыратып, байытып, айрықша даралар ән-өлеңдері­не тоқталмау мүмкін емес-ау. Осы орайда қалың көпшіліктің үлкен-кішісінің ыстық ықыласына бөленіп, жүректеріне ұялаған ғажайып әндер шоғыры тіл ұшына оралатыны анық. Ілкі мезетте Тұмағаңның сыршыл жүрегінен шыққан көл-көсір дүниелерді түгендей қамти алмасымыз және аян. Сұлу сөздің сақиы ән- өлеңінің эталоны іспетті талай шырын шығармалар жазды. Өйткені, олардың ұзын саны бес жүзге барып жығылады...

Қанеки, есімізге түскендерін ғана тізейікші. Олар – «Әнім сен едің», «Отан – Ана», «Бақыт құшағында», «Құстар қайтып келе жатыр», «Шақырады көктем», «Алатау қызы», «Екі жұлдыз», «Қар жауып тұр», «Қарлығаш туралы ән», «Алматы түні», «Куә бол», «Қайран, менің жүрегім», «Жан досым», «Ертіс вальсі» , «Қаздар қайтқанда», «Жан анам», «Қалайша байқа­маймыз?», «Тықылдаған сағаттан қорқам...», «Жүрек сыры», «Құстар қайтып барады»... тағы тағылар. Кіл жауһарлар мен інжулер... Әрқайсысы аңызға бергісіз бір-бір әңгіме-новелла, әрқайсысы көңіл күйін шертер хикая.

Қазақ музыкасының кори­фейлері Нұрғиса Тілендиев пен Шәмші Қалдаяқов бастаған, Тұманбай ақынмен ынтымақ-бір­­лікте жемісті жұмыс істеген ком­­позиторларды атап кеткен жөн шығар. Еркеғали Рахмадиев, Әсет Бейсеуов, Кеңес Дүйсекеев, Темір­­жан Базарбаев, Бекен Жама­қаев, Әшірхан Телғазиев, Мұрат Құсайынов, Ержан Белғо­жиев, Бағлан Ома­ров секілді ұлттық ән әлемі­нің абыро­йын асқақтатып, көсе­гесін көтерген талант­тар­дың есім­дерін ілтипатпен атаймыз.

Қаршадайынан өмірдің өксік­ті өтке­лектерін, небір қиын-қыс­тау сынақ­тарын бастан өткізген Тұма­ғаң тек өлең жазып, қара бастың ­жа­йын күйттеген емес. Соңынан ерген талант­ты толқын-толқын буынға ардақ­ты ұстаз бола білді. Қол қусы­рып отыруды табиғатынан құп көр­мейтін ол жеткіншек өрімтал өрен­­дер­ден бастап, алаулаған албырт жастар легіне үлгі-өнеге көрсетуді темірқазық нысана еткен аса қамқор жан. Оған айғақ ретінде өмірбаян деректерінен келтірілген төмендегі үзіктерді ұсынғым келді. «Пионер», «Балдырған» журналдарында тер төккен ол Қазақстан Жазушылар одағында, «Жазушы» баспа­сында қызмет атқарды. Еліміз­дегі ең таң­даулы басылым «Жалын» журна­лының дәуірлеп тұрған шағында бас редакторлық тізгінді Тұмағаң­ның ұстағанын ұмытпаған жөн.

Өлеңге ғашық, жырға құштар көптеген жастың тұсауын Тұманбай Молдағалиев кескен болатын.

Уақыт керуені ешқашан тоқ­та­майды. Ілгері тарта бермек. Тұмағаң ман­дайынан сипаған шә­­кірттерінің өздері ақсақалдық абы­ройлы асқар­ларына қол соз­са, кейін­гілері ағалық мәртебелі биіктеріне көте­ріліп отыр. Неткен бақыт, неткен ғанибет!

Сезім қылын қозғаған осы ой үзігін тақырып етіп, Тұманбай ағаның шығар­машылық әлемі тө­ңірегінде қалам тербегім келгені рас. Оған басты себеп – ақынмен соңғы кездесу.

...Иә, мизам шуағына малын­ған Алматының қоңыр күзі. Қа­лыптасқан ғадетіміз бойынша жұбайым Жанна екеуіміз бауыр басқан шаһарда кезекті еңбек демалысымызды өткіздік. Жақын-туыстарды аралап, жастық дәуре­німіздің куәсі болған дос- жарандармен қауышып арқа-жарқа мәзбіз. Қолымыз қалт еткен бір тұста Абай мен Гагарин даңғылдарының бұ­рышындағы Баспалар үйіне асықтық.

