Current Date: 10-06-2025

Қоңыр мұң ойды қозғайды (Ақын Әділғазы Қайырбековтің жырларын байыптау)

Біз кейде қайғы-мұң деп қатарластыра қосақтап айтқанымызбен, зерделеп қараған кісіге қайғы бөлек, мұң бөлек. Тіпті екеуінің арасы жер мен көктей деуге де болады. Қайғы дегеніміз – Абай айтқандай, «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» – адам дүниеден қайтқанда, түрлі соғыс, апаттардың салдарынан болатын қасірет түрі. Ал мұң дегеніміз – күнделікті тіршілікте кездесетін түрлі әрекет, оқиға, көзге көрінген көріністерден туындайтын уайым аралас көңіл ауаны. Мезгілсіз жауған қардан раушан гүлдердің солып қалуы, ата-анасын қарттар үйіне өткізіп жатқан жүрексіз жастар немесе роботтардың бір-біріне «үйленіп» жатуы сияқты көріністердің қай-қайсысы ет жүректі адамның кеудесіне мұң ұялатары сөзсіз. Адамның адамшылығы да осында. «Мұң естілер толқындар солығынан, Құсы бір ән салады, көлі бір ән...» деп Мұқағали текке тебіренбесе керек.

Қазақ әдебиетіне ХХ ғасырдың 70–80-жылдары келген сыршыл, лирик ақын Әділғазы Қайырбеков табиғат сырын, қоғам тынысын, адамның ішкі көңіл күй әлемін асығып-аптықпай, ұрандатпай, айқай сап әшкерелемей, қоңыр мұңмен-ақ шымырлата, шамырқана жеткізетіні – ақынның өзгеге ұқсамайтын дара қасиеті.

Жан еді ол – жүрегі, жаны ақын,

Табиғаттың өзіне табынатын.

Қарапайым күлетін, қамығатын,

Белгісіз бір заңдарға бағынатын... –

деп жазады ол өзі білетін қарапайым лирикалық кейіпкерінің аса табиғи бол­мысынан хабар беріп. Оқырман жадында бір оқығаннан жатталып қалатын мұндай өлең жолдары әдетте көп бола бермейді. Мұндағы лирикалық кейіп­кердің «қарапайым күліп, қамы­ғатыны» – «Әділғазылық мұңның» көрі­нісі. Артық бір ауыз сөз, алшақ суреттеу жоқ. «Айналасы теп-тегіс, жұмыр келген» өлең.

Ақынның «Көз алдымда қар жауған күн...» атты өлеңі де нәзік мұңға бөгіп тұр. Қаламгердің өзіне ғана тән стилі молынан байқалады. Яғни бәрін жіпке тізіп баяндап жатпау, астарлау, тұспалдау. Жұмбақ жымиған Джоконда бейнесі тәріздес.

Көз алдымда қар жауған күн, құлағымда мұңды әуен,

Жиі-жиі еске аламын екеуіңді мұнда мен.

Жауған қарды тамашалап сендер бейқам тұрған ең,

Жүрек дертін жазатұғын бар екен ғой бір ғана ем!..

Көз алдымда қар жауған күн, құлағымда мұңды әуен.

Ән салады аппақ нұрға бөккен мынау сырлы әлем,

Әлденеге сендер жаққа мойынымды бұрған ем,

Ақ мұнарға сіңіп бара жаттың сонда екеуің,

Екеуіңді еске аламын қар жауғанда жылда мен.

Айдала. Аппақ қар жауып тұр. Ақ мұнарға сіңген қос ғашыққа үшінші біреу «ұрлана» қарайды. Жоқ, қарамайды. «Әлденеден, жай ғана... мойнын бұрып назар салады». Және осы сәтті үнемі мұңмен ғана еске алады. Қыздың ерке сұрағына: «Бақыт деген – қар жауған күн» деген жауабынан асқан ізгі сыпайылық бола ма? Адам сезімдерінің ішіндегі ең бір нәзік, күрделі сезім – махаббатты сездірудің осындай да кінәратсыз амалы болатынын ақынның ұшқыр жаны ишара етеді.

