Түркістан облысында тіршілік нәрі кесте бойынша каналдарға кезекпен беріледі.
Егер шаруа суды өз бетінше алып, дақыл ауыстырған жағдайда айыппұл арқалайды. Алғашқы қатаң сөгістер жергілікті «Қазсушар» мекемесі басшыларына берілді. Олар суаруға бекітілген 4 мың гектар күріштің орнына 13 мың гектарға келісім-шарт жасаған.
Биылғы жаз оңтүстік диқандар үшін оңайға соқпады. Егістіктер нақты кесте бойынша суарылады. Шаруаларға су ресурсы жеткіліксіз.
Әлібек Плалов, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Ағымдағы жылы Түркістан облысында 890 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Түркістан облысында жалпы 552 мың гектар суармалы жер бар. Бізде қазіргі таңда жыл өткен сайын ағын су мәселесі өзекті мәселеге айналып келіп отыр. Биылғы жылы былтырғы жылмен салыстырғанның өзінде ағымдағы жылы су тапшылығы қатты байқалып отыр.
Ескертулерге қарамастан диқандардың дені суды көп тұтынатын дақыл – күрішті таңдаған. Жоспар бойынша 4 мың гектарға ғана егілуі тиіс еді. Ал іс жүзінде 13 мың гектар боп шықты
Тұрышбек Елшібаев, Жетісай ауданы әкімінің кеңесшісі:
- Аудан әкімшілігі ескерту берген болатын. Екпеңіздер, биыл су тапшы болады деп. Өздеріңізге белгілі Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан келісім-шартқа тұрды. Әр айда, шілде айында әр декадаға бөліп қойды. 80-85 кубтан, 70 кубтан. Сол су келіп жатыр. Бірақ, өкінішке орай, мынау күріш еккен диқандарымыздың зияны тиіп отыр.
Жоспардан тыс күріш алқаптарын суару үшін мыңнан аса келісім-шарт жасаған «Қазсушар» филиалының басшылары қатаң сөгіс алды. Жағдайға су ресурстары және ирригация министрі араласты.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Президент айтып жатыр ғой заң және тәртіп қағидасы болу керек деп. Міне заң ол біздің су кодексі. Тәртіп келісім-шартқа отырдын ба, шаруа қожалығына суды жеткізіп бер. Тәртіп болу керек.
Су тапшылығын азайту үшін өңірде жаппай су үнемдейтін технологиялар енгізіліп жатыр. Мемлекет олардың шығынын 80%-ке дейін өтейді. Биыл заманауи суару әдістері 46 мың гектарда қолданылады. Бірақ атқарылатын жұмыс көп.
Көпжан Сәдібек, «Арал-Сырдария» РММ бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары:
- Су үнемдеу технологиясының тиімділігі суды 2 – 2,5 есеге дейін үнемдеп, өнімділікті 2,5-3 есеге дейін арттыратын болады. Сондықтан мына біз жыл сайынғы ағым су тапшылығын шешу үшін кезең-кезеңмен мынау су үнемдеу технологиясына өтуіміз керек. Себебі жыл өткен сайын ағын су тапшылығы артып жатыр.
Мамандардың айтуынша, биыл өзендер әдеттегіден ерте тартылып қалған. Қыста қар аз болса, көктемде құрғақшылық белең алды. Сол себепті Түркістан облысында жаңа су қоймалары салына бастады. Олар 100 миллион текше метрге дейін су жинай алады.
Екатерина Попкова, Самат Нағашыбекұлы