Бүкіл қазақтың рухани қазы­насын, алтын мұрасын шығарып жат­­қан ақын-жазушылардың қа­сиетті мекенжайының ауласына жете бергенде, алдымыздан ақ пла­щының қос етегі желпілдеп Тұманбай аға жарқылдап қарсы алған:

– Оу, Жанатжан, қол ұстасып аман-есен жеттіңдер ме? Жігіттер­дің халдары қалай? Астанада не жаңалық? Сары­арқаның сары желіне үйрендің­дер ме? Менің аға-досым, курста­сым Нұрғожа Ораздың хал-жағдайы нешік? Өздеріңе, «Егеменге» бас сұғып тұратын шығар...

– Әрине, әрине ... Бәрі-бәрі ойда­ғыдай... Нұрғожа досыңыз да жұрт қатарлы жүріп жатыр. Жақын­да Қызылжарда белгілі қаламгер Жарасбай Сүлейменовтің тойын­да бірге болдық. Қасында Кәкім­бек Салықов аға бар...

– Астанаға кетіп қалғалы өзде­ріңмен сирек ұшырасамыз. Қайда жүрсеңдер де аман болың­даршы, айналайындар...

Мүлдем күтпеген кездесу біз­дің де еңсемізді көтеріп жібер­гені анық...

Араға апта аралатпай – он бірін­ші жылы 10 қазан күні Жазушы­лар одағына, Нұрлан досқа, Ораза­лин­ге, жолығып шықпақшы болдым. Ежелгі сыралғы құрдас қау­қыл­­дасып, ақ пейілін ақтарып, өткен-кеткенді қуана жаңғырту да. Әңгі­меміз енді қызып келе жат­қан­да үнсіз тұрған қалалық теле­фон­ шы­рылдап қоя берді. Труб­ка­ны көтер­ген Нұрланның бет-әлпе­ті табанда бұ­зылып, әлгіндегі жар­қыл­да­ған үні де әбіржіңкіреп естілген:

– Ә-ә, не дейсің? Жаңылма­сам алдың­­ғы күні , иә тура екі күн бұрын өзі телефондаған...

Құдай-ау, мұндай да болады екен ғой... Таң атқалы орнымда тап­жылмай отырмын. Неғып осын­дағы­лардың біреуісі хабарласпай жатыр? Жарайды. Естімеген-ау, шамасы...

Орнынан тұрып кеткен бойда:

– Тұманбай аға дүниеден озыпты... Қарағандыдан звондап жатыр, – деді Нұрлан күйзеле.

– Ойпырмай-ай, біз осыдан бір жеті бұрын ғана Баспалар үйіне барғанда кездесіп, шұрқырасып қалған едік, – дедім мен де тыпыршып...

– Жәке, шынымен жыр мұнара­сы­ның құлағаны ма? Сенесің бе, сенбейсің бе? Екі-үш күн бұрын сот­кама өзі шық­қан еді...

Артық ештеңе айтпады, ауру-сырқау­дан да аман-есен секілді еді...

Қазанның қарашаға ұласар өліарасында өзің өмір-бақи сүйіп жырлаған құстарға ілесіп қайтпас сапарға аттанғаның ба, қайран Тұмаға? Жалған дүние осылайша өкіндіре бересің бе?

– Жоқ, олай ойлама! Көзі тірі­сінде-ақ Тұманбай аға «Жырым мені ешқашан өлтірмейді...» деді емес пе? Қазақтың көгінде ән-жыры тұрғанда оның есімі де халқымен бірге мәңгі жасайды. Шүкір де.

Мен үн-түнсіз басымды изе­дім.

Көмейіме лықсып толған ой-пікір­лердің жүрек сүзгісінен өт­кен­дерін ғана назарыңа ұсыну­ға тырыс­тым, сүйікті менің оқыр­маным. Сөйтсе-дағы әдемі әңгі­меміздің әдібін бұзбай Тұман­бай Мол­да­ғалиев хақындағы шал­­қымамды қазақ сөз өнерінің данагөйі Мұзафар Әлімбаевтың қордалы пікірімен түйіндеуді жөн көрдім:

– Тұманбай – ойшыл ақын. Біздің қазақ халқының маңда­йы­на біткен ойшыл­дық, талғампаз­дық сонау ұлы жырау­лардан бас­талған ғой. Сол дәстүрімізді жал­ғас­тырушылардың бірі емес-ау, бірегейі ретінде мен оның есімін құрметпен атар едім. Ол балалардың да сүйікті бағба­ны бола білді. Мысалы, сен дейді, ­ұлға ұнамасаң халқыңа ұнамайсың. ­Ал енді осында ата-бабаны тәр­бие­лейтін, қалай тәрбиелесе ұл­дары ата-аналарын тәрбиелеп жа­тыр, дейтін екінші бір қырынан ал­ғанда философиялық ойды Тұманбай екі-ақ жолға сыйғызған. Елі-жұр­ты көзі тірісінде-ақ Тұманбайды ұлы талант деп таныды емес пе? Ендеше, осы ойға қосылғанымыз жөн шығар.

Біз бұл пікірге дау айта алмаймыз.

Жанат ЕЛШІБЕК,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Астана