Ақын Әділғазы Қайырбековке тән өмір шындығын өрнектеуден танбайтын қоңыр мұң қазақ халқының өзекке түскен өртіне келгенде шер-шеменге айналып кетеді. Өзінің «Шер-шемен» деп аталатын толғауында ақын күн асқан сайын сары уайымға айналып бара жатқан ша­лақазақ, «тілсіз» қазақтардың міскін қалпына, құлдық психологиясына жаны күйе келе, былай деп жыр төгеді:

Кеудені күрсініс кернеді,

Кербесті үзіп кете алмады кермені.

Бүкіл тағдыры – кісәпір кезең ермегі.

Басынан еркі кеткен соң,

Арда дәуір мен Азат күн –

Арманы болды – атам заманнан қазақтың!

Ақын арда дәуір мен азат күннен айырылып, жартылай бодандықтың ғасырға созылған обал-сауапты біл­мейтін «бәрінен айыру» саясатының тағы да жартылай құрбаны боп отыр­ған ана тіліміздің жайына ерек алаң­дайды.

«Неге мұнша?..» өлеңінде қоңыр мұң уайымға ұласады:

Болат жүйке бекерге босамаған,

Қауіп-қатер тосады Қособадан ...

Өгей ұлы секілді өз елімнің,

Ана тілім сығалап босағадан!..

Маңдайымды көк тасқа соғып алып,

Талқысына тағдырдың жолығамын ...

Неге сонша халықпыз бағы биік,

Неге мұнша халықпыз соры қалың?!.

«Ақын жаны тыным алып жата алмайды, мұң мен шерін фәнидің қатарлайды» демекші, Әділғазы Қайырбековтің дү­ние, жаратылыс, болмыс, табиғат құ­­бы­лыстары жайындағы жырлары – негі­зінен нәзік сырлы қоңыр мұңға құрыл­ған... Ақынның сондай өлеңдерінің бірі – «Қаңбақтар қашып барады».

Қоңырқай белде қаңбақтар қашып барады,

Тағдырдан қатал қаймығып,

Жараспайтұғын жайды ұғып,

Селеулер қалды қайғырып,

Жынды жел жылап, күледі,

Тағынан жұлып, тайдырып...

Жаратылыс пәлсапасы. Тумақ бар да өлмек бар. Әдетте, қаңбақтар көшуші еді, мұнда – қашып барады... Енді ше? Кешегі жайқала өсіп, жұпар шашып, жарыққа қол созған өмір салтанаты жоқ енді. Көз жауын алған бәйшешек шағы жоғалған, бақ-бақ басына тұнған балсары күні өткен. Аямас ақкөз тағдыр кешегі көк құрақ, шалғынға бөленіп тұрған тіршілік иесіне – бүгінгі жел айдаған қаңбаққа тек қашуға ғана мұрсат береді. Оның үстіне, жынды жел бір жылап, бір күліп жұлқи тартып, дөң-дөңес, бел-белес қалдырмай дома­латады-ай келіп. Бүгін тағынан тай­ған, кеше ғана жалын атқан қайран тір­шілік!

Қаңбақтар қашып барады:

Асыққандай ма, япырм-ай,

Тәттісін өмір татырмай,

Оң жақта күліп отырмай,

Опасыз екен жалған деп,

Алдайды екен арман деп,

Алданып қалай қалғам деп...

Ақын өлеңіндегі еспе қайталаулар өлең әсерлілігін арттыра түскен. Өлеңдегі күзгі табиғат көрінісінің шебер, дәлме-дәл суреттелетіні сондай, осы туындыны тыңдаған, не оқыған адам қаңбақты бір жан иесіндей көріп, оның ішкі өксігімен бірге мұңаятындай. Қаңбақ өскін кезінде тәтті-дәмдінің бәрін тат­қан екен-ау. Тіпті оң жақта, ата-анасының ала­қанында еркелеп өс­кен бұла қыздай күн кешіпті. Енді сол баян­­ды ғұмырдың опа­сыздығына күйінеді. Ша­расы жоқ, бойын­да шырыны мен нәрі қалмаған қуарған қу қаңбақ жынды желдің айдауынан қашып келеді, қашып келеді...

Қаңбақтар қашып барады:

Құлазып қалды қоңыр бел,

Қаңбақтың мұңын сол ұқты,

Қамығатын да болыпты,

Қаншама ғұмыр кешсе бұл,

Соншама ғұмыр солыпты.

Бұл жердегі қоңыр бел – бейнебір тіршілік пен уақыттың төрешісі іспетті. Қайғылы қаңбақ халіне қамығатын да, мұңаятын да сол ғана. Қоңыр бел қанша ғұмыр кешсе, соншама ғұмыр қаңбақтай көшіп жоғалған екен...

Қаңбақтар қашып барады,

Жоғалтып тірек-таянышты,

Көзінен тірлік, баян ұшты,

Кезінде – тірі, ал қазір – өлі,

Қозғалғаны қандай аянышты?!

Бұл – ақынның жалған дүниеге деген өзіндік пайым-үкімі. Кезіндегі тірі табиғаттың өлгеннен кейінгі қозғалыс-қимылы аяныш туғызады. Денең тітір­кенеді, жаның шіміркенеді. Қаңбағы көшкен қоңыр белге келер көктемде дүркіреп көк құрақ, қалың баялыш өсер. Әрине, дөң асып, ес-ақылы шыға айдалаға қашып бара жатқан қаңбақ бейнесі адам өмірінің де өтпелілігін еске салады. Адам жыл сайын өсетін өсімдік емес. Ертең тозар шағыңа жеткенде, кеудесі қуыс, нәрі таусылған, қуарған қу қаңбаққа ұқсамай, артыңа қалдырар ісің, өмірді жаңғыртар ұрпағың болсын деген ойға келесің. Әдетте, қаламгердің парызы – жазу, одан қандай ой түю, өнеге алу – оқырманның өз құзырында.

Осы өлең – Әділғазы Қайырбековтің өмір шындығын нәзік сырлы жеткізетін, қоңыр мұңның жүйрік жыршысы екенін дәлелдей түседі Бұл өлеңде жалған дүние, өткінші өмір философиясы бар.

Әділғазы Қайырбековтің өлең жазу­дағы мұраты оның «Жыр жазбаймын» өлеңінен де айқын аңғарылады.

Біреуге, бәлкім, құнсыз ғазалдаймын,

Бәрібір мұңсыз өлең жаза алмаймын.

Өмірдің өзек жарған мұңды әуені,

Мұңды әуенді ғасырлар тыңдап еді

Жырлады талай ақын жырлар енді, –

дейді сыршыл ақын өз шығар­ма­ла­ры­­ның өзегінде тұнып тұратын мұң туралы. Мұндағы «Мұңды әуенді ғасырлар тың­дап еді» деген жалғыз жолдың өзі мың батпан жүк көтеріп тұр. Сан ға­сыр­дан бергі тірлік үшін жанталасқан, ұр­пақ өрбітіп, өмірдің мәнін іздеген ха­­лық­тың гөй-гөйі, уілдеген қоңыр мұңы елес­тейді, естіледі. Ол мұңды кеше де, бүгін де, ертең де жырлай бермек ақын­ның өз мұңы да домбыраның қос іше­гіндей күмбірлей бермекші. «Мейлі, қа­лай десеңдер де, мұңсыз өлең жаза ал­маймын» деуі содан. Дана Шәкәрім айт­­қандай, «Өмір-бақи күлмектік – жын­дының ісі».

Әділғазы Қайыр­беков бір толғауында күнде той тойлап, есі-дерті ақша санау, жем­қорлықпен баю боп және соны «біреудің ішін күйдірмекке» жасайтын ақылсыздыққа жапырлай бас қойған жұрттың қарасына қа­рап: «Өмір сүріп жүр­міз бе?» деген саналы сауал тастайды. Ақынның басты мұраты да сол: адасқан, шалыс басқан жан болса, көзін ашып, көкірегіне сәуле түсіру, қоғамның есігін ашып, ес жиғызу. Бұл – ұққан адамға жібектей есілген қоңыр мұңның қоңыр әуенін жүрекке жеткізудің амалы.

Бақытжан РАЙЫС,

ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Өскемен